«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Өңіраралық интеграцияның жаңа белесі

0 18

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей арасындағы XVI өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысуға Омбыға барып, Ресей Федерациясының президенті ­Владимир Путинмен кездесті. Екі ел басшылары шекарадағы кептеліс, Жайық пен Ертіс өзендерінің экологиясы, астық экспорт­таудағы тиімсіз бәсекелестік, білім беру мен спортты дамытудағы ынтымақтастық және т. б. өзекті мәселелерді талқылады.Шекарадағы кептеліс мәселесі шешіледі

Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық танытқаны үшін Владимир ­Путинге ризашылығын білдірді. «2003 жылы Омбыда Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин шекаралық облыстардың алғашқы форумын өткізді. Сол уақыттан бері дәстүрлі форум механизмі толық іске қосылды. 15 жылда екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі 3,5 есеге өсті. Аймақтар арасындағы сауда көлемі ұлғайып келеді. Өткен жылы тауар айналымы 6,5 трлн теңгеден асты немесе 19 млрд АҚШ долларына жетті» деп мәлімдеді ­Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Қазақстан мен Ресей шекарасындағы кептеліс биылғы басқосудың негізгі тақырыптарының бірі болғаны рас. Шекарада жүк тиелген фуралардың 8 сағатқа дейін қаңтарылып тұратынын президенттер де жақсы білетінін айтты. «Шекара маңы аймақтарының инфрақұрылымдық әлеуе­тін кеңейту және дамыту қажет. Қолданыстағы инфрақұрылым заманауи талаптарға сай келмейді. Сондықтан алдымызда ауқымды жұмыс бар. Құрылған трансұлттық дәліздерді, соның ішінде «Бір белдеу, бір жол» және «Солтүстік – Оңтүстік» мегажобаларын ескере отырып, шекаралық өткізу бекеттерін жаңғырту керек. Бүгінде өткізу бекеттерін кеңейтіп, қосымша бірнешеуін ашу қажеттігі туындап отыр» деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев. Форумның қорытындысында ел басшылары шекарадағы өткізу бекеттерінің жұмысы жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын мақұлдады.

Жайық пен Ертістің экологиясы алаңдатуда

Президенттер ашық талқылаған тақырыптың бірі – экология. Қасым-Жомарт Тоқаев Ертіс пен Жайық өзендеріндегі экология мәселесін көтеріп, бірлесіп шешуді ұсынды. Ресей елінің басшысы әріптесінің ұсынысын бірден мақұлдады. «Жайық, Ертіс және өзге де ірі өзендердің экожүйесін сақтау бағытында қоршаған ортаны қорғау сала­сында екі елдің шекаралас өңір­лерінің бірлесіп белсенді жұмыс істеуіне мүмкіндік мол» деді форумда Владимир Путин өз ойымен бөлісіп.
Қыстыгүні Жайықта 118 тонна балық қырылса, соның ішінде 108 тоннасы – бекіре тұқымдас. Зерттеуден мәлім болғанындай, өзендегі апатқа жоғары токсинді хлордың көп
төгілуі себеп болған. Химиялық зат «Атырау су арнасының» кі­нәсінен төгілген деп айыпталды. Ал Ертіс өзеніндегі канализация­ға жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Омбы тұрғындары өзенге лас нәрселер құйылады деп алаңдауда.
Омбы облысының губернаторы Александар Бурков Ертіске қатысты бірыңғай реттеу механизмін келісуді ұсынып еді, Павлодар облысының әкімі ­Болат Бақауов оны қолдады. Ол 70-80-жылдары Ертіс арқылы жылына 9 млн тоннаға дейін жүк тасымалдайтын ішкі су көлігінің әлеуетін мысалға келтірді. «Жыл сайын Ертіс суының арнасын тереңдетуді ресейлік тараптан жүргізуді екі ел үкіметтері деңгейінде шешуіміз қажет» деді Б.Бақауов. Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық проблемаларды шешудің маңыздылығын айта келе, келесі өңіраралық форумды 2020 жылы Көкшетау қаласында өткізуді, сондай-ақ оның тақырыбын «Экология және жасыл өсім саласындағы ынтымақтастық» деп атауды ұсынды.

Тиімсіз бәсекелестік

Қазір Ресей мен Қазақстан астық экспорттаушы елдердің ондығына кіреді. Қазақстан Президенті екі елдің жиі-жиі бір-бірімен бәсекелесетінін, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне зиянын тигізетініне тоқталды. «Екі мемлекеттің агроөнеркәсіптік кешенінің мүмкіндіктері өте зор, тек соны тиімді пайдалану керек. Біз бір-­бірімізбен жиі бәсекелесеміз, тіпті одан ұтатынымыз шамалы. Сол себептен бізге үйлесімділік, тиісті министрліктер мен ведомстволар арасында толыққанды, күнделікті байланыс қажет» деп атап айтты Қ.Тоқаев.

Ресейде – НЗМ, Қазақстанда Ресей–Қазақстан мектебі ашылады

Владимир Путин форумда Қазақстанда Ресей–Қазақстан мектептері мен университетін ашу мәселесі пысықталып жатқанын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев елордада Бауман атындағы университеттің базасында физика-математика мектебін ашу жөніндегі бастаманы қолдады. Сәйкесінше, Ресейдің шекаралас аймақтарының бірінде «Назарбаев зияткерлік мектебінің» филиалы ашылады. Сондай-ақ екі ел жастары бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асырады. Форумның қорытындысы бойынша «Қазақстан–Ресей» шекара маңы ынтымақтастығы бағдарламасының тұжырымдамасына, Мәдениет және спорт министрлігі мен Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігі арасындағы 2020-2022 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Ресей Федерациясының Жастар ісі жөніндегі федералдық агенттігі арасындағы Жастар саясаты саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға және т. б. құжаттарға қол қойылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды