«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«НҰРСАЯНЫҢ» АУҚАЛЫ немесе сыры мен сыны кеткен элиталық үй

Елордадағы әдемі әрі туристер фотоға жиі түсіретін ғимараттардың бірі – «Нұрсая» тұрғын үй кешені. «Нұрсая-1» және «Нұрсая-2» болып бөлінеді. Ел астанасының дәл орталығында, «Бәйтеректің» түбінде орналасқан. Кешеннің қолданысқа берілгеніне биыл 10 жылдың жүзі болды. Келбеті көз сүйсіндіргенмен ауласы тозған, шаңы шығып, шөбі орылмай, арамшөп басқан. Аулаға кіретін баспалдақ та үгіліп, мүжіліп тұр.

0 12

Біреулер үшін арман болып жүрген үйдің жағдайы сын көтермейді. Астананың қақ ортасында, Министрліктер үйі мен Ақордаға таяқ тастам жерде тұрған элиталық «Нұрсая-2» тұрғын үйіне күтім жасалмағалы көп болғаны анық.
«Нұржол» желекжолының бойына салынған тұрғын үй кешенінде еліміздің зиялы қауым өкілдері, Парламент депутаттары және басқа да танымал тұлғалар тұрады.
Асфальт төсемелерінің тозығы жетіп, балалар ойын алаңының апатты күйде тұрғанына да біраз уақыт болып қалды. Соның салдарынан бүлдіршіндердің асфальт үстінде амалсыз доп теуіп жүргенін сан мәрте көрген едік. Кешеннің ескіріп, оған жөндеу жұмыс­тарының тиісті деңгейде жүргізілмеуінің себебін іздеп, «Нұрсая-2» ПИК мамандарына жүгінген едік, мынадай жауап алдық:
«Бұл кешеннің құрылысы о баста у-шумен әрең біткен. Сол тұстағы құрылыс­ты бастаған тұлғалар жұ­­мысын соңына дейін бі­­тіре алмай, істі болған еді.
Кейінірек оны арзан ма­­териалдармен салып, әрең дегенде аяқтаған. Сол арада астыңғы қабаттағы көлік тұрағы да, тиісінше оның үстіңгі бөлігі де жекеменшікке өтіп кетіпті. Заң бойынша біз ғимарат пен одан бес метрдің тазалығы мен қалыпты жағдайына жауаптымыз. Ал қалғаны біздің мойнымызда емес.
Дегенмен ауладағы жүргі­зіліп жатқан жөндеу жұмыс­тары біздің бастамамызбен қолға алынды. Жекеменшік иелері қозғалмаған соң, өзіміз бастап отырмыз. Бұл – биылғы жоспарымыз. Келер жылы өзге тұстарын жөндейміз» дейді ПИК қызметкері Бағлан Байсұлтанов.

Есіл ауданының әкімдігі ресми жауап берді

Бұл жағдайға байланысты Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық әкімшілігіне хабарласып, түсініктеме беруін сұрадық. Арада көп өтпей, Елорда Инфо жариялаған материалдан кейін Есіл ауданының әкімдігі редакция­мызға ресми жауап берді.
Есіл ауданы әкімдігінің мәлімдеуінше, ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 2-бабына сәйкес, жекеменшіктегі үй-жайлардан басқа, кондоми­ниум нысанының бөліктері (кіреберістер, баспалдақтар, лифттер, шатырлар, жер­төлелер, пәтерден тыс не үйге ортақ инженерлік жүйелер мен жабдықтар, абоненттік пошта жәшіктері мен ортақ пайдаланылатын басқа да мүліктерді қоса алғанда, жер учаскесі) ортақ мүлік болып саналады.
Сонымен қатар, қалалық мәслихаттың 2017 жылғы 20 шілдедегі №166/21-VI «Астана қаласының аумағын абаттандыру қағидалары туралы» шешіміне сәйкес ақылы автотұрақтардың, гараждардың, жабық паркингтердің аумағын, сондай-ақ осы паркинг­тер­дің шатырларын тазалауды осы нысандарды пайдаланатын меншік иелері мен ұйымдар қамтамасыз етеді.
Бұдан бөлек, паркинг және паркинг шатыры елорда әкімдігінің 2018 жылғы 19 қыркүйектегі №501-1613 қаулысымен қаланың коммуналдық меншігіне берілді. Яғни қазір Нұр-Сұлтан қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының иелігінде.
«Астана LRT» қазіргі уақытта «Нұр-Сұлтан қаласының Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы» ММ атына паркингті сенімгерлік басқаруға беру туралы өтініш жолдапты. Келісімшартқа қол қойыл­ғаннан кейін паркингтің шатырын, сондай-ақ баспалдақ алаңын қалпына келтіру жұмыстары жоспарлануда. Болжам бойынша осы жылдың төртінші тоқсанында жұмыстар басталады.

Жөндеу жұмыстарына ақша жиналмайды

Әкімдіктің мәліметі бо­йынша «Нұрсая» кешенінің басқару органы болып есептелетін «Нұрбекет» ЖШС осы жылдың наурыз айынан бастап өз қаражатына жөндеу жұмыстарын жүргізбек. Яғни жөндеу жұмыс­тары үшін тұрғындардан ақша жиналмайды. Қазіргі уақытта қылқан жапырақты ағаштардың көшеттерін отырғызу (биіктігі 3 м болатын 42 шыр­ша, биіктігі 1 м болатын 200 шырша), газондар, гүлзарлар орнату, жапқыштарды (борттық тас­тарды) ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр (фотода көрсетілген).
Пандустың сынған кафельдері «Нұрбекет» ЖШС есебінен қалпына келті­ріледі. Сонымен қатар, әкімдік мамандары «Астана қалалық жарық» ЖШС мердігерлік ұйы­мымен бірлесіп шамдарды қалпына келтірді (фото қоса беріліп отыр). Аула жарығының өзге тұстарын қалпына келтіру мерзімі 10 тамызға дейін аяқталады деп уәде етілді. Ал футбол алаңының құрылысы 2020 жылға арналған абаттандыру жоспарына енгізілетін болады.
«Ортақ меншік ретінде үй жанындағы, аулалық және іргелес аумақтарға қызмет көрсету қолданыстағы заңнамада белгіленген дең­гейде кондоминиумға қа­тысушылардың есебінен жүргізіледі. Елорда мәслихатының 2017 жылғы 20 шілдедегі №166/21-VI «Астана қаласының аумағын абаттандыру қағидалары туралы» шешіміне сәйкес, үйді бес метр радиуста тазалап, күтіп ұстау тұрғындардың өз бетінше немесе ұйымдармен шарт бойынша жүргізіледі. Демек, жергілікті өтпелі жолдарға, сондай-ақ кондоминиум нысанының аумағына жатпайтын тұс­тарға, яғни жекеменшік иелеріне тиісті орындарға жергілікті атқарушы органдар қызмет көрсетеді» деп атап өтті әкімдік.
Қазіргі уақытта пандус үстінде «Нұрбекет» ЖШС жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осыған байланысты аулада құм, кірпіш секілді құрылыс материалдары жатқанын байқауға болады. Өз кезегінде Есіл ауданының әкімдігі осы іске түсіністікпен қарауға шақырады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды