«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Өнері биік өрендер

0 14

Жылдағы дәстүрге сай елорданың «Қазақ елі» алаңында Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған балалар мен жастардың музыкалық ансамбльдері мен оркестрлерінің шеруі өтті. Мерекелік шараға Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов, Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова қатысып, балаларды мерекелерімен құттықтады.

«Балалар көптен күткен демалыс басталды. Жылда осы шеруді жаздың алғашқы күні өткіземіз. Барлығының көңіл-күйі көтеріңкі, мереке əсерлі өтіп жатады. Жалпы балалық шақ əр бүлдіршін үшін бақытты сəттермен есте қалуы тиіс. Біз, ересектер, осы бақытты сəттерге жауаптымыз. Бүгінгі шеруді Нұр-Сұлтан қаласының жалпы білім беру мектептерінің Əкелер кеңесі қолдады. Əкелердің балаларды дамыту ісіне белсенді қатысатынына өте қуаныштымыз. Себебі əкелер өскелең ұрпақтың болашағына негіз қалап, оларға үлгі көрсетеді, тірегі саналады. Бүгінгі мерекелік шеруге əртүрлі мүмкіндіктері бар жəне əртүрлі жастағы балалардың қатысып жатқанына қуандым. Аспанымыз бір, астанамыз бір, Отанымыз бір болғандықтан, барлығының мүмкіндіктері бірдей болуы керек. Елордамыздың барша тұрғындарына денсаулық, табыс тілеймін! Нұр-Сұлтан қаласындағы өскелең ұрпақтың əрдайым шығармашылық жетістіктерімен, білімдегі жеңістерімен, табыс жолындағы əр қадамдарымен қуанта беруіне тілектеспіз» деді мерекелік шеруді ашқан қала əкімі Бақыт Сұлтанов.
Нұр-Сұлтан қаласына Еуразия мемлекеттері мен көптеген қалалардан 1000 бала жиналып, ментальді математика бойынша əлемдік рекорд орнатты. Осыны атап өткен қала басшысы:
«Бұл оқиға Нұр-Сұлтан қаласында, Отанымыз Қазақстанда бақытты балалық үшін балалардың болашақтағы жеңістері үшін барлық жағдай жасалып жатқанын дəлелдейді» деді.
Мерекелік шеруге елорданың 117 білім беру мекемесінен 8 мыңнан астам бала қатысты. Олардың қатарында М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайының салтанатты шаралар оркестрі, музыкалық жəне өнер мектептері, колледждердің шығармашылық ұжымдары болды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды