Пятница, 28 Июль 2017
-->

ӨНДІРІС ҚАШАН ӨРЛЕЙДІ?

Астанадағы Сарыарқа ауданы әкімі Арман Тұрлыбек кезекті халыққа есеп беру аясында Өндіріс тұрғын алабында тұратын азаматтармен кездесті.

erm_2659

Жиынды қала әкімінің орынбасары Қосман Айтмұхаметов ашып, оның мазмұны мен мағынасы туралы қысқаша баяндап, сөзді Сарыарқа ауда­нының басшысына берді.
Аудан әкімі өз баяндамасында өткен жылдағы аудан экономикасының дамуы мен жетістіктерін тізбелеп, нақты жүзеге асқан жұмыстар мен шараларды кеңірек таныстырды. Оның айтуынша, мешін жылында аталған тұрғын алабындағы 25 көшенің жолына қатты материалдар тө­селіп, Жолымбет көшесіне 15 сыртқы жарықтандыру шамы орнатылған. Оған қоса, кейбір көшелер бойындағы арықтар орамдарын тереңдету мен шұңқырларды көму, абаттандыру және тұрғын үйлердің қасбеттерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Ау­­дан әкімі ақпараттық кеңіс­тікке жеке ұялы телефон нө­мірі жарияланғаннан бері тұрғындардан 349 өтініш түс­­кенін де сөз арасында ай­тып өтті. Қысқасы, аудан бас­шысының баяндамасын мұқият тыңдағаннан кейін жұртшылық өздерін мазалаған мәселелер бойынша сұрақ қоюға кезекке тұрды.
Сөз жоқ, байқаған жанға «Өндіріс» тұрғын алабының мәселесі де жетерлік. Әсіресе, ондағы жеке тұрғын үйлер мен жолдардың жағдайы сын көтермейді. Қоғамдық көлік те өз уақытынан кешеуілдеп жүреді. Соның бәрі де жиында талқыланды.
Бір қария осы тұрғын алабына жүретін №30, №117 мар­шруттары алынып тастал­ғандықтан, қалаға қаты­нау қиындап кеткенін айтып, сол мар­шруттар қайта қалпына келсін деген өтінішін жеткізді. Оған осы салаға қатысты жа-уапты тұлға биыл қала бойынша бірталай жаңа автобустар сатып алынатыны жоспарланып отырғандықтан, бұл мәселені оң шешіп береміз деп уәде берді.
Мына бір зейнеткердің көтерген мәселесі тіпті күр­делі. – Біздің тұрғын алабымыз қалаға жата ма? – деді Кемеңгерұлы З2 А көшесінің тұрғыны төрдегі лауазымды тұлғаларға қарап. – Егер де қалаға қараса, біздің көшеде бір үй шошқа ұстайды. Осыны айтып шаршадық. Күн жылығанда айналамызды иіс алып кетеді. Терезені жауып отыратын кездеріміз көп. Осыған шара қолдануға бола ма? – деді зей­неткер. Ол кісіге Арман Тұрлыбек бір-екі күнде полициямен барып, барлық жағдайды анықтайтын боламыз деп жауап берді. Сондай-ақ, тұрғындар Жаңажол көшесіндегі көлік жүретін жолды кеңейтсеңіздер деп ұсыныс білдірді.
Әрине, азаматтар аудан әкіміне тек сұрақ қана қойған жоқ, алғыстарын да айтып жатты. «№49-мектептің ауласына оқушылар коньки тебетін алаң салып бергені үшін аудан басшыларына алғысымды айтамын» дейді аталған білім ордасының ұстазы Айзада Мешітбаева. Түйіндеп айтқанда, тұр­ғындар тарапынан көтерілген мәселелерге аудан басшысы тиянақты жауап беріп, қала­ның іргесіндегі «Көктал», «Өндіріс» секілді тұрғын ала­бын дамытуға Астана әкімі­нің өзі баса назар аударып отыр­ғанын айтып, алдағы таңда «Өндіріс те алға өрлейді» деп жұртшылыққа жылы лебізін жеткізді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*