«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Оқытушы мен оқулық жеткілікті ме?

Оқушы киімі қанша тұрады?

0 16

Мектеп формасын сатып аларда ата-аналар оның құрамының 75-85 пайызы табиғи материалдан екеніне көз жеткізуі керек. Бұл туралы қалалық Білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин журналистерге арнап өткізген брифингте мәлімдеді. Жиын барысында ол сондай-ақ мектептердегі орын жетіспеушілік, балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығы, оқу орындарының жабдықталуы секілді елордалық білім жү­йесіндегі кейбір мәселелерге тоқталды.

Мектеп формасы қандай болуы тиіс?

Аталған ведомство басшысының айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мектеп формасының түсі – қара көк. Бұл тұста барлық оқушының киімі біп-бірдей болуы талап етілмейді, бастысы – форма классикалық үлгіде тігілсе жеткілікті. Ұлдардың мектеп формасы пиджак, жилет, шалбар, мерекелік ақ жейде, күнделікті ақ жейде, қысқы мезгілде трикотаж жилет және ақ водолазкадан тұрса, қыздардың гардеробын пиджак, жилет, белдемше, шалбар, классикалық жейде, сарафан, қысқы уақытта трикотаж жилет және ақ водолазка құрайды. Ескере кетерлік тағы бір жайт, ұлдардың да, қыздардың да шалбары еркін тігілген әрі тобықты жауып тұруы шарт. Сондай-ақ белдемше тізеден 5 см-ден жоғары тұрмауы тиіс. Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды. Ал білім беру ұйымының ерекшелік белгілерін, мысалы, мектептің эмблемасын киімнің кеуде тұсына орналастыру керек. Формада денені жарақаттайтын фурнитура болмауы қажет.
Білім басқармасының басшысы ата-аналарға мектеп формасының материалына да көңіл бөлуге кеңес берді. Ереже бойынша мектеп формасының матасы ретінде жартылай жүн және мақтадан тігілген, киіске төзімді, антибактериалық, антимикробтық және антистатикалық қасиеттері бар маталар қолданылады. Олардың 75-85 пайызы мақта, жүн секілді табиғи материалдан, ал қалған 15-25 пайызы киімді мыжылуға төзімді ету мақсатында синтетикалық материалдан тұрғаны абзал.

Мектеп жәрмеңкесі үш рет ұйымдастырылады

Білім басқармасының басшысы мектеп формасының қайдан сатып алынатыны маңызды еместігін айтты.
– Форманы тіктіре ме, базардан немесе сауда орталығынан сатып ала ма – бұл ата-ананың өз еркі. Ең негізгісі, киім жоғарыда атап өтілген талаптарға сай болса болғаны, – деді ол.
Осы тұста Әнуар Жанғозин әр баланың бір реттік киім-кешегі үшін шамамен қанша теңге жұмсалатынын да мысалға келтірді. Оның ойынша, ұл балаларға да, қыз балаларға да мектеп формасының жиынтығын, яғни ақ жейде, шалбар не белдемше, жакет, пиджакты шамамен 20 мың теңгенің айналасында табуға болады. Ал аяқ киімге 6-7 мың, әрі кеткенде 10 мың теңге жұмсалады. Сонда бір оқушының бірінші қыркүйектегі киім-кешегіне кемінде 30 мыңдай теңге қажет.
Ата-аналардың әрі сапасы жағынан жақсы, әрі бағасы да қолжетімді мектеп формасын сатып алулары үшін елордада жаңа оқу жылы басталғанға дейін бірнеше рет мектеп жәрмеңкесі ұйым­дастырылмақ.
– 1 қыркүйекке дейін Нұр-Сұлтан қаласы бойынша үш рет демалыс күндері мектеп жәрмеңкесін өткізуді жоспарлап отырмыз. Олар базарларда, сауда үйлерінде немесе Оқушылар сарайының маңы сияқты халық көп жүретін қоғамдық орындарда өтеді. Қазіргі таңда Орталық базармен келісімшарт жасасып қойдық. Келісімшартқа отырған тарап мектеп формасын жеткізушілерге арнап тегін орын ұсынады, – деді Әнуар Жанғозин.

Үш мектеп пен бес жанама құрылыс пайдалануға беріледі

Білім басқармасы мектептердегі орын санына байланысты проблеманы да талдады. Ресми мәліметке сүйенсек, бүгінде елордада бес мектеп, атап айт­сақ, №5, 14, 24, 31 және 40 мектептерде шәкірттер үш ауысыммен оқып жатыр. Былтырғы оқу жылында 162 мың оқушы болса, биыл бұл көрсеткіш 180 мыңнан асқалы тұр. Демек 1-сыныпқа қабылданатын балалар саны нормадан көп деген сөз. Ал бұл әлгі орын тапшылығы мәселесін одан әрі ушықтыруы мүмкін. Соған сәйкес, тағы да екі мектеп (№27 және 32 мектептер) үш ауысымды жүйеге көшуі мүмкін.
Осы мәселені шешу мақсатында қалада бірнеше жаңа мектеп бой көтеруде және оқушысы шектен тыс көп мектептер жанына жанама құрылыс салынуда. Олардың кейбіреулері, мысалы, Иманов және Брусиловский көшелерінің қиылысындағы, 31-көше мен Есіл-Нұра каналының қиылысындағы және «Мичурин» тұрғын алабындағы үш мектеп осы қыркү­йекте пайдалануға беріледі. Бұлардан бөлек, №24, 40, 28, 64 және 47 мектептердің жанына салынған жанама құрылыс та биыл ашылады.

Оқулыққа 2 млрд теңге бөлінді

Жиында оқу процесі барысында балаларға қолайлы ахуалды қалыптастыру мәселесі де сөз болды. Бұл тұста бірінші кезекте оқулық проблемасы ойға оралады. Білім басқармасы басшысының айтуынша, биыл астаналық шәкірттерді оқулықпен қамтуға 2 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда оқулықты ұсынатын баспалармен арада барлық келісімшарт жасалған. Тамыздың 20-сына дейін оқулықтар түгелдей алдырылып, онымен оқушылардың 100 пайызы да қамтамасыз етіледі.
Оқулық мәселесімен қатар жүретін алаңдаушылықтардың бірі – балалар сөмке­сінің ауырлығы. Әсіресе, 1 және 2-сынып оқушылары үшін бірнеше оқулықты әрі-бері тасу оңай емес. Осы орайда Білім басқармасының басшысы астаналық мектептердің 60 пайызда­йында бастауыш сыныптар үшін арнайы жәшіктер қойылғанын тілге тиек етті. Оқулықтарын сонда сақтау арқылы балалар ауыр сөмке мәселесінен де құтылады.
Балалар қауіпсіздігін де ұмыт қалдыруға болмас. Жоғарыда аталған ведомство басшысының дерегі бойынша қазіргі күні астанадағы барлық мектептер түгелдей бейнекамерамен жабдықталған. Енді биылғы оқу жылында сол камералардың санын көбейту жоспарлануда. Әсіресе, оларды оқушылар көп жүретін тұстарға емес, керісінше, оңашалау орындарға және сынып ішіне қою көзделуде. Қауіпсіздік демекші, ХХІ ғасырда кішкентайларды тек физикалық қауіпсіздікпен қамтамасыз етіп қана қоймай, ақпараттық қауіпсіздікпен де қамтамасыз ету қажеттілігі бар. Бұл тұста Нұр-Сұлтандағы жиырма шақты мектепте қанатқақты жоба ретінде 1-сыныптан бастап цифр­лық сауаттылық пәні енгі­зілген. Бұдан бөлек, кейбір мектептер оқушылардың өз еркі бойынша «смартфонсыз сабақ» тәжірибесін байқап көруде.

Елорда мектептеріне 200-дей мұғалім қажет

Елорда мектептерінің түгелдей дерлігі оқушы басына шаққандағы қаржыландыру жүйесіне қосылғаны белгілі. Әнуар Жанғозиннің айтуынша, «Дарын», Білім және инновация лицейі сияқ­ты бес білім ошағынан басқа мектептердің барлығы осы жүйе бойынша қаржыландырылады. Оның бір артықшылығы, мектеп директорлары өздеріндегі оқушы санына байланысты оқу жылында мемлекет тарапынан қанша қаржы берілетінін алдын ала біліп, бюджетті де соған ыңғайластырып жоспарлау мүмкіндігіне ие болмақ. Аталған жүйеге сәйкес, астанадағы №60 мектеп ең көп оқушысы бар мектеп болғандықтан, ең көп қаржы алатын (шамамен 1 млрд теңге) ұйым болып есептеледі. Аталған қаржының арқасында бүгінде қала мектептері су ішетін фонтан, бастауыш сыныптарға арналған шкаф, интерактивті тақта, робот кабинеттері секілді зама­науи құрал-жабдықтарға қол жет­кізген. Сондай-ақ шаһар мек­тептері 2 мыңнан аса компьютермен қамтылған. Олардың белгілі бір бөлігі оқушылардың ғана емес, мұғалімдердің де жұмысына арналып сатып алынған.
Мұғалім демекші, Білім басқармасы басшысының айтуынша, қазіргі таңда елорда мектептеріне 200-дей мұғалім керек. Әсіресе, бастауыш сынып мұғалімдері мен тәрбиешілерге сұраныс жоғары. Бұл мәселені біржақты шешудің шарасы ретінде бүгінде өзге өңірлерден жас мамандар тарту үшін 300 орындық жатақхана салынуда. Ол биылғы қыркүйекте пайдалануға беріледі. Сондай-ақ жас мамандармен қоса, тәжірибелі ұстаздарды да елордаға шақыру мақсатында оларға тұрғын үй сертификаттарын беру қолға алынған. Осы уақытқа дейін Білім басқармасы сондай 275 сертификатты ұстаздардың қолына табыстады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды