«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Өндірістің әлеуметтік әлеуеті қандай?

0 48

Президенттік бес әлеуметтік бастамалары жер-жерде қызу талқылануда. Бұл тұрғыда қос палатаның депутаттарынан құралған насихатшы топ жұртшылықты шынайы ақпаратпен құлағдар етуде. Кеше ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева мен Серік Жақсыбеков, Талғат Мұсабаев сынды бірқатар сенаторлар ЖЭО-2-де болып, «Астана-Энергия» АҚ ұжымымен кездесті, еңбек адамдарының әлеуметтік жағдайын сұрастырды.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхамбетов пен «Астана-Энергия» АҚ басқарма төрағасы Еркеғали Есенжолов депутаттарға жылу беру мекемесінің тыныс-тіршілігін таныстырды. Одан ке­йін халық қалаулылары мәжіліс залына келіп, ондағы еңбек адамдарымен жүздесті. Жиындағы сөзінің басында жылу беру орталығына алғаш рет келіп отыр­ғанын тілге тиек еткен Дариға Назарбаева бұл жерге келудегі негізгі себеп «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Елбасының халыққа үндеуін іске асыру үшін мұндағы жағдаймен танысу екенін атап өтті. Өз кезегінде сөз алған Парламент Сенатының депутаты Серік Жақсыбеков Президенттің бастамаларына кеңінен тоқталды. «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы мен жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысын көбейту үшін оларға салық жүктемесін азайту тетіктері жайында айтып өткен ол елді газбен қамтамасыз ету жөніндегі бесінші бастаманы да сөз етті. Оның айтуынша, алдағы уақытта Астанадағы газдың бағасы шамамен 47-50 теңгені құрайды.
– Астана – жылу электр орталығын көмір отынынан газбен жылытуға көшіргелі отырған алғашқы қала. Газбен жылытудың арқасында жылу электр орталығының мұржасынан ауаға бөлініп шығатын зиянды заттар 30 мың тоннаға азаяды. Сонымен қатар жаңғырудың нәтижесінде мұнда бұрынғыға қарағанда көмір 650 мың тоннаға аз пайдаланылатын болады, – деді С.Жақсыбеков өз сөзінде.
Жиын барысында еңбек адам­дары Сенат депутаттарына көкейдегі сауалдарын қоюға мүмкіндік алды. Олардың арасынан алғашқы болып микрафонды қолға алған Олег Геннадиевич есімді жөндеу жұмыстары бөлімінің бастығы «Астана-Энергия» АҚ мамандарына арнап қызметтік жатақхана немесе ұзақ мерзім ішінде бөліп төлеуге мүмкіндік болатындай тұрғын үй мен жұмысшылардың балаларына арналған балабақша салу қаншалықты мүмкін екенін сұрады. Бұл мәселе ұжымдағы көпшіліктің ойын дөп басып, қатысушылар халық қалаулыларына баспанаға қатысты осы тақылеттес түрлі сауалдарын жолдады. Бұл тұрғыда Дариға Назарбаева сұрақтарға жауап бермес бұрын еңбек адамдарынан кімнің өз меншік үйінде, жалдамалы пәтерде және ипотека бойынша сатып алған баспанасында тұрып жатқанын сұрады. Бұған көпшілігі қолдарын көтеру арқылы жалдамалы пәтерде тұрып жатқандарын жеткізді. Сонымен қатар өзін «экономиспін» деп таныстырып, жиында сөз алған қатысушылардың бірі «Астана-Энергия» АҚ базасына қарайтын жел электр стансаларына ай сайын бостан-босқа 600 млн теңгенің кетіп жатқанын айтып өтті. Оның сөзін басқарма төрағасы да растады.
– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы компанияның қызметкерлеріне арналған тұрғын үй немесе жатақхана салуға болады. Бұл компанияның өткен жылғы кірісі 1 млрд 200 млн теңге екен. Жалпы, шығынды азайтып, кірісті көбейтіп, жұмысшыларға барынша жағдай жасау керек, – деген Д.Назарбаева, – шетелдегі жылу беру орталықтары тап-таза. Ондағы жұмысшылар ақ халатпен жүреді. Ал мұнда бәрі басқаша екен. Қап-қара күйеден көңілің құлазып қалатын сияқты. Апта сайын сенбіліктер ұйымдастырып тұруға болмай ма? – деп кәсіпорын басшылығына сауал тастады.
Бұл жерде тәулігіне 280 вагон көмір отыны жағылатынын айтқан «Астана-Энергия» АҚ басқарма төрағасы Еркеғали Есенжолов «мұнда тазарту жұмыстары күнделікті жүргізіліп тұрады» деп жауап берді.
Еңбек адамдарымен дидарласып, олардың алдағы уақытта біліктіліктерін арттырып, мансабын жоғарылату үшін қандай жоспарлары, қайда оқуға мүмкіндіктері бар екенін сұраған Дариға Назарбаева олардың барлық сауалын ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне жеткізетінін және Парламент отырыстарында да көтеріле­тінін айтты.

Нұрдәулет КӘКІШТЕГІ 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды