«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Өңдеу City manager аудандағы мәселелерді тез арада шешуге көмектеседі

Сарыарқа ауданында өткен «Ашық есік» күніне жиналған тұрғындардың шоғыры мол болды.

0 30

Аудан әкімі Ерғали Егемберді өзі бас болып, тұрғындардың талап тілектерін тыңдады. Алдымен «Ашық есік» күнін өткізудің маңызына тоқталған аудан әкімі аталған ауданда тұрғындармен кездесу үзбей өткізіліп келе жатқанын жеткізді.

«Мен ақпан айынан бері әр жұма сайын тұрғындарды қабылдап келемін. Апта сайын жоқ дегенде 20-30 адамның өтінішін өз құлағыммен естимін. Ал бөлім меңгерушілері әр бейсенбі сайын тұрғындарды қабылдайды. Әлеуметтік желі арқылы түскен шағымдар да уақытында шешім тауып жатыр. Демек, «Ашық есік» күні бізді халықпен тығыз байланыстыратын алтын көпірге айналды. Біздің есігіміз қашанда сіздерге ашық, қашан келсеңіздер де сұраулы мәселелеріңізге жауап алуға мүмкіндік бар», – деді аудан әкімі шараға келген тұрғындарға.

Аудан әкімімен «Ашық есік» күнінде кездесіп, мәселесі ойдағыдай шешіліп, қуанып шыққан Тұрсынғазы Ахметұлы аудандағы әр сала қызметкерлерінің жұмысына дән риза екенін жеткізді.

«Бұрын әкімге кіріп дат айтпақ түгілі әкімшіліктің есігінен енудің өзі қиын болатын. Ал қазір бұл тосқауыл жоқ. Қала әкімінің өзі бастап, аудан әкімдері қостап, тұрғындарды қабылдағалы да көп мәселе шешімін тапты. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген осы», – дейді ол.

«Ашық есік» күніне әкімдіктің білім, көлік, тұрғын үй, ішкі істер басқармасы т.б. орындардың өкілдері қатысты. Кейбір тұрғындар айтқан мәселелерге байланысты әкім жауапты мекемелердің қызметкерлеріне тікелей тапсырма беріп, мәселені дер кезінде шешуді бұйырды.

Сарыарқа ауданында 370 мыңнан астам тұрғын бар. Тұрғындардың шағымдары мен талап-өтініштерін уақытында шешу үшін бұл аудан қоғамдағы белсенді тұлғалардан ұйымдасқан City manager-лерді де іске қосыпты.

«Біз белсенді тұрғын ретінде Сарыарқа ауданының әкімдігімен бірге жұмыс істеп келе жатқанымызға 3 жылдан асты. Жыл басынан бері осы жерде «City manager» ретінде 5 адам жұмыс істеп жатырмыз. Бесеуміз осы ауданның бес өңірін бөліп алып, әрқайсымыз өзімізге қарасты аумақта пайда болған мәселелерді дер кезінде соған қатысты мекемелерге жеткізіп, түйткілді түйіннің тез шешілуіне түрткі боламыз», – деді City manager-дің мүшесі Сайрагүл Аббасқызы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды