«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Нұр-Сұлтанда мемлекеттік қызметкерлер 200 миллион теңге аударды

0 36

Нұр-Сұлтан қаласындағы мемлекеттік органдардың, қалалық мекемелер мен кәсіпорындардың қызметкерлері бір күндік жалақысын, яғни жалпы сомасы 200 млн теңгені Арыс қаласының зардап шеккен тұрғындарына аударды. Бұл туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов Facebook парақшасында хабарлады.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Арыс қаласының тұрғындарына көмек көрсету және қаланы қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Нүркенов құрылыс бригадасымен бірге Арыс қаласына барады. «Түркістандық әріптестерімен бірге қираған тұрғын үйлер, басқа да инфрақұрылым объектілерін қалпына келтіруге көмектесетін болады. Онда шатырлы лагерь орнатылып, инженер мамандары бірден іске кіріседі» деді әкім. Сонымен қатар, елордада Арыс қаласының 500 баласы үшін жазғы демалыс өткізуді қолға алды. Оларға елорданың көрікті жерлері бойынша экскурсиялар, концерт бағдарламалары өткізіледі. Балалар үймен, қажетті заттармен, киіммен, мектепке қажет құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. «Халықтың бірлігі осындай қиын сәттерде танылады. Еліміздің әрбір азаматы Арыс қаласының тұрғындарына алаңдаушылық білдіріп отыр. Өз кезегінде астаналықтар зардап шеккендерге көмек көрсетуден шет қалмайды» деп жазады қала басшысы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды