«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Оңтайландырғаннан не ұтамыз?

0 285

Астана қаласының Білім басқармасы қосымша білім саласын оңтай­ландыру мәселесін қарап, тиісті нормативтік-құқықтық актілерді зерттеп жатыр. Егер бұл нақты жүзеге асатын болса, бас қаладағы қосымша білім мекемелерінің саны 11-ден 7-ге қысқармақ. Қазіргі таңда № 2 өнер мектебі мен балалар көркемсурет мектебін № 1 өнер мектебіне қосу және № 2 мен № 3 музыка мектептерін № 1 музыка мектебімен біріктіру жоспарлануда.

Кейбір ата-аналар әлеуметтік желілер арқылы бұған қарсылық білдіріп жатыр. Оңтайландыруға іліккелі жатқан мекемелердің басшылары да мұны құптап отырған жоқ.
Білім және ғылым вице-ми­нистрі Эльмира Суханбер­дие­ва­ның уәжінше, музыка мек­тептерін біріктіру мәсе­лесін ата-аналардың өздері көтеріп, бұл туралы аталмыш ведомствоға хат жазған. Ал Астананың Білім басқармасы басшысының орынбасары Дулат Жекебаев қосымша білімді оңтайландыру білім сапасын арттыру мақсатында көзделіп отырғанын, ата-аналар алаңдай­тындай негіз жоқ екенін, мектеп түлектері бұрынғыдай өздерінің дипломдары мен сертификаттарын алатынын және бұл өзгеріс оқу үдерісіне әсер етпейтінін айтады.
«Өзгерістер болған жағ­дай­да әкімшілік-басқару қызмет­керлерінің жұмысы қайта қа­ралады. Бұл мектептердің ағым­дағы жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Мектептерді жабу немесе қысқарту емес, ірілендіру болжанып отырған­дығын атап өткім келеді. Нәти­жесінде бірыңғай басқару ор­талығы мен филиалдық желі пайда болады. Бүгінгі таңда қосымша білім ұйымдары желісін кеңейтіп, оларға қолжетімділікті арттыруды жоспарлап отырмыз. Біз балалардың мүдделерін, ата-аналардың мүмкіндіктерін ескере отырып, шешім қабылдаймыз. Қосымша білім жеке қолға өтпейді. Оқу ақысы да өспейді» дейді Д. Жекебаев.
Оның айтуынша, қалалық Білім басқармасы қосымша білім беру ұйымдары желісін кеңейткенде педагогтар штаты да, бұл білім­мен қамтылатын балалар саны да ұлғайып, әкімшілік-басқару қызметкерлері ғана азаяды. Мәселен, биылғы оқу жылында музыкалық және көркемсурет мектептері филиалдарының, басқа қосымша білім беру ұйым­дарының ашылуы есебінен қо­сымша 5 мыңға жуық бала қам­тылған.

Қосымша білімді оңтай­лан­дыру мәселесіне халық қалаулылары да назар аударды. Жуырда Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова бір топ әріптесімен бірге Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады. Депутаттар өнер мектептері мен музыка мектептерін біріктіруден түк пайда жоқ, керісінше зияны көп деп есептейді.
«Бұл оңтайландыру Ресей тәжірибесіне сүйеніп, жасалмақ. Алайда Қазақстандағы және Ресейдегі қосымша білімнің жағдайын салыстырғанда, біздегі жағдай көңіл көншітпейді. Мәселен, Санкт-Петербургте 5 млн 500 мың тұрғынға 640 қосымша білім беру мекесі жұмыс істейді. Олардың 450-і толықанды Оқушылар сарайы, яғни, 10 мың тұрғынға бір сарай, 100 мың тұрғынға 45 музыка мектебі, 113 өнер мектебі. Соның нәтижесінде Санкт-Петербург оқушыларының 120 пайызы қосымша біліммен қамтылған.
Қазан қаласында Астанамен шамалас 1 млн 230 мың халық тұрады. Бұл қалада 90 қосымша білім мекемесі балалардың 80 пайызын қамтып отыр. Астанада болса, қосымша біліммен оқушылардың 22 пайызы ғана қамтылған. 1 млн тұрғынға 11 ғана қосымша білім беру ме­кемесі жұмыс істейді. Бұл – 2 Оқушылар сарайы, 2 өнер мектебі, 3 музыка мектебі, 1 көркемсурет мектебі, 1 техникалық шығар­машылық орталығы, 1 балалар-жасөспірімдер туризм және өл­кетану орталығы және 1 балалар-жасөспірімдер орталығы. Осыған қарамастан, қосымша білім мекемелері 11-ден 7-ге азаймақ. Бұл жағдай балалардың қосымша біліммен қамтылуын 14 пайызға төмендетіп қана қоймай, қо­сымша білімнің қолжетімді болуына күмән тудырады. Оң­тайландыру қорытындысында 18 штаттық бірлік қысқарып, жылына 20 млн теңге үнемделмек. Алайда оңтайландыруға іліккелі жатқан мекемелерден кіріс одан әлдеқайда көп – жылына 100 млн теңге кіреді. Яғни, оң­тайландыруда ешқандай логика жоқ. Сондықтан Астанада ғана емес, өзге аймақтарда қосымша білім мекемелерін сақтау мәсе­лесін дереу қарастырылуы керек» делінген депутаттық сауалда. Бұған ресми түрде әлі жауап берілген жоқ.
Білім және ғылым вице-ми­нистрі Эльмира Суханбердиева оңтайландыру нәтижесінде қосымша біліммен қамтылған балалардың саны азаймай, тек қана бір директор біріккен меке­мелерді басқаратынын айтады. Ата-аналар мен мекеме директорлары біріктіру балаларға зиянын тигізеді деп есептейді. Мәселе әлі түбегейлі шешілген жоқ. Мұны бақылауда ұстайтын боламыз.

Толқын СҰЛТАНОВА,
ата-ана:

– Балаларымыз 2005 жылы Елбасының тапсырмасымен ашылған №2 өнер мектебінде дәріс алады. Бұл мектептің бағдарламасы кәдімгі кәсіби өнер колледждерінің негізінде жасалған. Оқушылар тек аспапта не болмаса, тек актер шеберлігін ғана оқып қоймайды. Мектеп бағдарламасы әлем музыкасының әдебиеті, әлем театрының тарихына дейін қамтыған. Әрі мектептің өз бағыты, өзіндік жоспары бар.
Егер қаламыздағы өнер мектептері мен музыка және көркемөнер мектептері бірігіп, бір басшы болатын болса, біріншіден бақылау азаяды. Себебі, әрқайсы әр ауданда, қаланың бір-бірінен алыс жерлерде орналасқан. Екіншіден, білім сапасын қадағалау төмендеп кететіні айтпаса да түсінікті. Өнер мектептерін жалпы білім беретін мектептермен салыстыруға келмейді. Мұнда әр бала жеке-жеке білім алады. Сонымен қатар, бір мекемеге біріктірілген жағдайда бәсекелестік те азаяды.
Біздің мектебіміз таза қазақ тілінде оқитын елордамыздағы бірден-бір өнер мектебі. Балаларымыз күй, дәстүрлі ән, ұлттық аспаптың сан түрін меңгеріп, ұлттық құндылығымызды жастайынан бойына сіңіріп келеді. Ал басқа мектептерде екі тілде оқытылады. Егер, біріктірген жағдайда әр мектеп ұстанған бағытынан және өз статусын айрылады. Сонда елордамызда қазақ тілінде оқытатын өнер мектебі болмайды.

Гүлмира ЖАНГЕЛДІ,
№ 2 өнер мектебінің директоры:

– Директорлардың қосымша білімді оңтайландыруға келіспей жатқанын жоғарғы жақтар дұрыс түсінбей жатыр. Олар өз орындарымызға жабысып отыр деп ойлайды. Біз бұған басынан қарсымыз. Жұмыссыз қаламыз деп қорықпаймыз, әрқайсымыз да мықты маманбыз. Мысалы, мен хор дирижері ретінде жұмыс таба аламын. Бізді балалардың болашағы алаңдатады. Үш мекемеден бір мекеме қалса, қаншама бала бос жүріске салынып, уақыттарын қалай болса, солай өткізеді. Ал қалада қазір қосымша білімге деген сұраныс өте жоғары. Мысалы, мектебімізде бір орынға 10-15 баладан келеді. Орын жоқ деп айтып жатсақ, ата-аналар ренжиді. Берілген шаршы метрлерге шақтап балаларды қабылдаймыз. Қазір 468 баланы оқытып жатырмыз. Қаладағы 11 қосымша білім мекемесінің ішінде №2 музыка мектебі мен №2 өнер мектебі ғана қазақ тілінде оқытады. Мектептер қосылатын болса, бізден екі тілде оқытыңдар деп талап етеді. Тіл мәселесі, ұлттық тәрбие тағы қалайын деп тұр. Бізге өзге ұлттар да балаларын беріп жатыр. Мәселен биыл бізге қазақы тәрбие алсын деп ата-анасы Вероника деген қызды алып келді.

Леонид ХАН, ата-ана:

– Біз балаларымыздың болашағына алаңдаймыз. Әр балаға өзі оқыған мектебі ыстық. Балам баратын №3 музыка мектебінің басшылығы мен ұстаздары жұмыстарын жақсы атқарып отыр. Биыл ғимаратты жөндеп, жаңа жабдықтарды, музыка аспаптарын сатып алды. Балаларымыз сапалы білім алуы тиіс. Ал қазір қосымша білім «Жастар» сарайының үлгісі негізінде құрылғалы жатыр. «Жастар» сарайында ондай кәсібилік жоқ. Онда сольфеджио, музыкалық әдебиет сияқты пәндер оқытылмайды. Ол қарапайым үйірме сияқты жұмыс істейді және балалардың болашағына негіз қаламайды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды