«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Өркендеу өзегі – сындарлы диалог

0 118

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог –Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деген тақырыпта Қазақстан халқына Жолдау арнады.

– Біз еліміздің жаңа тарихындағы маңызды белеске жақындап келеміз.
Отыз жылға жуық уақыт бұрын халқымыз өзінің тәуелсіздігін жариялап, бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманын орындады.
Осы уақыт ішінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен еліміз әлемдегі беделді әрі орнықты мемлекетке айналды.
Баянды бірлігіміздің арқасында тә­уелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың жағдайын жақсартуға жол аштық.
Бұл жасампаздық пен ілгерілеу, бейбітшілік пен келісім кезеңі болды.
Еліміздің даму жолын бүкіл әлем мо­йындап, қазақстандық, яғни Назарбаев моделі деп атады.
Қазір бізге тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді дамудың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр.
Біз бұған Елбасы саясатының сабақ­тас­тығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз.
Өздеріңізге белгілі, осының бәрі менің сайлау алдындағы бағдарламамның негізі болды.
Қазір мемлекеттік органдар оны жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстар жүргізуде.
Мен халыққа берген уәделерімді міндетті түрде орындаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Қ.Тоқаев мұнан әрі өзінің сайлауалды бағдарламасында қамтылған ортақ міндеттерді іске асыру бағыттарына тоқталды.

ЗАМАНАУИ ТИІМДІ МЕМЛЕКЕТ

Саяси трансформациялау жөніндегі менің уәдем біздің мемлекет пен халықтың мүддесіне қарай біртіндеп және тыңғылықты жүзеге асырылатын болады. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беруші Үкімет». Бұл әлі орындала қоймаған, бірақ біз жедел жетуге тиіс мақсатымыз. Саяси жүйенің бұл формуласы мемлекет тұрақтылығының негізі болады. Сондықтан азаматтық қоғамды нығайтуға және қолдауға күш салуымыз керек. Бұл жалпымемлекеттік ең өзекті деген мәселелерді талқылау үшін әрі олардың шешімін табу үшін қажет. Ротациялық қағидамен жұмыс жүргізетін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылу мақсаты да осыны көздейді.
Мемлекет басшысы ретінде еліміздегі көппартиялық жү­йені, саяси бәсекелестікті және пікір қайшылығын дамытуға әрекет етуді де мақсатым деп есептеймін. Бұл еліміздегі сая­си жүйенің ұзақ жылдарға тұрақтылығын қамтамасыз етуге керек. Алдағы уақытта болатын Парламент Мәжілісі мен мәслихатқа сайлау науқаны еліміздегі көппартиялық жүйені әрі қарай дамытуға ықпал етуі керек.
Екіншіден, халықпен кері байланыстың тиімділігін арттыру керек. Бұл ретте мемлекеттік органдар жұмысының басымды бағыты халықтың мұң-мұқтажына жедел назар аударуға, ашық диалог орнатуға бағытталуы қажет.
Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс тиімділігін арттыру үшін олардың қатарына білімді де білікті жас мамандар тартылсын. 2020 жылдан бастап біз біртіндеп мемлекеттік қызметшілердің санын қысқартуды бастаймыз, ал осыған байланысты қысқартылған қаражат пайдалы деп саналған қызметкерді көтермелеуге жұмсалатын болады. 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілер мен ұлттық компаниялардың қызметкерлері 25 пайызға дейін қысқартылады.
Үшінші, митингтер туралы заңдылықты жетілдіру қажет. Конституцияға сәйкес біздің азаматтар өздерінің ой-пікірін еркін айтуға құқылы. Егер бейбіт шерулер заңдылықтарды және азаматтардың тыныштығын бұзбайтын болса, онда оның өткізілуіне кедергі жасамау керек, бекітілген заң талаптарына сәйкес рұқсат беріліп, арнайы орындар белгіленуі керек. Әрине, ол қаланың шетінен болмағаны жөн.
Ал конституцияға қайшы келетін кез келген іс-әрекеттер, бұзақылық акциялар заң шеңберінде шектелетін болады.

ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМДІ НЫҒАЙТУ

Әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі.
Осыған орай, саяси үрдістерді саралап, бірлігімізді нығайта түсу үшін нақты шаралар қабылдау керек.
Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыра беруіміз қажет.
Біздің ұстанымымыз: Ел бірлігі – оның әралуандығында!
Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз.
Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін.
Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек.
Сондай-ақ, тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн.
Белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттыру қажет деп санаймын.
Сондықтан жақын арада Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп, қабылдауымыз керек.
Келер жылы аталып өтетін ма­ңызды мерейтойлар мен елеулі оқиғаларға дайындық жұмыстары басталды.
Ендігі жылы бәріміз әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтеміз.
Мерейтой барысында ысырап­шылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеуіміз керек.
Сондай-ақ, ең маңызды мерекеге – тәуелсіздіктің отыз жылдығына байланысты тиісті іс-шараларды іске асыруымыз қажет.
Ел өміріндегі осындай елеулі оқиғалар жас ұрпақты нағыз отаншылдыққа тәрбиелеуге жол ашады деп сенемін.

ЕЛ АЗАМАТТАРЫНЫҢ ҚҰҚЫҒЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

Азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қорғауды күшейтудің негізгі кілті сот және құқық қорғау жүйесін терең реформалауда жатыр. Сот шешімдерінің сапасын жақсарту бойынша бірқатар маңызды шараларды жүзеге асыру қажет.

ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫҒАН ЖӘНЕ ИНКЛЮЗИВТІ ЭКОНОМИКА

Қазақстан экономикасы жаһандық сипаттағы қиындықтарға қарамастан алға ілгерілеп келеді.
Жыл басынан бері оның өсімі орташа әлемдік көрсеткіштен жоғары болды.
Егер қажетті құрылымдық өзгерістерді жүзеге асырсақ, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізуге болады.
Экономиканың дамуына тың серпін беру үшін Үкімет пен Президент Әкімшілігі отандық және шетелдік сарапшылардың барлық жұмыстарын мұқият саралауы қажет.
Елбасы ұсынған 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясына және Ұлт Жоспарына сәйкес бірқатар құрылымдық міндеттерді іске асыруымыз керек.
Біріншіден, шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыру. Екінші, квазимемлекеттік сектордың қайтарымын көтеру. Үшіншіден, тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі.
Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 100 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлді.

Ұлттық қорды тиімді пайдалану мәселесі Ұлттық қор қаражатының ағым­дағы мәселелерді шешуге жұмсалуын қысқарту қажет.
Бұл – келешек ұрпақтың қаржысы. Ұлттық қордың трансферттері бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыруға бағытталған бағдарламаларды және жобаларды жүзеге асыру үшін ғана бөлінуі керек.
Кепілдендірілген трансферт көлемі екі мың жиырма екінші (2022) жылдан бастап бірте-бірте 2 триллион теңгеге дейін азаюы тиіс.
Қор қаржысын пайдаланудың анағұрлым тиімді инвестициялық саясатын жүргізген жөн.
Үкіметке Ұлттық Банкпен бірлесіп, жыл соңына дейін Ұлттық қордың қаржысына иелік етуді жетілдіру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын.
Еңбекақы төлеу деңгейін арттыру.
Кен өндіру саласындағы ірі кәсіпорындардың табысы артқанмен азаматтарымыздың жалақысы айтарлықтай өспегенін көріп отырмыз.
Халықтың әлеуметтік жағдайы туралы айтылып отырғандықтан, Үкімет бұл мәселеге қатысты табандылық танытуы керек.
Үкіметке еңбекақы төлеу қорын арттыру үшін жұмыс берушілерді ынталандыру мәселесін пысық­тауды тапсырамын.

ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҢҒЫРтУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

Еліміздің бюджеті екі негізгі мақсатқа бағытталуы тиіс – экономиканы дамыту және әлеуметтік мәселелерді шешу.
Әлеуметтік салада мынадай бағыттарға баса мән беру керек.
Бірінші. Білім беру сапасын жақсарту.
Біздің елімізде еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесі әлі күнге дейін әзірленген жоқ.
Шын мәнінде, мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалған.
Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады.
Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде.
Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет.
Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс.
Экономикамызда техника саласының мамандарына сұраныс өте жоғары, бірақ мүмкіндіктер аз. Кәсіпорындар тиісті мамандарды шетелден шақыруға мәжбүр. Осындай келеңсіз жағдайды жедел түзетуіміз керек.
Қала мен ауыл мектептері арасындағы орта білімнің сапасы алшақтап барады.
Негізгі мәселе – ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы.
Сондықтан «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруымыз қажет. Үкіметке келесі жылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 млрд теңгеге жеткізуді тапсырамын.
Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керек.
Аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырамын.
Үкімет пен әкімдер осындай балалардың үйірмелер мен орталықтарға, жазғы лагерьлерге баруы үшін мүмкіндік жасауы керек.
Енді жоғары білімнің сапасына жеке тоқталғым келеді.
Өз түлектерін жұмыспен қамту жағынан еліміздегі жоғары оқу орындарының жартысы ғана 60 пайыздық деңгейге қол жеткізіп отыр.
Сондықтан олардың санын қысқарту мәселесін қарау керек.
Терең білім берудің орнына диплом сатумен айналысқан университеттеріміз бар екені де жасырын емес.
Бірінші кезекте соларға ты­йым салу арқылы біз оқу орындарындағы білім беру сапасын арттыруға күш саламыз.
Білім саласына қатысты тағы бір мәселе – қаржыландырудың біркелкі болмауы және өңірлік басқарудың қазіргі жүйесінің тиімсіздігі.
Білім бөлімдерін басқару және бюджет қаржысын әкім­шілендіру функцияларын аудандық деңгейден облыстық деңгейге беру керек.
Білім берудің барлық деңгейінде дербес қаржыландыру тәртібін енгізу қажет.
Тағы бір өзекті мәселе. Бұл – оқулық сапасының төмендігі.
Оқушыларды сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету – тиісті министрліктің тікелей міндеті.
Мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартпасақ, бұл шаралар жүзеге аса қоймайды.
Сондықтан мен Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыруды тапсырдым. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз.
Мәдениет қызметкерлерін қолдау.
Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отыр­мыз.
Бұл – ең алдымен, кітапхана, музей, театр қызметкерлеріне қатысты мәселе.
Олардың еңбекақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ.
Соның салдарынан мәде­ниет қызметкерлері, әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарламаларына қатыса алмайды.
Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде.
Келесі жылдан бастап Үкімет мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуі тиіс.
Сондай-ақ, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы міндетті әлеуметтік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керек.

Құрметті отандастар!

Біз елімізді реформалаудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Осы маңызды міндеттерді сапалы орындауымыз керек.
Еліміздің әрбір тұрғыны оң өзгерісті сезінуі тиіс.
Мен мемлекеттік органдардан жұмысты жедел атқарып, нақты нәтижеге қол жеткізуді талап етемін.
Реформаны тек реформа үшін жүргізуге жол берілмейді.
Әрбір министрде және әкімде нәтижелі жұмыстың негізгі көрсеткіштерінің тізімі болуы тиіс.
Сол арқылы олардың нақты мақсатқа қол жеткізу деңгейі анықталады.
Үкімет мүшелеріне, мемлекеттік органдар мен өңірлердің, мемлекеттік компаниялардың және мекемелердің басшыларына тиісті реформаның жүзеге асырылуы үшін дербес жауапкершілік жүктеледі.
Осыған байланысты, жақында тиісті Жарлыққа қол қойдым. Бұл Жарлықтың аясында елдегі ахуал, соның ішінде аймақтардағы халықтың жағдайы сауалнама негізінде нақты бағаланатын болады.
Үкіметтің әлеуметтік және экономикалық саясатқа жа­уапты құрылымдары қоғамның қажеттіліктеріне сәйкес алдын ала нақты жұмыс жүргізуі қажет. Бұл үшін бақылау, талдау және болжау жүйесін неғұрлым күшейту керек.
Сондықтан депутаттарымыздың өтінішіне орай Парламент жанынан Заңнаманы зерделеу және сараптау институтын құру жөнінде тапсырма беремін.
Аталған құрылым заңдарымыздың сапасын арттыруға ықпал етуі тиіс.

Қадірлі қазақстандықтар!

Халқымызды толғандыратын барлық мәселелер бізге белгілі.
Осыған орай, ахуалды жақсарту үшін іс-қимыл жоспары әзірленіп жатыр.
Бізге зор жауапкершілік жүктеліп отыр.
Мен ел тағдырына жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артамын.
Қазақстан – ортақ шаңырағымыз!
Мен бәріңізді мерейлі мекенімізді өркендетуге үлес қосуға шақырамын!
Сындарлы қоғамдық диалог – татулық пен тұрақтылық негізі.
Ұлы Абай өзінің алтыншы қара сөзінде «Бірлік – ақылға бірлік» дегенін білесіздер.
Елбасымыздың «Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген қанатты сөзі – біздің айнымас қағидамыз.
Береке мен бірлік, ақыл мен парасат халқымызды үнемі алға бастап келеді.
Бағытымыз – айқын, жолымыз – ашық.
Бәріміз бірге болсақ, еліміз бұдан да зор жетістікке жетеді деп сенемін!
Баршаңызға амандық, табыс тілеймін, деп түйіндеді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

(Жолдаудың ықшамдалған нұсқасы беріліп отыр. Толық мәтінін Elorda Aqparat сайтынан  оқи аласыздар)

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды