-->

Нұркен ӨТЕУІЛОВ: АКТЕРГЕ ЖАНКЕШТІЛІК КЕРЕК

«Оқырманнан – он сұрақ»  айдарының  бүгінгі кейіпкері ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қ.Қуанышбаев атындағы  Мемлекеттік  академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері, «Бәйтерек» тобының әншісі  Нұркен ӨТЕУІЛОВ.

– Ұлдарыңыз Бекарыс та, Ақарыс та – өздеріңізге тартқан өнерлі өрендер. Жақында «Мауглидің» қазақшасын көріп, дубляжына тәнті болдым. Ақарыс басты кейіпкерді шынайы дыбыстап, Мауглиді қазақтар түсіргендей әсер қалдырды. Балаларыңызды сахнаға өзіңіз жетелеп жүрсіз бе?
Жұлдыз, мұғалім

– Жанында жүрген анық дүниені байқамай жататын кездер болады. «Сырт көз – сыншы» дейді, таныстарымыз ұлдарымызды талантты деп жататын. Бекарыс пен Ақарыстың бойындағы өнерге: дауыстың әдемілігіне, құймақұлақ – «абсолютный музыкальный слух» екеніне «Өнерлі отбасы» телешоуына қатысқанымызда көзіміз әбден жетті. «Әке былай істесек қайтеді?» деп сценарийге атсалысып, идея қосып жүгіріп жүрді. «Келіңдер, сахнаға шығыңдар» дегенім жоқ. Бәрі – өздерінің қалауы. Ешқайсының бетінен қақпай өсіруге тырысамын. Қай мамандық иесі болсын, елге адал қызмет етер үлгілі ұрпақ тәрбиелеу ғой, бастысы. Үлкен ұлым кинорежиссер болса деген ойым бар. Ал кенжемнің арманы керемет. «Ауаны ластамайтын көлік шығарам, қазақ деген жазуы бар мәшине ойлап табам» дейді. Ақарыс – өте елгезек. Соған қарағанда, экономика ма, техника ма, әйтеуір, басқа саланың маманы болатын секілді.

– Сахнада болған қызықты оқиғамен бөліссеңіз…
Азамат Әжібаев, полиция қызметкері

– «Қымбатты Памелла» деген спектакльде Сырым екеуміздің бір сахнамыз бар. Тиын лақтырамыз. «Бер жағы түссе сен барасың, ар жағы түссе мен қаламын» деймін. Демек, қалай аударылса да, өзімнің пайдама шешіледі ғой. Сырым қолымдағы тиынды алғалы жатыр. Спектакльде ондай жоқ болатын. Халық естімей қалды ма деп сөзімді тағы қайталадым. Сен барасың, мен қаламын. Сырым күліп жіберді. Ол жерде күлкі тұрмақ, басқа эмоция, ызалану керек. Оған қарап мені де күлкі қысты. Көрермен де ду күлді. Тоқтата алмаймыз бір-бірімізді. Сөзімізді айта алмай ыржың-ыржың. Импровизация екенін көрермен түсініп отыр. Бірақ ыстық ықыласпен қабылдады. Қойылымнан кейін режиссер досымыз Асхат Маемиров «спектакль ішіндегі ең бір шынайы шыққан сахна сол болды» деген бағасын берді. Жалпы, театрда күнде бір қызық өтеді ғой басымыздан.

– Образды сахнаға шығару үшін қалай дайындаласыз?
Нұрғазы Жұмабай
– Қандай да бір спектакль алдында режиссер актерлерді рөлге бөледі. Бір рөлді сахнаға шығару үлкен ғылыми зерттеу жүргізумен тең ғой. Кейіпкердің мінез-құлқын түсіну керек. Тарихи кейіпкер болса, мұрағаттан соған қатысты деректерді ақтарасың. Спектакльдің сахналануына дейін үнемі ізденісте жүресің. Өз басым, қайда жүрсем де образ жанымнан бір елі кетпей қояды. Жолда келе жатқанда, үйде отырғанда, тамақ ішкенде, ұйықтар алдында, жатсам да, тұрсам да ойымнан шықпайды.

– Ұлым былтыр Қазақ ұлттық өнер университетіндегі «Театр және кино актері» мамандығына оқуға түсті. «Актерге жұмыс табу қиын шығар» деп жиі уайымдаймын.
Ғайнижамал Мұхаметжанқызы
– Жазушы Оралхан Бөкей актерді күні-түні ұйықтамайтын кәсіпке теңеген екен. Шындығында, бұл мамандық үлкен жанкештілікті талап етеді. Жүзден оза шабу үшін адам жастайынан өз-өзін қамшылау керек. Қазақ балаларының көбі өнерлі. Бірақ, кейбірінде жалқаулық басым. «Әлі студентпін ғой, оқу бітіргенде көреміз, жұмысқа кіре саламын» деген сөздер құртады бәрін. Соның кесірінен қатарластарынан қалыс қалып, өкінетін жастар көп. Уақыт – өткінші, лезде өте шығады. Бәрі де баланың талабына байланысты.

– Осыған дейін ойнаған жаныңызға ең жақын рөл қайсы?
Айжан Қасымова, журналист
– Абай. Абайға үлкен дайындықпен келдім. «Тек қана сақал мұрт жабыстырып, сыртқы бейнесін ұқсату емес, Абайды «тірілту» керек, халыққа жақындату керек. Сол жағынан күш сал» деп режиссер талап қойды. «Абай жолын», Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін, абайтанушылардың еңбектерін күні-түні зерттеп оқыдым. Абай жанашыр досыма, сырласыма, ұстазыма айналып кетті. Оның шығармалары арқылы білімім толықты, көп нәрсені үйрендім. Өзіме баға беретін болсам, Абай мені әжептәуір өсірді, рухани жағынан азықтандырды. Ендігі ойлап жүргенім, Алаш зиялылары тақырыбын тереңнен қаузап, ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның образын сахнаға алып шыққым келеді.

– Өзіңіздің әріптесіңіз, бір танысым «Болашақта әйелімнің актриса болуын қаламаймын» дейді. Сіздің жарыңыз – актриса. Екі бірдей актердің отбасы құруында не кемшілік бар сонда?
Риза Маратқызы

– Ол жігіт актриса қыздан қорлық көрген шығар, қайдан білейін. Мен әйелім екеуміздің бір салада жүргенімізге қуанамын. Өмірде де, өнерде де қол ұстасқаннан ұтылған емеспіз. Еңбекте бір нәтижеге жетуімізді – ортақ көзқарастың, керек жерде сынап, қатемізді түзеп, ой қосып, өнердің бір пұшпағын бірігіп илегеннің жемісі деп білемін.

– Әке ретінде бала тәрбиесінің қай жағына көбірек көңіл бөлесіз?
Қалдыгүл Шаймерденова
– «Үйдегі әке-шешелерің – біз, ал мектепте – ұстаз» деп үйре­темін. Кейде балалардың көңілі болыңқырамай, ренжіп келгенде, «Ұстаз сендерді жақсы болсын дейді, айтқандары жөн» деп ұстаздың шәкірт алдындағы беделін үнемі өсіріп отырамын. Сондай-ақ, ұлдарымның сөйлеу тіліне ерекше мән беремін. Шешен болсын деп, өлеңдерді жаттатып, небір керемет кітаптарды оқытамын.

– Түнде не ойлайсыз?
Ақылбек Тығынбаев
– Жатар алдында өт­кізген күніме есеп бере­мін. Біреуді ренжітіп ал­дым ба? Кездескендермен қалай амандастым? Мына ортада қандай әңгіме жүрді? Осы керек пе, жоқ па? Неше түрлі ойлар мазалайды. Ер­теңін ойламайтын адам жоқ шығар. Келесі күнді жос­парлап шығамын. Жал­пы, әрдайым оймен ұйықтаймын.

– Театрға келген сайын дауысыңызға қызығып қайтамыз. Сыбырлап сөйлесеңіз де, балконға дейін анық естіледі. Оның сыры неде?
Мадияр, студент
– Студент кезде сахна тілін жақсы меңгеру керек. Халық әуелі тілді, сөзді естуге келеді. Тілдің тазалығы бір бөлек, екпіннің жөн-жосығын жақсы түсіну маңызды. Кейіпкердің жанын толық түсініп, әр қимылын, демін нысанаға тигізіп ойнайтын болсаңыз, ауыздан шыққан әр дыбыс ауада еркін таралып, жан-жаққа естіледі. Кейіпкердің ыңғайына жығылу деген де бар. Жағымсыз кейіпкер болса, соның қылықтарын іздейсің, тынысына дейін тауып ұқсату керек. Оның бәрі бір күнде емес, үлкен дайындықпен келеді әрі күнделікті еңбекті қажет етеді. Біз әлі күнге дейін қойылым алдында жаңылтпаш айтып, тілді жаттықтырамыз, көмекейді ашып, тамақты қыздырамыз, жақты ашу үшін түрлі жаттығулар жасаймыз.

– «Бәйтерек» тобы кө­рінбей жүр, тарап кетті­ңіздер ме?
Мөлдір, оқушы
– Үшеуміз де – бір театр­дың актеріміз. Тобымыз құрыл­ғандағы ортақ арман – әнші­лігіміз бен актерлік ойынымызды бір арнаға ұштастырып, халыққа мюзикл ұсыну болатын. «Бәйтеректің» 10 жылдық мерейтойында классикалық туындыны заманауи түрде ұсынған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» мюзиклын қойып, бұл арманымыз да орындалды. Бүгінде біріміз актер болып, бірі режиссерлықтан көрініп, шәкірт тәрбиелеп жүр. «Бәйтеректің» сондай бір тыныш шағы. Бірақ, тарап кеткеніміз жоқ. Не дегенмен «астаналық» деген ең алғашқы триомыз ғой. Бізді халыққа танытқан да осы – «Бәйтерек» тобы. Қазір ән жазу үстіндеміз. Репертуарды жаңартып, халықпен қайта қауышуға ниеттіміз.

Дайындаған: Мәдина ЖАҚЫП

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*