«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Nurorda Cup» кубогы

0 20

Елордада БАҚ өкілдері арасында «Nurorda Cup» турнирі өтті. Кубокты сарапқа салуға 12 команда қатысты.

Дәстүрге айналған турнирдің ұйымдастырушылары жеңімпаз командаға Наурыз мейрамы қарсаңында Өзбекстан астанасы Ташкент қаласына сапарлап қайтуға жолдама беретін болды.
Жалауы желбіреген жарыста командалар алдымен үш топқа бөлініп, өзара мықтыны анықтады. Бұл бәсекеде біздің «Elorda Aqparat» командасы алдымен «Қаламгер» ұжымын 7:2 есебімен ойсырата жеңсе, артынша «Қазақстан» ұлттық арнасы жігіттерімен кездесіп, 3:3 болып тең түсті. Ал соңғы ойында «Хабар 24» командасын 2:1 етіп, топтық кезеңнен бірінші болып шықты. Кіл мықтылар шыққан ширек финалда «Қазақ радиоларымен» сынға түсіп, негізгі уақытта 3:3 есебімен тең түссе, пенальти сериясында «Elorda Aqparat» дәлдік танытып, жартылай финалға шықты. Дегенмен, жартылай финалда «Қазмедиа» командасына есе жіберіп алды. Есесіне 3-орын үшін ойында «Егемен Қазақстан» командасын 7:1 есебімен тізе бүктіріп, қола жүлдеге ие болды. Ал чемпиондық атақты «Қазмедиа» мен «Хабар» сарапқа салды. Нәтижесінде 7:2 есебімен «Қазмедиа» жеңіске жетіп, турнир жеңімпазы атанды.
Жарыс соңында «Білім-Инновация» халықаралық қорының президенті Дархан Өте жарысқа қатысқан командаларға алғысын білдіріп, жүлделер тапсырды. Турнирде үздік көрінген ойыншылар да марапатталды. «Үздік қақпашы» сыйлығын «Хабар» ойыншысы Алмат Жүнісов, «Үздік қорғаушы» сыйлығын «Елорда Ақпарат» капитаны Елтай Нұрғазин, «Үздік шабуылшы» сыйлығын «Қазмедиа» ойыншысы Құмарбек Азат иеленді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды