«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Өнерге құштар өрендер

0 30

Елордадағы оқушылар сарайында Астанадағы №1 өнер мектебіне 35 жыл толуына орай «Тарих өткелдері» атты шығармашылық концерт өтті. Айтулы шарада музыкалық мектепте тәлім алып жатқан оқушылар өз өнерлерін паш етті. Балаларды қолдап, олардың өнерлерін тамашалауға ата-аналар, сондай-ақ білім басқармасынан өкілдер және өзге де өнер мектептерінің басшылары қатысты.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар» рухани жаңғыру» атты мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезов­тің ғұламалығы, Жамбылдың жыр­лары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парағы» деп ұлттық мәдениетімізді сақтамай ешқандай жаңару болмайтынын айтқан болатын.
Оқушылар сарайының концерт залы көрерменге лық толды. Сахна шымылдығын ашқан оркестр Еламан Мәкеновтің жетекшілігімен Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін бір топ оқушы өз нақышында орындап, осында жиналған өнерсүйер қауымды тебірентті.
Биыл көрермендерге өнер мектебі жаңа нөмірлерін де ала келіпті. Бұл, әлбетте, 12-13 қыз-жігіттен құралған дәстүрлі әннің шеруі. Олар бір мезетте оркестрдің жетекшілігімен қобыз, баян, домбыра сынды аспаптарда ойнап, жұртшылықтың жылы лебізіне бөленді.
Шарада жас таланттар өз өнерлерін ортаға салып, қонақтардың ыстық ықыласына ие болды.
Кеш барысында музыка мектебінің басшысы Фархад Сабиев сөз алып, жас таланттардың болашақта елдің танымал өнер майталмандары болуын тіледі.
Мерекелік концерт соңы дәстүр бойынша өнер мектебінің әнұранын орындауымен қорытындыланды.

Шәкірт тәрбиелеу, оның жетістікке жетуі, биіктерден көрінуі тікелей ұстазға байланысты екені бәрімізге белгілі. Осы ретте аталмыш музыка мектебінде 10 жылдан бері қызмет ететін Ляззат Мұханбетованың да қосқан үлесі зор. Зейнет жасына жетсе де, осы қара шаңырақта әлі де директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып жүр. Сондай-ақ музыка мектебінде 12 жылдан бері жас бүлдіршіндерді домбырамен ән салу дәстүріне үйретіп жүрген Ғазиза Күлдібаеваның да қосқан үлесі ұшан-теңіз.
Бүгінгі кеште де өнерге өмірін арнаған Ғазиза Күлдібаеваның өнерпаздары дәстүрлі ән шеруіне қатысып, халық әні «Жас екпінді» дүркірете шырқады.


Әр сабағын жүйелі жоспарлап, шәкірттеріне қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін, қазақтың дәстүрлі музыкасын бойына сіңіріп, ұлтымыздың болашақ ұрпақтарын тәрбиелеуге өз үлесін қосып жүр. Қазір жасы алпысты алқымдаған зейнеткер-ұстаздың шәкірттері түрлі конкурстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Ұстаз «біз қалалық, республикалық байқауларға қатысып жүрген шәкірттерімізбен де мақтана аламыз» дейді. Сондай-ақ осындай шәкірттерді өнер аламанына қосудағы зейнеткер-ұстаздың қажырлы еңбегі де түрлі алғыс хаттар және арнайы дипломдармен бағаланған. Мәселен, биыл «Ұлттық домбыра күні» мерекесінің өтуіне атсалысқаны үшін Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұловтың алғыс хатымен марапатталды.
«Ұстаздың еңбегінің жанғаны – шәкіртінің озғаны» демекші, жас өрендерді өнерге баулып жүрген ұстаздар қауымына алдағы уақытта шығармашылық табыстар тілейміз.

Сабина КӘКІМЖАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды