«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Өңірлерден – елордаға сый

0 127

«ҰЛЫТАУ»  АЛЛЕЯСЫ

Қарағанды облысы «Қазақ еліне мың алғыс» атты 14 метрлік ескерткіш пен «Ұлытау» аллеясын халық игілігіне берді. Монументте қазақпен бірге өзге ұлт өкілдерін бауырына басқан Ана мүсіні бейнеленген. Ескерткіш репрессия жылдарындағы халқымыздың дархандығын білдіреді. Одан басқа, аллеяға Алтын шоқы дөңінің басынан табылған Әмір Темірдің жазуы басылған тастың көшірмесі қойылған. Теректі Әулие мен Байқоңырдың петроглиф­терін де осы жерден көре аласыздар.

«ЖЕТІСУ» САЯБАҒЫ

Астаналықтардың сүйікті демалыс орнына айналған «Арай» саябағын Алматы облысы жаңғыртып, жаңартып «Жетісу» деген атау­мен қайта сыйлады. 15 гектар жерді алып жатқан саябақта ойын алаңы, тамақтану аймағы, көлік тұрағы, ұзындығы 1,5 шақырым болатын велосипедшілерге арналған айналма және жүгіру жолдары бар. Түнгі көрінісі тіптен тамаша: 380 арнайы шам саябақты сәулеге бөлеп, самаладай жарқыратады. Бұл саябақта орнатылған «Апорт» алаңы, «Тамғалы тас» мүсіні және «Шарын шатқалының» үлгісі сол өңірдің бір бөлшегі іспеттес.

«АТЫРАУ» КӨПІРІ

Есіл өзені арқылы өтетін «Атырау» көпірі көпшіліктің көзайымына айналып үлгерді. Жаяу жүргіншілер мен қос дөңгелекті көлік иелеріне арналған көпір Самал ауданы мен Амфитеатрды байланыс­тырады. Веложүргіншілерге арналған жолдың жалпы ұзындығы 56 шақырымды құрайды. Алып аспалы көпірдің ұзындығы – 313,5 метр, ені – 10,5 метр, ал салмағы – 2500 тонна. Көпір пішіні жағынан бір-бірін қайталамайтын 2450 жапырақпен көмкерілген. Нысанның жобасын Астананың урбанистика орталығы әзірлеген.

ҒАРЫШ МУЗЕЙІ

Қызылорда облысы елордаға сыйлық ретінде ашық аспан астындағы ғарыш музейі – ракета-ғарыш техникасы экспозициясын табыс етті. «ҚазҒарышСапары» АҚ Ұлттық ғарыш орталығының аумағында орналасқан ғарыш айлағы 1,4 гектар жерді алып жатыр. Зымыран-ғарыш техникасы музейінің ашық экспозициясында «Союз», «Протон», «Зенит» зымыран тасығыштарының макеттері, «Боран» орбита кемесінің үлгісі қойылған.

АЛЫП СУБҰРҚАҚ

Шығыс Қазақстан облысы музыкалық субұрқақты сыйға тартты. Ол жаңадан бой көтерген Ботаникалық бақта орнатылды. Бір ерекшелігі, фонтан түрлі түске боялып, әуенге мың бұрала билейді. 72 метрлік дөңгелекке жайғасқан субұрқақтың дәл ортасында тайқазан қойылған. Оның биіктігі – 6,5 метр, ал аумағы – 8 метрдей. Су осы қазанның ішінен қайнап шығып жатқандай әсер қалдырады.
ЭКСПО қалашығына жақын орналасқан саябақта велосипедшілерге және жүгіруге арналған жолдар бар.

«АЛМАТЫ» БАЛАБАҚШАСЫ

Сол жағалауда 240 орынға шақталған «Almaty» balabaqshasy ашылды. Бір қызығы, балабақшаны 12 топқа бөліп, әр топтың атауын Алматы қаласымен байланыстырған. Мәселен, «Алатау», «Медеу» мұз айдыны, «Шымбұлақ» заманауи тау-шаңғы шипажайы, атақты «Алма-Арасан», туристерге тартымды «Тау самалы», аты аңызға айналған «Үшқоңыр», баршаға танымал «Алмалы», тарихи орталық – «Жетісу», Алматы символы – «Апорт», жұмбаққа толы «Алтын адам» тақырыптық топтары ашылған.

«АҚЖАЙЫҚ» ТЫНЫМБАҒЫ

Бас қаланың көркі Батыс Қазақстан облысы салған «Ақжайық» тынымбағымен толықты.
Ол Жеңіс–Бөгенбай батыр даңғылдарының қиылысында салынды. Жаңа саябақтың басты нысаны – қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың ескерткіші. «Ақжайық»
тынымбағында амфитеатр, субұрқақ, «Сиқырлы лабиринт» инсталляциясы, тақырыптық
алаңдар, сондай-ақ баскетбол және жүгіру алаңдары бар.

ДОСТЫҚ ҮЙІ

Мұнайлы өлке – Маңғыстау Ассамблея өкілдеріне арнап жаңа ғимарат салып берді. Нақтырақ айтқанда, Бауыржан Момышұлы көшесі бойында орналасқан ғимарат «Достық үйіне» айналып, қайта жаңғырды. Үшқабатты ғимараттың жалпы аумағы – 4900 шаршы метр. Бірінші қабатта – би залы, асхана, студия, екінші және үшінші қабаттарда акт залы, кітапхана, киім бөлмесі, мұражай, сондай-ақ конференц-зал орналасқан.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды