«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Ойыншықтар хикаясы-4» көрерменге жол тартты

0 48

Бүгіннен бастап «Ойыншықтар хикаясы-4» анимациялық фильмі қазақ тілінде прокатқа шықты. Бұл – «Болашақ» корпоративтік қорының «Өзіңнен баста» жобасының мемлекеттік тілге аударылған 30-фильмі. Дубляждің кастингіне еліміздің Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан 50-ден астам адам қатысып, басты 3 саундтректі танымал әнші Данияр Өтеген орындаған. Саундтректердің екеуі itunes қосымшасына шығады.

«Ойыншықтар хикаясы-4» анимациялық фильмінің сюжеті бойынша астронавт Базз Лайндер, ковбой Вуди Аллен, Слинки иті және олардың барлық достары бірігіп, естен кетпес күндерді асыға күтеді. Эндидің колледжге оқуға түскеннен кейін
ойыншықтар жаңа қожа­йыны Бонни есімді кішкентай қыздың қолына түсіп, өмірлері күрт өзгереді. Боннидің балабақшаға баруының алғашқы күні жаңа қызықты оқиғаларға тап болып, басқа ойыншықтармен танысып, талай шытыр­манды бастан өткереді.
Анимациялық трилогиядан шыққан дебюттік фильм алғаш рет 1995 жы­лы экранға шықты. Егер алғашқы үш фильмін хал­қымыз орыс тілінде қараса, төртінші бөлімін екі тілде тамашалай алады.
– Бұл – тек балалар үшін емес, сонымен қатар үлкендерге де өте қызықты фильм. Мен бала кезімнен мультфильмді сүйсініп көремін, бүгінде прокатқа жаңа шыққандарын көруге асыға барамын. Менің ойымша, фильмді өзің қалайтын, түсінетін тілде тамашалау өте маңыз­ды. Ал Диснейдің мультфильмдері – бөлек әлем, өйткені бала кезімізде әр жексенбі сайын олардың басталуын күтіп, әндерін жатқа білетінбіз. Осыншама жылдан кейін ең сүйікті мультфильмдердің қатарына кіретін біреуінің саундтрегін орындау мен үшін үлкен қуаныш болды, – дейді
Данияр Өтеген.
«Өзіңнен баста» жобасының арқасында бүгінгі таңда 100-ден астам отандық актерлер «Walt Disney Pictures» дауыстық базасында тұр. Түрік тілдерінің ішінде «Walt Disney» киностудиясының тарихында қазақ тілі 39-ыншы және «Sony Pictures» компаниясы үшін 7-орында тұр.

Мадина ХАСЕНОВА,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық
университетінің студенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды