«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Нұр-Сұлтан – мұсылман әлемінің «жасыл» қаласы

0 15

Марокко астанасы Рабат қаласында өткен Экология министрлерінің 8-ші ислам конференциясында ИСЕСКО комиссиясы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жұмысына жоғары баға беріп, Қазақстан астанасына «Мұсылман әлемінің ең жасыл қаласы» номинациясында арнайы сый берді.

2017 жылы ИСЕСКО Сауд Арабиясы Корольдігімен бірлесіп, қоғамның барлық сегменттерінде қоршаған ортаны қорғау жауапкершілігін насихаттау, қалаларды экологиялық тазалыққа, жаңа энергия көздерін қолдануға үгіттеу мақсатында Араб, Африка және Азия аймақтарынан үш Ислам астанасы жүлдесін жариялаған болатын. ИСЕСКО басшылығы 2017 жылы «Болашақ энергиясы» ұранымен «ЭКСПО» Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізген, жалпы тазалық, қоршаған ортаны қорғау, жаңа энергиясы көздері жобаларын іске асыру бойынша қарқынды даму бағытына түскен Нұр-Сұлтан қаласын бірінші болып Ислам әлемінің «жасыл» астанасы ретінде жариялады.
Марокко астанасы Рабат қаласында орналасқан Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Ислам ұйымының (ИСЕСКО) штаб-пәтерінде өткен Экология министр­лерінің 8-ші ислам конференциясына Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Арман Исағалиев бастаған делегация қатысты. Марокко Королі Мұхаммед VI қолдауымен өткен «Қоршаған ортаны қорғау мен тұрақты дамудағы мәдени және діни факторлардың рөлі» атты форумға 36 мемлекет пен 11 халықаралық ұйымның делегациялары қатысты. Қатысушылар мұсылман әлемінің қоршаған ортасы, дүниежүзілік жылу көтерілу үдерісі, ауа мен су көздерінің ластануы проблемаларын талқылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды