«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Образға толы бояулар

0 10

Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, белгілі қылқалам шебері Руслан Ақанаевтың жеке көрмесі ашылды.

Көрмеге шебердің соңғы жылдары салынған жұмыстары қойылды. Руслан – әлемге танымал суретші Амандос Ақанаевтың баласы. Жалпы, қазақтың бейнелеу өнерінің дамуына Ақанаевтар әулетінің қосқан үлесі зор деп айтуға болады. Бұл әулеттің өнердегі жолы өткен ғасырдан басталады. Осы сара жолды бүгінде төртінші ұрпақ өкілдері жалғап жүр.
Осындай текті шаңырақтан қанат қаққан талантты азамат бала күнінен бейнелеу өнеріне ынтық болып, есейе келе Алматыдағы көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Оны ойдағыдай аяқтағаннан кейін де өнер жолынан алыстамайды.
Бүгінде Русланның ғажайыпқа толы туындылары елімізге ғана емес, сырт жерлерге де жақсы танылған. Қазір оның жұмыстары Германия, Франция, Канада, Ресей, Швейцария секілді мемлекеттердің жеке коллекцияларында сақтаулы тұр. Бүған дейін шебердің Мәскеу, Эрфурт, Вашингтон, Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында жеке көрмесі өткен.
Суретшінің туындылары түрлі образға толы… Бояуы да қанық. Картиналардағы бейнелерді көрген адамдар одан бір ерен күш алғандай әсерде болады. Соған қарағанда автор өз жұмыстарын энергетикамен байланыстырып сала ма деген ой туады.
Көрменің ашылуында кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева сөз алып, бұл мәдени шараның Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылғанын айтты. Сондай-ақ көрме иесі де жиналғандарға ізгі тілегін білдірді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды