«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Нұр-Сұлтан: Ғаламдық мегаполистің қалыптасуы

0 39

FinReview.info ақпараттық-талдау сайтының сарапшылары Нұр-Сұлтанның «ақылды қала», қаржы орталығы және өңірлік инвестициялық хаб ретінде дамуы туралы қаржылық-экономикалық шолу жасапты.

2018 жылдың қорытындысы бойынша астанада еліміздің жалпы ішкі өнімінің 9,8 пайызы, мемлекеттік бюджеттің 8,7 пайызы жасақталып, негізгі капиталға құйылған инвестицияның 9,5 па­йызы шоғырланған.

Экономикадағы жетістіктер

Ұлттық экономиканың дамуында бас қаланың маңызы зор деп санайды FinReview.info сарапшылары. Шаһардың аумағы 801,5 ш.м аумақты алып жатыр, мұнда республика халқының 5,9 пайызы тұрады (2019 жылдың І тоқсанының есебі бойынша 1,1 млн адам). 2018 жылы қаланың ішкі өңірлік өнімінің (ІӨӨ) мөлшері 5,8 трлн теңгеге жетіп, бір жылдағы өсімнің ақшалай баламасы 3,7 пайызды құрады. ІӨӨ тұрғын басына шаққанда 16 мың АҚШ долларына (5,5 млн теңге) тең, ал республика бойынша орташа көрсеткіш – 9,5 мың АҚШ доллары (3,7 млн теңге).
2014 жылдан бастап өндірістік өнім көлемі екі есеге – 146,8 млрд теңгеден 340 млрд теңгеге жетті. Елорданың ІӨӨ-нде өнеркәсіп өндірісінің меншікті үлесі сәйкес мерзіммен салыстырғанда 3,7 пайыздан 5,8 пайызға артты. ІӨӨ негізгі көлемін жасақтайтын салалар (41,1 пайыз ) – көтерме және жеке сауда, автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу (1,1 трлн теңге), кәсіби, ғылыми және техникалық қызметтер (672,5 млрд теңге) және жылжымайтын мүлікпен операциялар жасау (637,5 млрд теңге).

Нұр-Сұлтан қаласын 2050 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы аясында 7 негізгі жүйеқұраушы бағыттар белгіленді:

бизнес-қызметтер (ең алдымен, логистика, қаржылық сектор, шағын бизнес);
• теміржол және авиация машиналарын жасау, аспап жасау, аффинажды өндіріс салаларында жоғарғы технологияларды дамыту (болашақта энергияны сақтау технологиясы да);

• «жасыл экономика» және қаланы Smart Сіty ретінде дамыту принциптерін енгізу;
• медициналық қызметтер, фармацевтика;
• білім беру қызметтері («Назарбаев Университеті» АҚ базасына негізделген ғылыми қалашық);
• туризм индустриясы;
• сауда.

Инвестициялардың тартымдылығы

Сонымен бірге, жергілікті ат­қарушы органның инвестиция­лық жобаларды жүзеге асыру және инвесторларды арнайы экономикалық аймаққа (АЭА) әкелу бойынша жүргізіп жатқан жұмыстар арқылы АЭА-ның 153 қатысушысы арасында жалпы сомасы 2 трлн теңге болатын 393 жоба іске қосылды. Оның ішінде №1 индустриалдық паркінде 71 жоба жүзеге асырылып жатыр, оған 143,2 млрд теңге жұмылдырылған. Бүгінде ол бойынша 1,1 млрд теңгенің өнімі өндірілді.
Қазіргі күні Нұр-Сұлтан қаласы инвестициялық ағыстарды шо­ғырландырған халықаралық хаб болып табылады. 2018 жылы қала экономикасына салынған капитал көлемі 1,1 трлн теңгені құрады. Ол бұдан бір жыл бұрынғы мөлшерден 11,9 пайызға және 2013 жылғы деңгеймен салыстырғанда 2 есе көп. 2019 жылдың 5 айында елорданың негізгі капиталына салынған инвестиция 189,2 млрд теңгені құрады.

Кіріс ұлғайып келеді

Кейінгі үш жылда астана экономикасына 1,3 трлн теңге сомасында қаржы құйылды, оның 560,1 млрд теңгесі трансферттер арқылы келді. Сонымен қатар, кейінгі жылдары бюджеттің кіріс бөлігінің салық түсімдері айтарлықтай артқан – 2015 жылғы 47,6 пайыздан 2018 жылы 60,2 пайыз­ға дейін. Осы кезеңдерде жеке кірістердің өсімі біртіндеп трансферттік түсімдерді 63,6 пайыздан 35 пайызға дейін төмендетумен қатар қоса қабаттасып жүргізілді.
Қаланың қолайлы экономикалық ортасы жалпы түсімдер құрылымында жеке табыстардың артуына ықпал етті, ол жергілікті бюджет кірістерін қалыптастыруда мемлекеттің қатысу үлесін біртіндеп азайтуға мүмкіндік берді. Нұр-Сұлтан қаласының 2019-2021 жылдарға бекітілген бюджетіне сәйкес, кіріс 437 млрд теңге (2018 жылға +5,9 пайыз) құрауы тиіс, оның салық түсімдері – 264,2 млрд теңге (60,4 пайыз), трансферттер – 161,6 млрд теңге (37 пайыз).
Астана сондай-ақ шетелдік инвесторлардың назарын аударды. Өткен жылы жобаларды жүзеге асыруға және жалпы қала инфра­құрылымын дамытуға халықаралық инвесторлардан 964 млн АҚШ доллары тартылды. Ол бұдан бір жыл бұрынғы мерзіммен салыс­тырғанда 64,3 пайыз (586,6 млн АҚШ доллары) көп.

«Ақылды қала»

Қаланың инфрақұрылымдық дамуынан басқа, Smart Astana жобасын жүзеге асыруға айрықша көңіл бөлініп отыр. Оның негізінде «Ақылды қаланы» ерекшелейтін үздік әлемдік тәжірибе мен бас­ты алты сипаты жатыр: «ақылды» экономика, басқару, өмір сүру, ұтқырлық, адамдар және қоршаған орта. Бұл бағытта жұмысқа тартылған шетелдік кеңесшілермен бірге «Қауіпсіз қала», Smart Сіty жобалары жүзеге асырылуда. Қанатқақты режимде «Smart көше жарықтандыруы», «Smart мектеп» және «Smart емхана» жобалары іске қосылды. Аталған жобалар астана жұртшылығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, шығындарды оңтайландыруға және өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Әлем қалаларын дамытудың жаңа парадигмасы: креатив экономикалық дамыған елдерде өнім өндіруге әсер ететін неғұрлым маңызды факторға айнала бастады. Бұл феномен стандарттан тыс жобаларды жүзеге асыруға және капитал жасақтау мүмкіндіктеріне жол ашады.

Көші-қон легінің жоғарылығы

Елордада бұрынғыша көші-қон ағысының жоғарылығы сақ­талған: 2018 жылы Нұр-Сұлтанға 114,4 мың адам қоныс аударып, 91,6 мың адам көшкен. Сөйтіп, көші-қон сальдосы 22,7 мың адамды құрады. 2019 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бо­йынша көші-қон сальдосы 5,9 мың адамды құрады.
Нұр-Сұлтан қаласы – жаңа технологияларды енгізуді және адам капиталын пайдалану базасын кеңейтуді даму бағдарына алған жас астана. Ол ірі әлем қалаларымен салыстырғанда ішкі тұрақтылық, халық санының және өмір сүру ұзақтығының өсуі, адам факторының ұтқырлығы, сондай-ақ болашаққа арналған өндірістерді ұлғайтудағы икемділік сияқты өлшемдер бойынша бірқатар артықшылықтарға ие.
Сонымен қатар, астана елі­міздің ең негізгі экспат-орталықтарының, сыртқы және ішкі ту­ризмді дамытуға арналған мекендердің бірі болып саналады. Кірмелік туризмді ұйымдастыруға арналған жемісті ресурстардың бірі – Нұр-Сұлтанды халықаралық мәдени орталық ретінде дамыту. Өткен жылы Қазақстанның әуе көлігімен 7,9 млн адам тасымалданды, оның 4,5 млн астаналық әуежай қамтамасыз етті – әуе тасымалының бұған дейінгі тари­хындағы ең жоғарғы көрсеткіш.

Қаржылық хаб

2018 жылдың наурыз айында Қазақстанның астанасы 88 орынға тұрақтап, бірінші рет әлемдік қаржылық орталықтар (The Global Financial Centres Index) тізіміне енді. Одан кейін сол жылдың қыркүйектегі жаңартылған рейтингінде Нұр-Сұлтан 61-орынға жайғасты. 2019 жылы Нұр-Сұлтан тағы 10 сатыға көтерілді (51-орын) және Ыстанбұл, Санкт-Петербург, Мәскеу және Алматы сияқты мегаполистерді артқа қалдырып, Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы қаржылық орталықтардың үздігі атанды. 2050 жылға қарай Нұр-Сұлтан қаласы әлемдегі ең үздік 10 шаһардың санатына кіруі тиіс.

Материал FinReview.info ақпараттық-талдау сайтынан алынды

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды