«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Орталықтан ойысқан, шетке қарай шығысқан

немесе ХҚО-ның "жаңа қонысы" халыққа қолайлы ма?

0 152

Газетіміздің редакциясы Достық көшесіндегі «Нұрсая-2» тұрғын үй кешенінде бірнеше мемлекеттік мекемемен қоңсы отырамыз. Есігіміздің алдында мекемелердің маңдайша жазуын таппай, адасып жүрген жандарға «жөн сілтеп» үйреніп қалғанбыз. Бірақ соңғы 1-2 аптада осы маңайдағы Халыққа қызмет көрсету орталығының «орнын сипап қалған» жұрт жиілеп кетті. «Қарағым, немеремнің атына туу туралы куәлік алуға өтініш берейін деп едім» деп келді біреуі, «Көшіп келгенімді растап, «пропискіге» тұрайын десем, әлгі ЦОН-ы қайда кетіп қалған?» деп аңтарылды екіншісі… Бәрінің іздеп жүргені біреу. «Санкт-Петербург» бизнес орталығындағы ХҚО екен. Сұрастыра келсек, аталмыш №1 Есіл аудандық бөлімше 1 наурыздан жаңа мекен жайға – Мәңгілік ел даңғылы, 30-үйге («Астана банкі» ғимараты) көшіп кетіпті. Жұртты әбігерге салған жаңа қоныс қай жағынан қолайлы болды? Бізді мазалаған сұрақ осы еді.

Қашанда өзгеріс атаулыға тосырқай қарайтын қараша халықтың әдеті емес пе. Десек те, олардың наразы болатын жөні бар. Өйткені біз сөз еткелі отыр­ған ХҚО Астананың нақ іскерлік-әкімшілік орталығында еді. Министрліктер үйі, Тұрғынүйқұрылыс жинақ банкі, қалалық деңгейдегі бірнеше мекемелер тиіп тұр. Мысалы, біз отырған «Нұрсая -2» тұрғын үй кешенінде Жұмыспен қамту, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы, Инвестиция және даму басқармасы, Әлеуметтік төлемдердің ведомствоаралық есептесу орталығының Есіл, Алматы аудандық бөлімшелері, таяуда ғана көшіп келген Сәулет және қала құрылысын қадағалау басқармасы бар. Бұл тараптағы мекемелердің біріне шаруасымен шыққан қала тұрғыны жол-жөнекей ХҚО-дан құжаттарын ресімдеп кете беруіне өте қолайлы еді. Рас, «Нұрсая» кешенінде тағы да бір шағын ХҚО бар. Бірақ ол жерде небары оншақты оператор қызмет етеді. Күту залы қуықтай, шауып шыққанда 50-60 шаршы метр. Оның үстіне, сұрап білгеніміздей, Азаматтық хал актілерін жазу (АХАЖ), көші-қон саласына тиісті қызметтерді көрсете алмайды. Яғни дәл осы қызмет үшін азаматтар табанынан тозып, басқа бөлімшелерге баруға мәжбүр. Есіл ауданына қарасты ең жақын бөлімше Сауран көшесі, 7-үйде. Қала бойынша түнгі 12-ге дейін істейтін жалғыз ХҚО болғандықтан, қашан барсаң да халық аузы-мұрнынан шығып жатады. Ал орталықтағы оңтайлы жерден шеткері ауданға қоныс аударған №1 бөлімшеге жұрттың үйренісе алмай, ашық күнде адасып жүргені анау. Айтқандай, халық қалың қоныстана қоймаған қиыр шетке апарып ХҚО ашудың жалғыз мысалы бұл емес. Мысалы, Сарыарқа ауданына қарас­ты №7 бөлімше шартты атауы С409,13 мекен-жайында орналасқан. Тіпті көшесінің атауы жоқ. Осы орайда, жапондардың жақсы үрдісі еске түседі. Олар табан жол саларда әуелі жаяу жүргіншілердің қай жерде жиі соқпақ қылатынын бажайлап алады. Ал бұл жерде бәрі керісінше секілді….

Ресми тарап не дейді?

Дегенмен, бізге ресми түрде жауап берген «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Астана бөлімшесі директорының орынбасары Аманжол Ерікұлының бұл жөнінде өз уәжі бар. Оның айтуынша, «Санкт-Петербург» бизнес орталығы екі үлкен жолдың қиылысында орналасқанына қарамастан, көлік ошаратын орын тапшы. Сонымен қатар, кіреберіс басқыштары биік, мүмкіндігі шектеулі жандарға толыққанды қолайлы жағдай жасалмаған.
– Есіл аудандық №1 бөлімше тым шеткері орналасты дегенмен келіспеймін. Көп болса, бұрынғы жерден 2-3 квартал әріде жатқан шығар. Ашылғанына бір ай ғана өтті. Халықтың қапелімде үйренісе алмауы заңды. Дейтұрғанмен, көрсеткіш жаман емес. Мысалы, наурыз айында бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан Есіл аудандық №2 бөлімше (Сауран к-сі, 7 үй) қыз­метін 17 мың адам пайдаланса, Мәңгілік ел даңғылындағы жаңа бөлімшеге 13 мың адам келіп кеткен, – дейді Аманжол Ерікұлы, – Ал Сарырарқа ауданындағы аты жоқ көшеде орналасқан №7 бөлімшеге келсек, ол жер – нағыз халықтың тығыз қоныстанған жері. Мемлекеттің бағдарламамен салынған самсаған «сары үйлер» сол маңайда. Наурыз айында ол жердің қызметін 23 мыңдай адам пайдаланған.

Су жаңа бөлімшеде кісі аяғы саябыр

Сықаған стастистика мен ресми жауапқа қарасақ, жағдай біз ойлағандай мүшкіл емес екен. Сонда да «Астана банкіндегі» жаңа ХҚО-ға арнайы барып, мән-жайды өз көзімізбен көрдік. Жасыратын несі бар, бөлімше басшысы Нұрлыбек Бектұрсынов сол күні министрді күтіп, дегбір таппай жүр екен. Астанадағы үлгілі ХҚО-ның іші-сырты, шынында, көрімдік берердей-ақ жұтынып тұр. Екі қабатта бес түрлі қызмет көрсету алаңы бар. Сонымен қатар, адамдар мемлекет қызмет түрлерін өз бетінше алу үшін жағалай су жаңа ноутбуктер орнатылған. Халық ол жерден электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) алып, Электронды үкімет (www.egov.kz), Электронды лицензиялау (www.elicence.kz), Мемлекеттік сатып алу (www.goszakup.gov.kz) порталдарын пайдалануды үйрене алады. Алайда, көзге көрінер кемшіліктері де жоқ емес. 2-қабатындағы күту залында 2-3 адам ғана болды. Есесіне, бірінші қабатта халық көп, бірақ оншақты орындық қана бар. Ал, кіреберісте пандус болғанмен, ғимараттың екінші қабатына мүмкіндігі шектеулі жандардың көтерілуіне жағдай жасалмаған. Бұл тұрғыда бөлімше басшысы Нұрлыбек Бектұрсынов:
–Екінші қабаттағы қызметтің барлық түрін бірінші қабаттан да алуға болады. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандарға жоғарыға көтерілудің еш қажеттілігі жоқ. Оның үстіне, айрықша санаттағы азаматтарға кезектен тыс, жеңілдікпен қызмет көрсетеміз, – деді. Ақыры келіп қалған соң, өзімізге қажетті анықтаманы ала қояйық дедік. 224-нөмірлі талонды қолымызға ұстап жетіп барғанымыз сол еді, 4-ші үстелдегі оператор «Жүйе істемей қалды. Күте тұрыңыздар» деді. Бірер минуттан кейін терминалға қайтадан кезекке тұрып, 20 минут дегенде анықтамаға зорға қолымыз жетті. Қош, мұны техникалық ақау делік. Бұған бола қызметкерлерге кейісек, әбестік болар еді. Бірақ аяқасты туа қалған қолайсыздыққа бола еркек басымен шынашақтай қызбен тәжікелесіп, «қызметкердің мәдениеті туралы» қызылкеңірдік болғанды да сол жерде көзіміз көрді.

Жалақысы мардымсыз, мәртебесі белгісіз

ХҚО қызметкерлерінің жалақысы мардымсыз екенін бұрыннан білуші едік. Өздерінен сұрағанда айтқысы келмей, күмілжіп қалды. Ал Аманжол Ерікұлынан өздерінің тіпті «мемлекеттік қызметкер» санатына да жатпайтынын білдік. Өйткені «Азаматтарға арналған үкіметтің» заңдық статусы – коммерциялық акционерлік қоғам, яғни квазимемлекеттік секторға жатады. Қатардағы мемлекеттік қызметкерлерге тиесілі әлеуметтік жеңілдіктер мен қолдаулар бұларға бұйыра бермейді. Сондықтан, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқармасы биылғы наурыз айынан қызметкерлердің жұмыс нәтижесіне қарай ай сайынғы үстемеақы төлеуге шешім қабылдапты. Яғни, әр қызметкердің жұмыс өтілі, мобильді базаға тіркелген қызмет алушылардың саны, дұрыс өңделмеген қызмет түрлері түгел есепке алынып, арнайы комиссияның шешімімен ынталандырып отырады. Еңбекті бағалаудың әділ тетігі саналатын «дифференциалды төлем жүйесі» дұрыс жүзеге асса, қаладағы қай бөлімшенің қызметкерлері халыққа сыпайы сөйлеп, сапалы қызмет көрсететінін де білуге болар.

     P.S:   Осы орайда, мақаламыздың мақсаты – ХҚО-ларды бас-көзге қарамай сынай беру емес екенін еске саламыз. Өйткені тәуелсіз Қазақстан тарихында жүзеге асқан ең сәтті жобаның бірі де бірегей осы ХҚО мен оның сандық технология заманындағы онлайн баламасы – Электронды үкімет. Соңғы үш жылдық дерекке сүйенсек, Астана қаласы бойынша 2015 жылы – 212950, 2016 жылы – 282249, 2017 жылы 354964 жанға, яки қала халқының 40%-ға жуығына Электронды цифрлы қолтаңба беріліпті. Өкінішке қарай, тиісті мекеме өкілдері мұның қаншасы «белсенді қолданушы» екенін біліп бере алмады. Ебін білген адамға ЭЦҚ-дан қолайлысы жоқ. «Флешкаға» немесе чипі бар куәлікке орнатып аласыз да, интернеті бар кез келген жерден пайдалана бересіз. Оның сыртында қазір халық жиі қолданатын 20-ға жуық қызметті телефоннан смс жіберу арқылы алуға болады.

Әділбек ЖАПАҚ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды