«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған

0 12

Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты Жолдауы бойынша дөңгелек үстел өтті. Жиынға еліміздің белгілі ғалымдары, қоғам қайраткерлері, ҚР БҒМ мемлекет тарихы институтының және Есіл ауданы әкімдігінің өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелді Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві директорының орынбасары Жангелді Махашов жүргізіп, ғалымдар Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың мемлекет және халық диалогына негізделген қоғамдық даму жолындағы идеяларын насихаттауда өз пікір-көзқарастарын білдірді.
ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтының бөлім басшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ғани Қарасаев мемлекеттің дамуы, бәсекеге қабілетті болуы алдымен оның ғылымына байланысты екенін, ғылымды дамытқанда ғана барлық салада өсу мен өрлеу болатынына нақты мысалдар келтірді. «Осындай талап тұрғысынан алғанда ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жолдауындағы ғылымға қойылатын талаптардың негізіне: әлемдік бәсекеге сай ғаламдық жаңалықтар ашуды мақсат етіп, ғылым табыстарын толығымен және жылдам өндіріске енгізе отырып, ғылыми инс­титуттар мен жоғары оқу орындарының шетелдің ғылыми ортасымен тәжірибе алмасуын молайту және оның нәтижелілігіне қол жеткізу қажет. Сондай-ақ ғалымдардың әлемдік жо­ғары рейтингілік ғылыми журналдарындағы басы­лымдарын молайту керек, осы арқылы Қазақстан ғылымы белгілі бола түседі» деді. Ғалым сонымен бірге әр бағыттардағы ғылыми жобаларды ұйымдастыруды тұрақты жүзеге асырып, оған бөлінетін қаржыны молайтуды, ғалымдардың шығармашылық жұмыс­тарымен айналысуына жағ­дай жасауды ұсынды.
Еуразиялық медициналық қауымдастықтың вице-президенті Саяси кеңесінің бюро мүшесі Надежда Петухова «Ел президентінің Жолдауы барлық тұрғындар үшін маңызды оқиға, өйткені әрбір азамат өзі үшін басты бағыт табады» дей келіп, медицина саласын дамытудағы оң өзгерістер, жаңа талаптар, еңбек адамына деген құрметті қалыптастыру мәселесіне тоқталды. Әлеуметтік көмек, жалпы мемлекет тарапынан жасалып отыр­ған қамқорлықтар туралы айта келіп, қоғамның алға жылжуына баршаның бірдей мүдделі екендігін еске салды.
Академик Қазбек Қазкенов мемлекет алдындағы реформалар мен негізгі міндеттердің өзектілігіне маңыз берді. Одан кейін сөз алған ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының ғалымдары Сейтқали Дүйсен және Қанат Еңсенов­тер өз баяндамаларында Президент Жолдауында ел мен қоғамның одан әрі дамуы айқын баяндалып, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды стратегиялық мақсат-міндеттер белгіленгенін атап көрсетті.

Фарида КАРИМОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды