«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан!

0 350

Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығында өткен жиында елорда имамдары Рамазан айының қадір-қасиеті, пітір садақа мөлшері, Ораза айт намазы мен басқа да атқарылатын іс-шаралар туралы кеңінен мәлімдеді.

31

Ізгілікке шақырған үндеу
Рамазан оразасын ұстаған адам осы күнге дейінгі бүкіл күнәларынан тазарады делінген хадисте. Өйткені бұл айда адамзаттың хас жауы – шайтан кісенделіп, бізге жақсылыққа өзгеруге, ағайын-туыстың жүрегіне ізгіліктің дәнін егуге зор мүмкіндік туады. Қасиетті Рамазан айы қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы халыққа үндеу жариялады. Ол ең алдымен Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы табиғи тасқыннан зардап шеккен отандастарымыз­ға қолдау білдіріп, жомарт жандарды қайырымдылық көрсетуге шақырды.

«Асыл дініміз исламда «садақа жария» деген ұғым бар. Қоғамның, халықтың игілігі үшін жасалған сауапты істерді, атап айт­қанда, мешіт-медресе, аурухана, балабақша, спорт кешендерін тұрғызу, көпір салу, ауызсуы жоқ ауылдарға су тартып, құдық қазу секілді игі істерді айтамыз. Міне, бұл ізгі іс-шаралар халықтың игілігі үшін жасалған сауапты амалдар болып табылады. Рамазан – қайырымды жандар үшін мол мүмкіндіктер маусымы. Меценаттар мен кәсіпкер азаматтарды жалпы жұртшылыққа қажетті нысандар тұрғызу жұмыстарына жанашырлық танытуға шақырамын» делінген үндеуде. Сонымен қатар қоғамдағы кісі ақысын жеу, баланы аяусыз ұру, нәрестені далаға тас­тау, өз-өзіне қол жұмсау, ажырасу секілді адамгершілікке жат әрекеттермен бірігіп күресу қажеттігін алға тартады.

Пітір садақа – 300 теңге
Астана қаласының бас имамы Наурызбай Тағанұлының айтуынша, Рамазанның күнінде де, түнінде де Аллаға алақан жайған адамның ешбір тілегі қайтарылмайды. Тіпті, құны 83 жылға тең келетін адамның бір жылдық несібесі, Қадір түні де осы айдың ішінде жасырылған.

«Шариғат жағынан айтар болсақ, Ораза айында адам тек ішіп-жеуден ғана емес, барлық нәрседен тыйылады. Астана қаласы бойынша ең ұзақ Ораза – маусымның 24-і. Яғни, ең соңғы Ораза күнінің ұзақтығы – 18 сағат, 37 минут. Халқымыз 25, 26, 27 маусым күндері Ораза айт мерекесін атап өтеді. Ал Ораза айт намазы 25 маусым күні таңғы сағат 7:00-де елорданың сегіз мешітінде оқылады» дейді «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай Өтпенов. Сонымен, биыл берілетін пітір садақа мөлшері Қазақстан бойынша жан басына шаққанда 300 теңгені құрады. Яғни, оның мөлшері бидайдың бағасымен алынған. Имамдардың пікірінше, садақаны шариғатымызға сай басқа да өнімдерден, атап айтқанда, құрма, мейіз, арпадан да беруге болады.

«Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы қасиетті Рамазан айы қарсаңында халыққа жолдаған үндеуінде отандастарымызды ізгілік жолына шақырды. Еліміздің жомарт әрі кәсіпкер азаматтарын мұқтаж адамдарға қамқорлық көрсетуге, апат салдарынан зардап шеккен елді мекендерге көмек көрсетуге үндеді. Табиғат апатынан зардап шеккен ауылдардың жолын, үйлерін жөндеп берсе, сансыз сауапқа бөленетіні белгілі» дейді Наурызбай қажы.

Тегін ауызашар беріледі
Рамазан айында қолға алынған игі істің бірі – қоғамдық көлік мәселесі. Елорданың басты мешіттерінде тарауих намазынан кейін халықты үйлеріне жеткізуге арналған тегін қоғамдық көлік қызметі ұйымдастырылмақ екен. «Биыл Ораза айы еліміз үшін айтулы «ЭКСПО-2017» көрмесімен сәйкес келіп отыр. Бұйырса, көптеген шетелдік қонақтар келеді. Біз де өз тарапымыздан мешіттерді дайындаудамыз» дейді «Нұр Астана» мешітінің бас имамы Наурызбай Өтпенов.
Рамазан айында барлық мешіттерде құптан уақытында тарауих намазы оқылады. Бір ай бойы жалғасатын кеште Құран Кәрім толық жатқа айтылады. Оны отандық және шетелдік қарилар жүргізетін болады. Тағы бір айта кетерлігі, қала мешіттерінде күнделікті бұқара халыққа талон тарату арқылы тегін ауызашар ұйымдастырылады. Астана мешіттерінде күн сайын 1600 адамға тегін ауызашар беріледі. Ал 22 маусым күні 10 мыңнан астам адамға сәресі беру көзделуде.

Жақсылық жасап жарысқан жөн
Жалпы, Рамазан айы – ішіп-жеуден ғана емес, адамды рухани өрлеуге, сабырлыққа, төзімге тәрбиелейтін қасиетті ай. Елорда имамдары бұл айда жасаған жақсылықтың сауабы еселенетінін айтады.

«Ел азаматтарын мұқтаж жандарға, жағдайы төмен отбасыларға жәрдем беруге шақырамыз. Осы айда берілген сауап еселенеді. Осы айда өтелген бір парыздың 70 парызға тең қасиеті бар. Барлық тілек қабыл болатын айда Алладан еліміз, халқымыз, жұртымыз үшін тілек тілейік. Көрме кезінде келетін қонақтарды барынша жоғары деңгейде қарсы алып, мәдениеттілігімізді, білімділігімізді, ең бастысы, мұсылмандығымыз­ды көрсетейік» дейді «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев.

«Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы Жұманазар Садырханов соңғы кездері ораза ұстаушылардың қатары көбейіп келе жатқанын алға тартты. Әсіресе, жастардың имандылыққа көптеп келуі, оларды әрмен қарай түзу жолға бағыттау үшін атқарылып жатқан жұмыстар жалғаса беретінін де айтты.

Гүлмира  АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды