«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Оң жағалаудағы оң істер

0 120

Биыл Астана ертегі әлемге айналғандай күй кешуде. Оның себебі де бар. Осы жылы елорданың 20 жылдығына орай қала аумағын көгалдандыру мен тұрғындарға ыңғайлы демалыс орнын жасауға баса назар аударылды.

Әсіресе, шаһардың оң жағалауы жаңаша түрленді. Шаһардағы ескі сүрілген үйлердің орнына 13 гүлзар салу жоспарланды. Келесі жылы 5 гүлзар жайқалып тұрмақ. Мәселен, Республика даңғылы мен Ықылас Дүкенұлы көшесінің қиылысындағы сүрілген ғимарат орнына шағын гүлзар мен балалар мен үлкендерге арналған спорт алаңы бой көтерді. Бұған сол көшенің тұрғындары дән риза болды.

Биылғы бас қалада салынған саябақтар мен гүлзарлар белгілі бір стильмен өрнектеліп, арнайы тақырыпқа сай жобаланды. Мысалы, халық батыры Амангелді Иманов көшесінде бой көтерген гүлзардың архитектуралық формасы өзгеше. Адамға түрлі ой салады. Гүлзардың сәулеті жұмбаққа толы. Бірақ әдемі әсер сыйлайды. Сондай-ақ, Біржан сал көшесіндегі гүлзар «Чемодан саябағы» деп аталды. Өйткені оның формасы чемодан үлгісінде салынған.

Қазір Қаржы министрлігінің алдындағы саябақ ғажайып күйге енген. Бұл жерде тұрғындар мен қонақтар жиі де­малады. Кішкентай балғындар түрлі түсті ойыншық көліктерімен ызғып жүреді. Биыл бақ ерекше жасанған. Жасыл желекпен көмкерілген сәулетті бейнелерден көзіңізді алмайсыз. Субұрқақтар да саябаққа әсем сән беріп тұр. Қысқасы, оң жағалаудағы оң істер көңіліңізді көркейтеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды