«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Обыр өршіп тұр

0 79

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, қазіргі таңда обыр ауруынан өлгендердің саны артып келеді. Жыл сайын әлемде 10 миллионнан аса адам қатерлі ісіктің жаңа түрлеріне шалдығады, 6 миллионнан астамы ажал құшады екен. 2020 жылға арналған болжамдарға сәйкес әлемде жыл сайын обырмен ауырғандардың саны 15 миллионға артып, ал өлім жағдайы 10 миллионға жетеді деп қауіптеніп отыр. Қатерлі ісіктерді ерте диагностикалау бағдарламаларының енгізілуі, емдеу шараларының әдістері табылып жатыр. Біздің елде онкологиялық аурулардан келетін кісі өлімі халық өлімінің жалпы көрсеткішінде екінші орын алады.

«Химио» деген не?

Науқастың халін білмек те сауапты істің бірі. Біздер де Астана қаласы онкология орталығына барып, сырқаттармен сөйлесіп жағдайын білмек болдық. Ондағымыз, туралап келгені немесе уақытын жіберіп алғаны болмаса, обырдың соңғы үкім емес екендігін жұртшылыққа жеткізу. Осында емделіп жатқандардың басынан өткенін тыңдай отырып, өз денсаулығын сақтау өз қолында екенін түсіндіру.
Ізгі қадамымызды орталықтың «химиотерапия» бөлімінен бастадық. Жасыратыны жоқ, «химио» алып жатыр екен деген сөзді жиі естиміз. Жақынымыз болған соң ол не екен, жалпы адам ағзасына әсері қандай деп сұрауға баты­лымыз жетпейді. Бұл өзі неше рет алынып, ақыры не болады деген сұрақ та көбімізді мазалайды. Өйткені кеселге ұшырағанның тағдыры осы «химия­ға» байланысты екенін сеземіз. Сонымен «химио» деп жүргеніміз химиятера­пияның ел аузында айты­лып жүрген нұсқасы екен. Бүгінгі күнде обырды негізінен дәрі-дәрмекпен және сәулелік ем қолдану ар­қылы, сонымен бірге ота жасау әдісімен емдейді.
Осындай «химиодан» өткен науқастың лимфа­түйіндері бездерін обыр кеу­леген екен. Степногорск­тан келген Татьяна өмір бойы құрылыс саласында қызмет еткен. Зейнетке шыққаннан кейін де жұмыстан қол үзбеген. Суда жүзіп, денсаулық топтарына қатысып, саламатты өмір салтын ұстануға ден қойған. Десе де, осыдан бірер жыл бұрын күйеуі дүние салып, ауыр күйзеліске түскен. Артын­ша бұғағының сырты ісініп, күннен күнге ұлғая бас­тайды. Жүгіріп дәрігерге барғанда, тамағын емдеп тағы біраз жүреді. Ісік қайт­­паған. Айналып келіп, аста­налық онкология орталығына келеді. «Стресс, көз жасым көл болды. Он келідей салмақ тастадым. Екінші рет химио алып жатырмын. Алты сағат бойына система арқылы үзіліссіз тамырдан дәрі жіберіледі екен. Екі күннен кейін осы құйылған дәрілердің артығын шығарып тағы дәрі құйылады. Химио дегеніміз осы, – деді Татьяна күлімсіреп. Емнен кейін қас, кірпік-шашы түсіп қалса да, әдемі келбеті көлеңкеленбеген.
Аурухананың қызметкерлеріне дән риза, өзін тым жақсы сезінеді. Қызы: «Әлі бітпеген жұмысым бар деп өзіңді сендір» деп жігерін қайрайды екен. «Несін айтайын, әлі де немеремді ұзатып, шөбере сүйгім келеді» деген арманымен бөлісті.
Татьяна аурудың ал­ғаш­­қы белгілерін қалай сез­ді­ңіз деген сұраққа бы­­лай деп жауап берді: «Құдайға шүкір, менің нау­қасымның бірінші стадия­сы екен. Ал­ғашқы кезде бойымды әлсіздік жайлап, қатты терлейтінім соншама күнде төсеніш жәйманы ауыстырамын. Басымда бөтен ой болған жоқ. Жасым келгендіктен болар деп алаңсыз жүре бердім…» деп күрсінді.

Бақыт апайдың бағы

Бақыт апай ішектің обырымен алысып жатыр екен. «Бұрын-соңды ауырып көргенім жоқ. Алдында невропатологтың остеохондроз деген бір сөзі есімде қалған. Күндізгі стационарда ем алыңыз деді. Оған да қол тиген жоқ. Сосын биыл балалар жұмысты қой деген соң, айтқанын істеп тексеруден өтейін деп ойлап, қан тапсырдым. Нәтижесінде 30 единицаға дейін қан түйіршіктері төмен түскен. Менің жасымда бұл ерекше жағдай. Оның себебін іздеу керек. Дәрігер бір айдай дәрі ішіп көруге кеңес берді. Оған да көңілім жатпай ақылы клиникаға жатып түгел тексерілдім. Олар обырдың майда өскіншесін тапты. Метастазы басталмаған, бірақ екінші стадиясы екен. Барлық мамандар қарап, тез арада ота жасалды. Одан кейін терапиядан өтіп жатырмын. Қазіргі заманда шошитын ештеңесі жоқ. Ерте анықтап алса, емге көнеді. Мен қазір жетінші рет химиотерапиядан өттім» деді.
– Аяқастынан жиналып, дәрігерге көрінбегенде ісік өсіп кететін еді. Өзім ешқандай белгілерін сезінбедім, ауырсынып қиналғаным есімде жоқ. Бірақ айтарым, үлкен кі­сілер жылына бір рет толық тексеруден өту керек. Ақша жоқ, уақыт жоқ деген сылтау емес. Мен дер кезінде емделіп, бар күшімді оңалуға салып отырмын. Әлсіздік адам ағзасының обырға қарсы күресетін күші азайғанда басталады. Осы орталықтың тиімділігі сол бөлімдер арасында тығыз байланыс бар. Мысалы, ота жасалса, химия бөлімінің мамандарымен ақылдасады. Кімге қандай мөлшерде қандай дәрі құйылу керектігін айтып, науқастың жайын ескеріп, ортақ шешім шығарып жатады.

Тағы да жағымсыз дәйектер

Онкологиялық аурулар құры­лымында әйелдер арасында жатыр мойны обырынан үшінші орын алады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Астана қаласында жыл аяғында жатыр мойны обырымен есепте 490 әйел тұрған, жыл сайын 80-нен астам әйел жатыр мойны обырымен ауырып, 29 әйел қайтыс болады.
І-ІІ сатыда ерте диаг­нос­тикалау 81,6 пайызды құрайды. ҚР бойынша – 80,3 пайыз. 2018 жылы 5 жыл өмір сүрудің үлес салмағы – 47 пайыз (2017 – 46,2) Ерте І-ІІ сатыда жатыр мойны обырын емдеу мемлекет үшін 500 мың теңгеге тү­седі. Егер әйелде аурудың асқынған III-IV сатысы анықталса, онда химиосәулелік терапияны қажет етеді, емдеуге 1,5 млн теңгеден астам қаражат кетеді.
Әрине, обырдың қарма­ғына ілінгендердің ішін­де жастардың болуы жаныңды ауыртады. Сөйлесуге келісімін берсе де, келесі пациент көз жасқа толып, ойынан айнып қалды. Оны да түсіндік. Жап-жас, әдемі… Не дейік?!
Осыдан кейін де он-он бес жыл өмір сүріп жатқандар бар деп көңілін көтеруге тырыстық. «Бір нәрсенің мазалағанын бес-алты жыл бұрын білгенмін, бірақ, жұмыс ауысып жатты, жаңа жерге келгенде қол тимеді. Ойымда болған емес, осындай болады деп… Әйтпесе жыл сайын скринингтен өтіп тұрған болар едім…». Өкінгенмен орны толса жақсы. Әрі қарай тілдесуге біздің де жүрегіміз шыдамай, орталықтың гинекология бөлімінен айналып өттік.

Ақырғы аялдама

Паллативтік көмек терапиясында 38-жастан 68 жасқа дейінгілер жатыр. Обыр кеулеп, барлық органдарына жайылып, соңғы кезеңіне өтіп кеткен. Тек қана өте күшті ауырды сезіндірмейтін дәрілердің күшімен жатыр. Осы бөлімде тиісті емдерін алып үйлеріне жібереді. Көбі келместің кемесіне мініп, бұл орталыққа екінші қайтып оралмайды. Ақырғы аялдама дегеніміз де – осы.
Обырдың алдын алу мүмкін емес деп жатады. Дегенмен дәрігерлер адамның ағзасын улайтын канцерогендерден аулақ болуды ескертеді. Ол: никотин, ішімдік, химикаттармен тұншыққан ауамыз, майлы, тұзды, ащы тағам, түрлі микробтар мен вирустар да адам бойындағы өзгеріс­терді жылдамдатады.
Адам денсаулығына жауапты болып, жаман әдеттерден аулақ болса, кім біледі, мүмкін мұндай бейнет басқа түспес пе еді. Бағымызға орай, жыл өткен сайын медицинада обырға қарсы тиімді әрі қауіпсіз емдеу әдістерін ойлап тауып жатыр. Бәлкім, тұмаудың алдын алғандай, обырды да елемейтін күн туар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды