«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Нұр-Сұлтан Еуразиялық жаһандық хабқа айналады

0 20

Осы аптада, дәлірек айтсақ, 16-17 мамыр күндері елорданың төрінде өткен 12-нші Астана экономикалық форумы әлемдік экономика мен саясаттың, заманауи инновациялар мен инвестициялардың ең түйткілді мәселелерін талқылаған алып алаңға айналды. «Ынталандырушы өсім: адамдар, қалалар, экономикалар» деген тақырыппен өткен басқосуда жаһандық экономиканың аса маңызды мәселелері қозғалды.

Пленарлық мәжілісте, екі күнгі панельдік сессияларда сауда соғыстары және протекционизм, жаһандық ынтымақтастық жүйенің тығырыққа тірелу тәуекелдері, дамушы елдердің табыс деңгейі жоғары елдердің қатарына көшуі, Еуразиялық экономикалық одақтың бизнес үшін келешегі, адам капиталын дамыту, келешектің қалалары, «жасыл» инновациялық экожүйелерді құру, ауқымды деректерді қаланы дамытуға пайдалану сияқты тақырыптарда пікірталастар өрбіді.

Бұл жолғы жиынның бір өзгешелігі, тұңғыш рет форум аясында жастарға арналған ашық AEF Talks дәрістері, Орталық Азия, Қап тауы және Моңғолия елдерінің қаржы министрлері мен орталық банктерінің жетекшілері бас қосқан дөңгелек үстел өткізілді. Басқосуға әлемдегі 74 мемлекеттен 5,5 мыңға жуық делегат қа­тыс­ты. 30 елдің журналис­тері форумнан ақпарат таратты. Екі күнде ұзын-­ырғасы 50-ден аса сессия­лар мен іс-шаралар өтті. Бұл – Астана экономикалық форумының тарихындағы рекордтық көрсеткіш. Енді кейбір іс-шараларға толығырақ тоқталайық.

2050 жылы 10 адамның 7-еуі қалада тұрады

Форумның пленарлық отырысына қатысып, сөз сөйлеген Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев елордамыздағы алаңның өңірлік және жаһандық сын-қатерлерге тойтарыс беру үдерісіндегі маңызды рөліне тоқталды. «Алдыңғы жыл­дары осы алаңда тал­­қыланған ұсыныстар мен идеялар Қазақстанның жаһандық сын-қатер­лерді дер уақытында еңсеріп, қиын­дықтарды жеңуге мүм­кіндік берді. Қалыптас­қан жағдайлар мен әртүрлі болжамдарға қарамастан, дамудың қазақстандық моделі өзінің тұрақтылығы мен тиімділігін дәлелдеді. Біз алдымызға өршіл мақсаттар қойып, оған қол жеткіздік» деді Елбасы.
Ол өз сөзінде әлемдік экономиканы дамыту, цифрландыру, білім беру үдерісін жетілдіру, адам капиталына қойылатын талаптардың күшеюі, ур­бандалудың келешегі ­сияқты мәселелерге кеңінен тоқталды.

«Экономикалық жоспарлаудың көкжиегі тарыла түсуде. Күрделі жағдайдан шығу жолдарын БҰҰ, G-20, ДСҰ сияқты халықаралық ұйымдар мен форумдар аясынан табуға болады. Бірлесе талқылау мен басқаруға көшетін кез келді. Жуырда Бейжіңдегі «Бір белдеу, бір жол» II форумында мен «3Д» жаңа геосаяси ахуалы негізінде тұрақты жаһандық құрылымды қалыптастыру идеясын айттым. Бұл – үш деңгейде диалог орнату деген сөз» деген ойын жеткізді Тұңғыш Президент.
Бұған қоса, Елбасының пайымдауынша, цифрлық жаңару экономиканың бейнесін өзгертіп, оның өсімінің негізгі қозғаушы күші ұтқыр, жаңашыл адам капиталы болатынын мәлім етті. «2030 жылға қарай әлемдегі шамамен 375 млн адам қайта оқып, мамандығын өзгертуге мәжбүр болады. 2050 жылы жер бетіндегі әр 10 адамның 7-еуі қалада тұрады. Демек, инвестициялар мемлекеттерге емес, қалаларға құйылады» деп түйіндеді сөзін Н.Назарбаев. Ол сондай-ақ өткен жылы Жаһандық сын-қатерлер саммиті аясында БҰҰ-ның Бас ассамблеясының қолдауымен екі дағдарысқа қарсы конференция өткенін, сол жиында айтылған ұсыныстар Қазақстанға жаһандық сынақтардан сүрінбей өтуге септігін тигізгенін қадап айтты.


Әрбір үшінші елордалық – кәсіпкер

«Қазір жаһандық қалалардың арасында инвестициялар, таланттар, туристер, кәсіпкерлерді өзіне тартуда тұрақты бәсекелестік жүріп жатыр. Бұл бәсекеде ең үздік талаптар ұсынғандар ұтатыны анық. Бәсекеге қабілеттілікті сақтау үшін біз өз өңірімізде адамдардың өмір сүру сапасының жоғары деңге­йін қамтамасыз етуге тиіспіз. Сондықтан адамдар жайлы, қауіпсіз және бизнеспен айналысуға қолайлы қаланы таңдайды» деді қала басшысы. Сондай-ақ ол Тұңғыш Президентіміздің салиқалы саясатының арқасында елорданың 20 жылдың ішінде бет-бейнесі түпкілікті өзгеріп, әлемдік деңгейдегі тартымды, заманауи, қарқынды даму жолына түскен мегаполиске айналғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, еліміздегі жалпы ішкі өнімнің 11 пайызы елордада өндіріліп, Қазақстанның негізгі капиталына салынатын инвестициялардың 10 пайызы қалыптасады. «Осы жылдар ішінде қаланың жалпы өңірлік өнімі 6 есеге дейін өсіп, шамамен 17 млрд АҚШ долларына жетті. Бас қаланың экономикасына 9 трлн теңге капитал салынды. Инвестициялардың жылдық көлемі 55 есеге дейін өсті, ол 3 млрд АҚШ долларын құрайды. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан – толыққанды экономикасы бар қала. Жалпы өңірлік өнімнің 55 пайызы кәсіпкерлік сектордың есебінен қалыптасады. Әрбір үшінші елордалық – кәсіпкер. Осыған сәйкес, бюджетке түсетін түсімдердің жартысынан көбі кәсіпкерлердің үлесіне тиеді» деп мәлімдеді Бақыт Тұрлыханұлы.
Елорда басшысы шетелдік қонақтарға Нұр-Сұлтан қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы жөнінде ақпарат берді. Стратегияның негізгі екі мақсаты бар: бірі – жаһандық деңгейде бәсекелес бола алатын, тұрақты экономика құру. Екіншісі – өмір сүруге, еңбек етуге өте қолайлы, қауіпсіз, бизнеске тартымды жаһандық қала құру. Сайып келгенде, елордамыз еуразиялық жаһандық хабқа айналады.
Бақыт Сұлтанов сөзінің түйінінде Шығыс пен Батыстың арасындағы экономикалық көпір болып, тек қана сауда және көлік қызметі емес, барынша ауқымды гуманитарлық, мәдени миссияны атқарған Ұлы Жібек жолын жандандыруға деген еліміздің ұмтылысын жеткізді. «Қазір біз бүкіл әлемдегі ниеттес­терімізбен өңіраралық өзара қарым-қатынастарды нығайту және кеңейту сая­сатын жүргізіп отырмыз. Нұр-Сұлтан қаласы бүгінде 32 елдегі 47 қаламен, соның ішінде 29 астанамен бауыр­ластық қатынас орнатты. Жыл сайын біз екіжақты, көптараптық байланыстар шеңберінде өзара тиімді ­кооперацияны дамытуға күш саламыз» деді ол.
Одан кейін қала мэрлері кезек-кезек сөз алып, әр қаланың инновациялық, технологиялық жетістіктерін таныстырды. Мәскеу үкіметінің министрі, Мәс­кеу қаласының сыртқы экономикалық және халықаралық байланыстар департаментінің жетекшісі Сергей Черемин Ресей астанасындағы инновациялық жаңалықтарды жария етті. Оның айтуынша, 2018 жылы Мәскеуге 28 млн-нан аса турист келіпті. Ол Мәскеу метросының 17 стансасы бой көтеріп, қоғамдық көлікпен жүру ең бірінші игілікке айналғанын айтты.
«Smart city дегеніміз не? Бұл тек ақпараттық технологиялар ғана емес. Бәрінен бұрын, ол – тек мегаполис тұрғындарының қажеттіліктерін қанағаттандырумен шектелмей, айтарлықтай туристік ағындарды тартатын аса қолайлы қалалық орта қалыптастыру. Менің түсінігімдегі «ақылды» қала жасанды зердені, блокчейнді қолдану, ауқымды мәліметтерді жинайтын орталықтар, «ақылды» бағдаршамдар ғана емес. Smart city-ге электронды білім беру мен медицина, байланыс құралдарын жетілдіру, интеллектуалды қоғамдық көлік те жатады. Бұлардың бәрі бірыңғай инфрақұрылым түзіп, «ақылды» қаланы құрайды» деді С.Черемин.
Осы сессияда Таллин мэрі Михаил Кылварт, Ляньюньгань мэрі Фан Вэй, Бангкок мэрі Валлоп Суванди, Гонконг сауда кеңесі директорының орынбасары Раймонд Ип, Румыния сау­да-өнеркәсіптік палатасының президенті Михай Дарабан сөз сөйлеп, әр қаланың тамаша таныстыруын өткізді.

Таллин қалай көшбасшы болды?

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі Дүниежүзілік экономикалық форуммен бірлесіп, екінші күні «Төртінші өнеркәсіптік төңкеріс дәуіріндегі қалалар трансформациясы» деген тақырыппен панельдік сессия өткізді. Осы жиында төртінші өнеркәсіптік төңкеріс дәуірінде қалалардың экономикалық рөлі қалай өзгеретіні, қарапайым тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру үшін қандай тиімді цифрлық технологияларды қолдануға болатыны айтылды. Шетелдік сарапшылар әлемдік үздік тәжірибелерді тілге тиек етті.
Төртінші өнеркәсіптік төңкерістің технологиясы қалалардың бәсекеге қабілеттілігіне, сонымен қатар, қалалық басқару жұмысына айтарлықтай әсер етуде. Дамыған және дамушы елдердің қалалары заманауи технологиялық шешімдерді белсенді түрде қолдануда, соның ішінде цифрлық трансформацияның кешенді стратегияларын жасауда. Қазір әлемде қалалардың тиімділігін арттыруға бағытталған үздік тәжірибелер пайда болуда, алайда негізгі факторлардың кешенді түсінігі әлі қалыптаса қойған жоқ.
Басқа сессиялардан бір өзгешелігі, бұл басқосуда модератор қатысушыларға нақты сұрақтар қойып, сарапшылар оған жауап қайырды. Модератор, Дүниежүзілік экономикалық форумның еуразиялық бағыты бойынша басшысы Анастасия Калинина Нұр-Сұлтанда цифрлық технологиялардың қалай қолданылып жатқанын сұрады. Басқосуға қатысқан елорда басшысы Бақыт Сұлтанов осы мәселеге қатысты орамды ойларымен бөлісті. Оның айтуынша, урбандалудың қарқын алуы қала басқаруда бірқатар қиыншылықтар туғызып отырғаны рас. «Тұңғыш Президентіміз пленарлық отырыста ел халқының 42 пайызы ауылда тұратынын, бірақ олардың 20 пайызы ғана ауылда жұмыс істейтінін мысалға келтірді. Өкінішке қарай, осы 20 пайыз жалпы ішкі өнімнің 5 пайызын өндіреді. Әлбетте, мемлекет үшін де, мегаполистер үшін де алаңдатарлық жағдай. Бізге бұл жерде цифрлық технологиялар ауадай қажет. Біз әлемдік дамудың көшінен қалмауға тиіспіз» деген ойын айтты әкім.
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов цифрландыруға келгенде бас қаланың еліміздің өзге өңірлерімен, облыс орталықтарымен салыс­тырғанда көш басында келе жатқанын мәлімдеді. «Нұр-Сұлтан – индустриалды қала. Қазір елордада шығарылатын өнімдерге қарасақ, бұрын тіпті ойымызға да кіріп-шықпаған даму деңгейіне көтерілдік. Біз үлкен империяның құрамында тек шикізат беретін ел болған Қазақ КСР-нің өзі мұндай нәрсені армандаған жоқ. Қазіргі таңда бұл жерде электровоз, тепловоз, тіпті тікұшақтар мен жер серіктері де құрастырыла бастады. Бұл – өте тамаша жетістіктер. Бірақ тек бір ғана индустрияландырумен алысқа бара алмайтынымыз анық. Сондықтан бізге әлемдегі ең үздік цифрлық технологияларды енгізу аса маңызды» деді Бақыт Тұрлыханұлы.
Жиында Таллин қаласының мэрі Михаил Кылварт қазақстандық медицинаның жоғары деңгейге көтерілгенін мәлімдеді. «Медицинаны дамытуға келгенде Қазақстанның бізден үйренетін ештеңесі жоқ. Себебі бұл жерде енгізілген технологиялардың деңгейіне қарап, қазақ әріптестерімізден бізге көп нәрсені үйрену қажеттігін көріп отырмыз» деді ол панельдік сессияда сөйлеген сөзінде. Шетелдік қонақ Таллинде енгізілген цифрлық технологияларды мысалға келтіре отырып, Нұр-Сұлтанның қандай бағыттарда үлгі алуға болатынын мәлім етті. Мәселен, фин әріптестерімен бірлесе отырып ашылған құзырет орталығында дайындалатын цифрлық технологиялар тек Хельсинки мен Таллинге ғана емес, барлық еуропалық мемлекеттерге жіберіледі.
«Мысалы, біз егіз-қалалар тұжырымдамасын жасадық. Яғни бірлесіп дайындалған технологиялар екі қалаға ортақ болмақ. Қазір цифрлық жол жүру билетін жасап жатырмыз. Алдағы 1,5-2 жылда осы жобаны қолданысқа енгіземіз. Билет екі қалада: Таллинде және Хельсинкиде жарамды болады. Мұндай жобаларымыз өте көп. Нұр-Сұлтан қаласының басшылығымен осындай озық тәжірибемізбен бөлісуге да­йынбыз» деді ол аталған басқосуда.

Кристин Лагард, Халықаралық валюта қорының үйлестіруші директоры:

– 12-нші Астана экономикалық форумының бірқатар халықаралық сарапшылары «Осы форумнан қандай үміт күтесіз?», «Қазіргі кезде әлемдік экономиканың қандай тақырыптары маңызды?» деген сауалдарға жауап беріп, басқосу жөніндегі ойларымен бөлісті. Әлемдік экономика күрделі жағдайды басынан кешуде. Бір жыл бұрын әлемнің барлық өңірінде экономикалық қызметтің қарқыны төмендеп кетті. Алайда биыл қаржы нарығының тамырына қан жүгіріп, жағдай жақсарады деп болжап отырмыз. Сауда соғыстары, қаржы нарықтарындағы тұрақсыздықтар әлемнің халқын алаңдатуда. Мұндай мәселелерді шешуде бүгінгі жаһан тығыз ынтымақтастыққа зәру. Демек, Астана экономикалық форумы өңірлік, әлемдік мәселелерді ашық талқылайтын алаңға айналғанын дәлелдеп отыр.

Хуан Мануэль Сантос Кальдерон, Колумбияның президенті (2010-2018), 2016 жылғы Нобельдің бейбітшілік сыйлығының иегері:

– Шынын айтсақ, жаһандық жылыну, халық санының өсуі, ауыл шаруа­шылығы өндірісінің төмендеуі, биоалуандықтың қысқаруы – бұлардың бәрі адамзатқа төнген сын-қатерлер. Соңғы кездері жарияланған есептерден мәлім болғанындай, жаһандық жылынудың әсерінен 1,2 млн адам жұмыссыздыққа ұшырайды. Егер біз бұған саналы түрде шешім қабылдамасақ, ертең кеш болады. Менің ойымша, Астана экономикалық форумы жаһандық келелі мәселелерді ашық-жарқын форматта талқылап, ортақ шешім шығаруға көмектеседі. Қазіргі адамдарға оптимизм жетіспейді.

Герман Греф, РФ Сбербанкінің президенті және басқарма төрағасы:

– Бүгінгі жаһандық күн тәртібінің бас­ты тақырыптарының бірі – цифрлық технологиялар. Әлемдік цифрлық экономиканың үлесі 15 пайызға жетті, ал алдағы 5-10 жылда ол көрсеткіш екі есеге ұлғаюы мүмкін. Цифрландыру бірте-бірте көптеген салаларды қамтуда, бірақ бұл мемлекеттер мен қалалар үшін үлкен сын-қатерлер туғызуда. Елдер арасындағы технологиялық алшақтық өсіп келеді. Бізге жарыстың соңында қалу қаупі бар. Өйткені әлемдік IT-секторды қаржыландыру басқа салаларға қарағанда қарқын алуда. Алайда цифрландыру үдерісі адамдардың өмір сүру сапасына оң әсер етіп жатқан жоқ. Бұл орайда, Астана экономикалық форумы осы үдерісті егжей-тегжейлі талқылауға, жаһандық күн тәртібінің өзге аспектілеріне үңілуге мүмкіндік беретін тамаша басқосу болғаны анық.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды