«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Өрт сөндіру қызметі тосын апатқа дайын ба?

0 28

Сәуір айы басталысымен әлем елдерінде тілсіз жау апаты жиілеп барады. Алғашында Оңтүстік Корея мемлекетінде 500 гектар орман қызыл жалынға оранғаны туралы суыт хабар шықса, бірер күн бұрын тарихы сонау 1163 жылдан өрбитін Париж қаласындағы Нотр-Дам шіркеуі аяқастынан өртенгені туралы ақпарат тарады. Осындай түрлі оқиғалар біздегі жағдай туралы еріксіз ой салатыны белгілі. Бетін аулақ қылсын, егер зәулім ғимараттардың жоғары жағы отқа оранған жағдайда біздегі өрт сөндіру мекемелері қаншалықты дайын? Осыны білмек үшін №16 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінің жұмысымен таныстық.

Кіреберістен бізді қарауыл бастығы, лейтенант Марғұлан Түсіпбеков қарсы алып, бөлімшенің жұмысымен толығымен таныстырды. Өрт сөндірушілер бірнеше топқа бөлініп, әрқайсысы 24 сағат уақытын сол жерде өткізеді екен. Жатын орны да, ас бөлмесі де, тіпті жаттығу залы да ғимарат ішіне орналастырылыпты. Сарбаздар білімін жетілдіру үшін күнделікті дәрістер өтіп, арнайы конспект те жазады екен. Ал мекеме аумағында орналасқан жаттығу алаңдарында мұның бәрі іс жүзінде көрсетіледі. Онда жасанды түтін жіберіліп, ғимараттың іші-сыртында сауатты қимылдау әдістері үйретіледі.
Ғимарат ішінде бізді қызықтыр­ғаны өрт сөндіру машиналарына тікелей сырғып түсетін темірлер орнатылыпты. Арнайы жаттығудан өтпесе жылдам түсемін деп жазым болуы әбден мүмкін. Бейне бір әскери бөлімге еніп кеткендей күйге қалдырды.

Көліктің 88 метр сатысы бар

Осыдан кейін жұмысымызды өрт сөндіру көліктері орналасқан астыңғы қабатқа қарай жалғадық. Мұнда 4 өрт сөндіру көлігі мен екі трактор орналасыпты. Апат ауқымды болған шақта қосымша машиналар тартылады екен. Ал ішінде сатысы 88 метрге дейін жететін көлік бар. Біздегі жоғарғы қабаттағы апаттарға міне, осы машина аттандырылады. Ал оның шамасы жетпеген жағдайда өрт сөндіргіш тікұшақтар жұмылдырылады. Алайда кез келген ғимараттың ішінде, тіпті құрылысы бітпеген орындарда отқа қарсы техникалар орнатылғандықтан, тікұшақтың көмегіне жүгіне бермейді екен. Осыған қарап-ақ біздегі өрт сөндірушілер зәулім үйлердегі отты сөндіріп, адам өмірін аман алып қалуға толық дайын екен деген ойға келдік.
Мұнда назарымызды ерекше аударған – көпфункциялы АЦ-2,5-50 көлігі. Ішіне 5 тонна су сияр болса, секундына 50 литрін шашады. Шақыртулардың көбіне осы көлік аттандырылады екен. Өзгелерімен салыстырғанда атқарар қызметі де көп. Оның үстіне алыс-жақын қашықтықта тұрып, тілсіз жауды сөндіргенге де ыңғайлы.
Лейтенант сөз арасында елордадағы өрт сөндіру бөлімшелерде бүкіл суын жеті минутта шашып болатын көліктер барын айтып, салдарынан қосымша көмек шақыр­тылатынын қозғап өтті. Міне, апат кезіндегі «су жетпей қалды» деген тұрғындардың шағымы осыдан шығатын көрінеді. Бас қаламызда жалпы саны 17 өрт сөндіру бөлімшесі болса, онда 1500-ден аса қызметкер бар. Ал оның 11-і – күнделікті қала өміріне жауапты. Бұл бөлімшелерде 129 техника болса, оның 59-ы – негізгі, 23-і – арнаулы, 47-сі қосалқы болып есептеледі.

Жаттығуда толас жоқ

Өрт сөндіру көліктерін зерттеп жүргенімізде дабылдың дауысы шыққаны сол еді, кенеттен жан-жағымызда жүрген қызметкердің бәрі апыл-ғұпыл киімдерін кие жөнелді. Ал жоғарғы қабаттағы сарбаздар арнайы орыннан сырғып түсіп, көз ілеспес жылдамдықпен «бес қаруын» асынған күйде көліктеріне қарғып мінді. Сырттай бақылап отырып, жауынгерлердің 1 минутқа жетер-жетпес уақытта дайын болғанына куә болдық. Осы уақыт аралығында жарауда тұрған көліктер сыртқа шығып, басшылықтың бұйрығын күтіп тұрды. Суыт хабар түскен соң бірге баруға ұмтылған едік, мұның тек күнделікті жаттығу екенін білдік. Бұл жігіттердің босаңсып кетпеуі үшін керек. Сол себепті «шұғыл қоңырау» күніне бір-екі мәрте өткізіліп отырады екен.

 

Өрт орнына қанша уақытта жетеді?

Былтыр Денсаулық сақтау минис­трлігі жедел жәрдем қызметкерлерінің жету уақытын науқастың жағдайына байланысты төрт деңгейге бөліп, ақхалаттылар 10, 15, 30, 60 минут аралығында көмек көрсетіп үлгеруі тиіс екенін хабарлаған. Ал өрт сөндірушілерге мұндай уақыт берілмейді. Дер кезінде жетіп, ауыздықтамаса, соңы жақсылыққа апармайды.
Қарауыл бастығы әңгімесінің арасында оқиға орнына жеткеннен кейін ауладағы көліктердің ретсіз орналасқаны үлкен кедергі келтіретінін айтып өтті. Сол себепті «101» қызметінің диспетчерлік бөлімі жедел жәрдеммен, полицей қызметкерлерімен, қажет жағдайда эвакуациялық көлік иелерімен тығыз байланыста отырады екен. Иә, бұл қала тұрғындары үшін ойланарлық жайт! Өз көлігін орынсыз тұсқа қоярда өзгелеріне кедергі келтіретінін, тіпті адам өміріне тікелей қауіп төндіретінін есте ұстаған жөн.

Өрт сөндіруші – тәуекел етуші

Жер бетінде ең қауіпті саналатын мынадай төрт мамандық бар: ғарышкер, альпинист, сүңгуір және өрт сөндірушілер. Күніне бірнеше рет ажалмен бетпе-бет келіп, адам өмірін аман алып қалу үшін өлшеу­сіз көмек көрсетеді. Дегенмен қауіпті аумақтарда жұмыс істегеніне қарамастан өрт сөндірушілердің еңбегі өз деңгейінде бағаланбай жататыны жасырын емес. Ал жеке пәтер тұрмақ жатақханадан орын алу үшін де белгілі бір мерзімдегі жұмыс өтілі ескеріледі.
Сөз соңында айтарымыз, Ішкі істер министрлігі полицейлердің жалақысын 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап 55 пайызға арттыратыны туралы хабарлаған. Ал баспаналы болуы үшін бірер ай бұрын 1 млн теңгенің тұрғын үй жарнасы да табыс етілді. Бұл – қуантарлық бастама. Алайда Ерлан Тұрғымбаев басшылық ететін министрлік енді өрт сөндірушілердің де жағдайын назарға алып, орташа деңгейден жоғарылау жалақымен, тұрақты баспанамен қамтамасыз ету жайын талқылағаны жөн…

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды