«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Нұр-Сұлтан – қолайлы қала

0 40

Нұр-Сұлтан қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеу аясында қалалық әкімдік пен «Зерттеу және консалтинг орталығы» дөңгелек үстел өткізіп, бас шаһардың жұртшылыққа жайлылығы – басты мақсат екенін жеткізді.

Жиынға жергілікті билік өкілдері мен сарапшылар, «Астанабасжоспар» ҒЗЖИ» мамандары, бірқатар компания мен зерттеу орталықтарының өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
– Нұр-Сұлтан – халқының саны аса жылдам қарқынмен өсіп келе жатқан қала. Бұл жағынан елорданы тек Қытайдың миллионер қалаларымен ғана салыстыруға болады. Жұртшылықты баспанамен қамтамасыз ету үшін тұрғын үйлер құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанмен, Нұр-Сұлтанды баспанамен қамту жағынан бұрыннан қалыптас­қан әлемдегі өркениетті қалалармен салыс­тыруға келмейді, – дейді «Strategy Partners» жобасының жетекшісі Никита Попов.
Оның сөзінше, елордада туристерге арналған музей сияқты мәдени нысандар әлі де жеткіліксіз. Сондай-ақ ол қалада ашық аспан асты алаңдардың көп, ал жабық кеңістіктегі қоғамдық орындардың аз екенін атап өтті.
Сарапшылардың айтуынша, Нұр-Сұлтан 2050 жылға қарай әлемдегі білім мен денсаулық саласы жетілген, қауіпсіз әрі жайлы, өмір сүруге барынша қолайлы қалалардың бірі болады. Ол үшін қазіргі уақытта стратегиялық жоспар әзірленіп жатыр. Тақырыпты кеңінен талқылаған жиынға қатысушылар шаһардың болашағы жайлы өз ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын да айтты. Олардың бірі шаһардың болашағынан гөрі қазіргі жағдайына көбірек көңіл бөлу қажеттігін айтса, Артем Павельев есімді қатысушы Ақбұлақ арнасы жағалауы мен кейбір саябақтың қоқыстан тазартылмайтынын сынға алып, кәріз құдықтарын жаяу жүргіншілер жолдарының бойынан көргеніне таңданысын білдірді. Алайда Қалалық ортаны регенерациялау басқармасы басшысының орынбасары Аманжол Алпысбаев кәріз құдықтарының орны тек норматив бойынша белгіленетінін жеткізді.


Өз кезегінде алдағы уақытта қаладағы веложолдардың тротуарлардан бөлек салынуы керектігін тілге тиек еткен «Кәсіподақтардың Қазақстан спорт және дене шынықтыру қоғамы» қоғамдық қорының вице-президенті Бақытжан Есжанов Нұр-Сұлтан қаласында тез соғылатын бірегей спорт нысандарын салуды ұсынды. Хоккей корты мен шағын футбол алаңын қамтитын бұл кешеннің жобасы, біріншіден, жер ресурстарын үнемдеуге мүмкіндік берсе, екіншіден, балаларға спортпен тегін айналысуға жол ашпақ.
Шара барысында тілшілерге берген сұхбатында урбанистика орталығының жетекшісі Асхат Сәдуов 2030 жылға дейінгі жаңа форматтағы кешенді жоспарды 2020 жылдан бастап жүзеге асыру көзделіп отырғанын айтты.
– Жоспар бойынша алдағы уақытта елордада қауіпсіз көшелер қатары көбе­йеді. Әсіресе көшелер жаяу жүргіншілерге кең әрі ыңғайлы етіп жасалады. Мысалы, сол жағалаудағы тығыздық оң жағалаумен салыстырғанда 1,5 есеге үлкен. Сол жағалаудағы ғимараттардың арақашықтығы алшақ. Негізінен, көлік жүргізушілеріне ыңғайлы. Бұл тұрғыда 2019-2023 жылдарға арналған елордадағы ықшам құрылысының кешенді жоспарына әкімдік тарапынан 1,5 трлн теңге қарастырылды. Бұл қаржыға кешенді жоспар бойынша газдандыру, инженерлік желілер мен нөсер кәріздерінің жұмыстары да жүргізілмек. Айта кету керек, тек абаттандырудың өзіне 500 мил­лион теңге қажет, – дейді ол.
Елордалықтардың өмір сүру сапасын жақ­сарту мәселесі Астана экономикалық форумында да кеңінен талқыланатын болады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды