«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Өмірбектің өрнектері

0 65

Оқушылар сарайында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Мәдениет саласының үздігі, суретші Өмірбек Тілеулиевтің «Атамекен» атты жеке көрмесі өтті.

Көрмеге автордың кейінгі жылдары салған 50-ден астам жұмыс­тары қойылды.
Тілеулиевтің туындылары ұлттық колоритке өте бай. Оның әрбір картинасынан қазақтың жаны мен болмысын көресіз. Әсіресе, даналықтың кейіпкеріне айналған қариялардың бейнесі айшықты көркемделген. Жиыр­масыншы ғасырдағы зұлмат жылдарды зерделеген «1916 жыл», «1932 жыл», «1937 жыл», «1986 жыл» деген жұмыстарынан халқымыздың басынан өткен ауыр кезеңді бояу тілімен сөйлеткен. Бұл картиналардан қасынан жай өтіп кете алмайсыз. Сізді терең ойға қалдырып, мұңға батырады. Жалпы, суретшінің қылқаламы – графикаға да, абстрактіге де жүйрік. Көрменің тақырыбына берілген «Атамекен» туындысы – жер мен көкті бір кеңістіктегі адаммен үйлестіретін отбасылық ағаш тәрізді бейнелеген. «Қоқиқаздар» картинасы да тосын ойларға жетелейді.
Көрменің ашылуында белгілі жазушы Жолтай-Жұмат Әлмашұлы бала күнінен бірге өскен досы жайында жылы естелік өрбітті.
– Екеуміздің балалық шағымыз бірге өтті. Өнерге де бірдей қадам бастық. Мен журналистиканы, ол суретшілік жолды қуды. Өмірбек алпысқа келсе де, үнемі жас жігіттей ізденіп жүреді. Бүгінгі көрме де бұрынғы көрмеден басқаша. Өзгеше мәнермен салған жұмыстарын көріп риза болып отырмын. Оның маған тақырыпты кең ала білетіндігі ұнайды. Суретті қандай жанрда салса да, соның өзегінде ұлттық негіз жатады. Қазақы дәстүр мен болмысымыз атойлап көрініп тұрады, – деді қаламгер.
Өмірбек ағамыз біраз жылдардан бері Оқушылар сарайында балаларға бейнелеу өнерінен сабақ береді. Осы білім ордасының басшысы Ербол Іргебай суретшіге ізгі лебізін білдіріп, алғыс хатпен марапаттады.
Негізі, бұл кісінің еңбек жолы кітап суретшілігінен басталған. Біраз жыл баспа саласында еңбек етіп, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Тұрысбек Сәукетаев секілді көптеген ақын-жазушылардың кітаптарын безендірген.
Айтпақшы, алдағы жылы Кипрде түркі елдері әлемінің мұражайы ашылады. Соған Тілеулиевтің де туындылары қойылмақ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды