«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Оқу гранттары үлестірілді

0 19

Астана қаласы әкімдігінің жанындағы комиссияның шешімі бойынша гранттар 47 түлекке берілді. Олардың арасында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, туғанынан жарымжан, көпбалалы отбасынан шыққан талапкерлер бар.

Гранттар қазіргі күнгі сұранысы жо­ғары – техникалық, педагогикалық, медициналық мамандықтарға берілді. Бір айта кетерлігі, биылғы оқу жылында ЖОО-ларда жаңа мамандық пайда болды, яғни 3D таңбасын жобалаушы, компьютерлік жүйенің талдаушысы және әзірлеушісі, web-дизайнер және ландшафт дизайнері.
– Осындай жетістікке жеткендеріңіз үшін қуаныштымыз. Біз үшін бәріңіз жеңімпаз болып есептелесіздер. Өздеріңіздей бойында күш-жігері, рухы жоғары, болашаққа деген сенімі мол жастар еліміздің көркеюіне үлес қоса алады. Бұл жеңістеріңіздің бастауы ғана болып есептеледі. Алдарыңызда үлкен өмір күтіп тұр. Барған орталарыңызда көшбасшы болуға ұмтылыңыздар, – деп сөзінің басын құттықтаумен бастады қала әкімі Әсет Исекешев. Сөз арасында ол технологияны, ғылымды дамытуға үлкен мүмкіндік беріліп тұрғанын тілге тиек етіп өтті.
Грантқа ие болған 47 оқушының 17-сі С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде, 14-і Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінде, 7-еуі «Астана» медицина университетінде оқымақ. Сол сияқты 4 түлекке Қазақ технология университетіне және Еуразия гуманитарлық институтына грант берілсе, 1 оқушыға Тұран Астана оқу орнының есігі айқара ашылды.
– Астанадағы оқу орындарында тегін оқу – мемлекет тарапынан жастарға жасалып жатқан игі бастамалардың бірі. Үнемі ізденісте болып, бір орында тұрып қалмауы керек. Бүгінгі дамыған заманда көштен қалып қойған адамның бәсекеге шыдас беруі екіталай. Сіздердің Қазақстанның білімді азаматы болуға ұмтылатындарыңызға сенімдімін, – деп сөзін жалғады Әсет Исекешев.
Биыл қала басшылығы үлестірген грант­тарға 58,8 млн теңге қарастыры­лып отыр. Дәстүрлі түрде жүзеге асып жатқан бастама аясында қазіргі уақытта елордада 125 студент білім алып жатыр.

Аян ӘБДУӘЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды