«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Нұрлы жолда» адасып кетпеңіз… немесе жаңа вокзал жұртшылыққа ыңғайлы ма?

0 276

Астана – болашақтың қаласы. Бас қалада көрнекті орындар жеткілікті. Солардың бірі – «Нұрлы жол» вокзалы. Заманауи үлгімен жасалған ғимарат өткен жылы ғана ғаламдық EXPO-2017 көрмесі қарсаңында ашылды.

Жаңа вокзал арқылы күніне мыңдаған адам келіп-кетіп жатады. Мау­сым айының алғашқы күні ашылса, арада бірер ай өтер-өтпес миллион жолаушыны қабылдап үлгерді. Ал жыл соңына қарай 3 миллионға жуық жолаушыға қызмет көрсетті. Астанаға кіретін по­йыз­дың 60 пайызы «Нұрлы жолға» келіп тоқтайды екен. Шетелден ат терлетіп жеткен қонақтар ең алдымен ғимарат ішіне кіріп, таңданыстарын жасыра алмай жатады. Аумағы 120 мыңнан аса шаршы метрді құрайтын вокзал ішінде балаларға арналған орындар да, қонақүй де, автотұрақ алаңы да, мейрамханалар мен медициналық кабинеттері де бар. Былайша айтқанда, жолаушылар үшін жағдай жан-жақты жасалғандай көрінеді. Дегенмен, жаңа нысанның кемшін тұстары әлі де жетерлік. Біз осы орайда ел тұрғындарына қолайсыз болған тұстарын, бүгінге дейін шешімін таппай тұрған мәселелерді қоз­ғау­ды жөн көрдік.

Лифт пен эскалатор жетіспейді

Биыл наурыз айында Астана қаласының бұрын­ғы әкімі Әсет Исекешев бастамасымен вокзал ау­мағына келген жолау­шылардың аялдамаға де­йін­гі жолы айтарлықтай қысқарғаны хабарланды. Бұған қоса, қала тұрғындары мен қонақтары үшін эскалатор саны көбейтіліп, жолаушылар мен жүк тасымалдайтын қосымша лифтілер пайдалануға берілген болатын. Бұл жұрттың бірінші қабаттан бірден үшінші қабатқа шығып, түсуіне жағдай жасады. Жаңа теміржол ғимаратында қазір бас-аяғы 26 лифт жұмыс істеп тұрған көрінеді. Рас, мұны естіген адам бастапқыда таң қалары анық. Бірақ түптеп келгенде, оның небәрі алтауы ғана жолаушыларға арналыпты. Оның әрқайсысы вокзалдың әр тұсында орналасқан. Ал пойызға кешігіп жеткен жолаушының әлгі лифтіні біраз уақыт күтуіне тура келеді. Эскалатор арқылы жетуі тіптен қиямет. Ауыр жүгін көтеріп біраз жерді шарлауы керек. Осы мәселені ыңғайлы ету үшін жауапты мамандар жолау­шыларға арналған лифті санын арттырғаны абзал.
Эскалатор саны да аз емес көрінеді, 6 қабатты ғимаратта бастапқыда 52 данасы жұмыс істесе, бірнеше ай бұрын қосымша 12 саты қосылыпты. Дегенмен, бұл да негізгі проблеманы шеше алмай тұрған сыңайлы.
– Түу, осы бір эскалаторды-ай! Таразға жүретін пойызға кешігіп барамын. Ал мына жұрттың арасынан ауыр сөмкелеріммен өту мүмкін емес. Халықаралық стандартқа сай жасалған шығар, бірақ бұл вокзал болғандықтан, эскалаторда екі-үш адам өтетіндей, сәл кеңдеу етіліп жасалуы керек қой, – деп қынжылды Қайдар есімді жолаушы.
Ол рас, әсіресе, пойыз келген тұста теміржол алаңына қарай түсу үшін құжынаған жұртта есеп жоқ. Ал автоматты сатының бір баспалдағына екі адам әзер тұрарлықтай. Енді бірі келіп, бірі кетіп бара жатқан жұрттың қос-қос сөмкесімен біреуді құлатып, жарақаттамай өту екіталай. Осы тұста мына бір жайтты айта кет­кен жөн, халықтың басым бөлігі үлкен залға жиналған соң негізгі сатылар арқылы түскенді жөн көреді. Алайда өзге тұстарында орналасқан бірнеше эскалатордың барын біле бермейді. Сол себепті «Нұрлы жол» ішін үлкен зал, ал автоматты сатылар орналасқан тағы бір тұсын, яғни жолаушылар көп бара бермейтін жағын кіші зал деп екіге бөлгені жөн секілді.
Мәліметтер бойынша, «Нұрлы жол» күніне 20 мыңға жуық адам қабылдаса, о бастағы жоспарға сәйкес 35 мың жолаушыға бір мезетте қызмет көрсетуге қауқарлы екен.

Автотұрақ па, әлде лабиринт пе?

Былтыр ғаламдық көр­менің қарсаңында ашыл­ған нысанның жабық авто­тұрағы тек бірнеше айдан кейін, яғни қазанның ортасына таман қолданысқа берілген болатын. Бастап­қыдағы тегін орындар бертін келе ақылы түріне ауысты. Қазіргі уақытта сағатына – 100 теңге, 12 сағатқа – 1000 теңге, бір күнге 2000 теңге болады. Ал іші-сыртында бас-аяғы 1500-ден аса көлік сыятын орын бар.
«Нұрлы жолға» алғаш келген адам әсіресе, авто­тұрақ алаңына енгенде бейне бір лабиринт ішіне түсіп кеткендей әсерде қалары анық. Ғимараттың алдынан кіріп, артынан шыққан жүргізуші келесі келгенде де адаспасына кепіл жоқ. Жүргізушілердің екінші қабатқа көтерілетін тұсын немесе шығар жолды таппай, тұрақ ішін шыр көбелек айналып жүргеніне куә боламыз. Бәрінің қоятын жаттанды сауалы бар. «Екінші қабатқа көтерілер тұсы қайда? Қай жерінен шығып кетуге болады?».

Бұл вокзал бұрынғысынан басқаша

Әрбір жаңа істің бұрын­ғысымен салыстырылуы – заңдылық. Осы тұста «Нұрлы жол» арқылы Шу қаласына жол жүріп бара жатқан елордалық тұрғын­дардың бірімен тілдескен едік:
– Өз басым, «Нұрлы жолға» барғанша, ескі вок­залдан («Астана – 1») жүр­генді жөн көремін. Біз көшіп жүргенді жақсы көреміз ғой. Бір сөмкемізбен жол жүріп кетуіміз екіталай. Заттарымызды артынып-тартынып, таксилетіп жеткенде алдымен автобус жүретін тұсына көтерілуіміз керек. Ары қарай ғимаратқа кіріп, үшінші қабатына барамыз. Ал вагонға кіру үшін екінші қабатқа қайта түсеміз. Жаңаның аты жаңа ғой, бәрі заманауи үлгімен жасалған. Бірақ әдемілігі өз алдына, мұның бәрі қазақ халқына арналып жасалған ба!? «Нұрлы жолдан» жүру үшін тек бір сөмкеңді ұстап бара салуың керек секілді. Ал Гете көшесінде орналасқаны өте қолайлы. Кіруіңе де, шығуыңа да бес минут жетеді, – деп кейіді қолында екі сөмкесі бар Сәлима есімді жолаушы.
Шыны керек, оңтүстіктен қауын-қарбызын көтеріп, туысқандарына базарлығын алып жеткенде көлікке жету бір мұң. Одан қала берді бұл жерден жүк көтерісетін немесе жүк таситын арбасы бар жігіттерді табу оңай емес. Алдыңнан шығып, қызметін ұсынбайды, әрбір жолау­шы өзі іздеп табуы тиіс. Ал қызметі үшін алатын ақысы шарықтап тұр.
Ескі ғимаратта кірер тұсы мен шығар орны белгілі. Ал жаңасында жағдай мүлдем басқаша. Кірер жағын тапқаныңмен, алдыңнан үлкен аппараты бар қызметкерлер қарсы алады. Арнайы аппарат арқылы заттарын тексертіп кіру үшін маңайына қалың жұрт жиналып, ұзын-сонар кезек пайда болады. Ал әрбір кіреберіс алдына мұндай кезек жиналмас үшін аппараттың бірнешеуі орнатылғаны жөн. Болмаған жағдайда «билет қалтада, пойыз қайда барадының» кері келеді.
Қорыта айтар болсақ, Астана күн өткен сайын аумағы артып, гүлденіп барады. Тиісінше басты мақсатымыз дамыған қала­лардың қатарына кіруіміз керек. Дей тұрғанмен, әрбір бастамада негізгі тәжірибені дамыған елдерден алып, қазақы болмысымызды назардан тыс қалдырмасақ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды