«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Нұр-Сұлтанды Лиссабонда таныстырды

Жаһандық туристік саммит қазақ елі астанасында қазан айында өтеді

0 34

Елорда әкімі Бақыт Сұлтанов Бүкіләлемдік туристік ұйымға (БТҰ-ЮНВТО) мүше елдердің қала мэрлері мен туризм министрлерінің Лиссабондағы форумында Нұр-Сұлтанды БТҰ-ЮНВТО-ның қалалық туризм бойынша 8-інші жаһандық саммиті өтетін қала ретінде таныстырды. Қазақстан елордасында 2019 жылдың 7-11 қазаны күндері аталған саммиттің өтетіні жөніндегі шешім 2018 жылы Сеул қаласында қабылданғаны белгілі.

Лиссабондағы форумның шеңберінде Бақыт Сұлтанов пен БТҰ-ЮНВТО-ның бас хатшысы Зураб Пололикашвили «Ақылды қалалар, ақылды бағыттар» деген тақырыппен БТҰ-ЮНВТО-ның қалалық туризм бойынша 8-інші жаһандық саммитін өткізу жөніндегі келісімге қол қойды. Сонымен қатар, саммитте Халықаралық конгрестер мен конференциялар қауымдастығы ұйымдастыратын іскерлік туризмнің индустриясы бойынша шеберлік дәрістері жүргізіледі.
БТҰ-ЮНВТО-ның жаһандық саммитін өткізу – бұл қаланы Орталық Азияның жаңа туризм орталығы ретінде көрсетуге керемет мүмкіндік. Қаланы дамытудың жаңа бағыттарын әлемге көрсетуге, ірі халық­аралық қауымдастықтар және компаниялармен ынтымақтастықты дамытуға жол ашылады. Әрбір жаһандық деңгейдегі басқосу нәтижесінде қонақүйлер адамға толады, кәдесый өнімдеріне сұраныс артып, дәмханалар мен мейрамханаларға келушілердің саны көбейе­ді. Бір сөзбен айтсақ, мұндай форумды өткізу бізге халықаралық іскерлік іс-шараларды көбейтумен қатар елордаға туристердің ағынын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, жаһандық саммит Нұр-Сұлтан қаласына туризм саласындағы халық­аралық беделді сарапшыларды жинайды. Мемлекеттік және жеке сектордағы әріптестерді біріктіре түседі, қалалық туризмді дамытудың жаңа үрдістерін енгізуге негіз қалайды. Өйткені туризм экономикаға табыс әкелумен қатар, әлеуметтік бірлікті нығайту және мәдениетті сақтау құралына айналды.
Аталған форумда сөз сөйлеген Бақыт Сұлтанов халықаралық деңгейдегі іс-шараларды өткізуге Нұр-Сұлтанның барлық қажетті инфрақұрылымы бар екенін атап өтті. «Сеул, Куала-Лумпур, Барселона, Мәскеу, Ыстамбұл сияқты ғажайып қалалардан кейін осынау аса маңызды саммитті өткізу эстафетасын қабылдап алу, осындай аса беделді шараны Нұр-Сұлтан қаласында өткізу – зор құрмет» деді Б. Сұлтанов.
Қазақстанның төр қаласының туристік тартымдылығы жөнінде әңгімелеген Бақыт Тұрлыханұлы: «Бүгінгі Нұр-Сұлтан – бұл әлемдегі ең жас және қарқынды дамып келе жатқан астаналардың бірі, Орталық Азияның іскерлік және уақиғалық хабы. Бұл қала өзінің заманауи инфрақұрылымымен, қайталанбас сәулетімен және бірегейлігімен таң қалдырады» деді. Ол өз сөзінде соңғы 20 жылда елорданың қонақүй қоры 80 есеге дейін өскенін тілге тиек етті. «Егер де 20 жыл бұрын қалада бар-жоғы 3 қонақүй болса, қазіргі таңда 231 қонақүй жұмыс істейді. Олардың қатарында танымал әлемдік қонақүй желілері де бар» деп түсіндірді әкім.
БТҰ-ЮНВТО-ның бас хатшысы Зураб Пололикашвили өзінің құттықтау сөзінде туризмнің қаланың орнықты дамуының ажырамас бөлшегі екеніне тоқталды. «Қалалық туризмнің маңыздылығы сол, ол бұрынғы туризм бар жерде де, туризм енді дамып келе жатқан жерде де қарқын алуда. Мұндай үрдіс туризмді қалалардың тұрақты дамуының ажырамас бөлшегіне айналдырды. Осы орайда, біз БТҰ-ЮНВТО-ның қалалық туризм бойынша 8-інші жаһандық саммитін Нұр-Сұлтанда өткізетінімізге ризашылық білдіреміз» деп мәлім етті З. Пололикашвили.
БТҰ-ЮНВТО – Бүкіләлемдік туристік ұйым – БҰҰ-ның жүйесіне кіретін мекеме, оның құрамында 158 мемлекет, 6 қауымдасқан мүшесі және 500-ден аса үлестік мүшелері бар. Ұйымның негізгі атқаратын қызметі – туризм саласын жалпыға ортақ және тұрақты түрде дамыту. Штаб-пәтері Испанияның астанасы – Мадридте орналасқан.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды