«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Өндірістегі қайғылы жағдайлар қайтсек азаяды?

0 16

Халықаралық еңбек ұйымының статистикасы бойынша, өндірістегі зиянды және қауіпті факторлардың салдарынан әлемде жыл сайын 2,3 млн-ға жуық адам қаза табады екен. Соның ішінде 350 мыңы қайғылы жағдайлардың құрбаны болса, 2 млн-нан аса адам әртүрлі аурулардың нәтижесінде қайтыс болады. Өндірістегі қайғылы жағдайлардан адамдардың өмірмен қош айтысуы бүкіл әлем бойынша жүрек-қан тамырлары және ісік ауруларынан кейінгі үшінші орында тұр.

200 адам жұмыстан үйіне оралмайды

Қазақстанда жыл сайын 1,5 мың адам өндірісте жарақат алып, соның ішінде 200-ден аса адам мерт болады екен. Елордада өткен жылы 58 қайғылы оқиға тіркеліп, соның 15-інде адам өлімі болған. Мұндай мәліметті Нұр-Сұлтан қалалық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Төлеген Күнәділов мәлім етті. «2018 жылы елордада осындай 58 оқиға тіркеліп, соның ішінде 15-і мерт болған. Қайғылы 15 оқиғаның 12-сі құрылыста тіркелген. Бұл жағдайдың себептерін зерттей келе анықталғаны, «БАЗИС-А», «BI GROUP» сияқты ірі-ірі бас мердігерлер әртүрлі жұмыстарға ұсақ құрылыс бригадаларын тартады екен. Халықтың арасында «жабайы бригада» деп аталатын мұндай ұжымдар көбінесе еңбек шартын жасаспайтын, білімі таяз адамдардан құралады» деп түсіндірді мәселенің мәнісін Төлеген Нығметжанұлы.
Демек, елімізде 200 адам таңертең жұмысына кетіп, кешкілік үйіне оралмайды деген сөз. Мұндай жағдайға не нәрсе әкеліп отыр? Әрине, ең алдымен жұмыс берушілердің кінәсінен болатын (адам өлімінің 65 пайызы) факторды алға тартамыз. Соңғы жылдары Қазақстандағы көптеген кәсіпорындарда өндірістегі жарақат, адам өлімінің деңгейі жоғары қалпында қалып отыр. Бұған дәлел ретінде мынадай статистиканы келтіре аламыз: елімізде 2016 жылы 225 адам, 2017 жылы – 244 адам, 2018 жылы 221 адам өндірістегі жарақаттан көз жұмған.

Кім кінәлі: жұмыс беруші ме, жұмысшы ма?

Өндірістегі қайғылы оқиғаларға жасалған талдау көрсеткендей, 2018 жылы адам өліміне әкеліп соққан қайғылы жағдайлардың көпшілігі Қарағанды облысында (37 оқиға) тіркеліпті. Одан кейінгі орындарда Түркістан облысы (25), Шымкент қаласы (19), Ақмола облысы (17), Нұр-Сұлтан қаласы (15), Қостанай облысы (15), Ақтөбе облысы (14), Алматы облысы (13), Алматы қаласы (13), Қызыл­орда облысы (11) және Жамбыл облысы (10) орналасқан.
Енді осы мәселені өндірістің салаларына бөліп көрейік. Қайтыс болған 200 адамның 54-і – құрылыс­та, 36-сы – қаржылық және өзге ұйымдарда, 32-сі – тау-кен металлургиялық өнеркәсібінде, 20-сы – бюджеттік мекемелерде, 16-сы – теміржол және автокөлік саласында, 14-і – ауыл шаруашылығында, 11-і энергетика саласында жұмыс істегені анықталған. Ең бастысы, қайғылы жағдайларға жасалған талдаудың нәтижелерінен байқағанымыздай, 160 кәсіпорында жұмыс берушілердің кінәсі толық дәлелденген. Демек, қайғылы жағдайдың орын алуына ең алдымен жұмыс берушілер кінәлі.
Негізінен алғанда, көп жағдайда өндірістегі жұмыстардың немқұрайды ұйымдастырылуы, еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтамау, ғимараттардың қанағаттанарлықсыз техникалық жағдайы, автокөлік қозғалысы ережелерін бұзу, істен шыққан көлік, жабдықтарды пайдалану, жұмысшыларды еңбек қауіпсіздігіне оқытпау, жеке және ұжымдық қорғаныс құралдарын, арнайы киім формасымен қамтамасыз етпеу сияқты кемшіліктерді жұмыс берушілер жіберіп алады.
Сонымен қатар, жұмысшылардың да кінәсінен орын алатын жағдайлар бар. Мысалы, еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу, сақтық шараларына назар аудармаудың нәтижесінде сол жұмысшының өзі көз жұмады. Құрылыста адамның биіктен құлауы, газбен улануы, тоққа түсуі, үстінен ауыр заттың құлауы жиі-жиі орын алады. Мәселен, биыл мамыр айында «Астана су арнасында» болған қайғылы оқиға жұрттың жағасын ұстатты. Коммуналдық компанияның 4 жұмысшысы насос стансасындағы резервуарға құлап, тұншығып өлді. Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің төрағасы Владимир Бэккер бұл оқиғаны былай түсіндірді: «Насос стансасының ішінде диаметрі 3,5 метрлік және тереңдігі 10 метрлік резервуар бар екен. Оның түбі, яғни, үш метрі сұйықпен толтырылған. Қайтыс болған 4 адам сол жерге құлаған. Осы төрт адам метан газымен уланған деген болжам бар».

Тығырықтан шығудың жолы бар ма?

Бұл жерде аса өзекті, шешілуі қиын бір мәселе бар. Ол кәсіпорын басшылары өндірістегі жарақаттану оқиғаларын көбінесе жасырып қалуға тырысады. Я болмаса, әр жұмысшының өміріне жауапты болғандықтан, ауыр жарақатты жеңілге ауыстыра салады. Кей кездері жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігіне қыруар қаражат бөлудің орнына, жарақат алған адамға айыппұл төлеуді қолай көреді. Демек, жұмыс берушілерге қойылатын талаптарды қатайтумен, яғни, белгілі бір жазалаушы іс-шаралармен мәселені толық шеше алмасымыз анық. Не істеу керек?
Бұл жерде кәсіподақтар еңбек адамын қорғаудағы заңнаманы жетілдіруге бірқатар ұсыныстар айтып отыр. Біріншіден, еңбек қауіпсіздігі бойынша жұмыс берушілердің әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігін күшейту. Екіншіден, өндірістегі қайғылы жағдайларды есепке алу мен бақылаудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру. Үшіншіден, кәсіп­орындардағы кәсіподақтардың жұмысын ширату. Өйткені Қазақстанда жүргізілген талдаудан анықталғандай, қайғылы оқиғалар болған 191 кәсіпорынның 138-інде кәсіподақ ұйымы жоқ болып шыққан.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды