«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Нұр-Сұлтан-2050: Астаналықтар қанша болады?

0 49

  Соңғы жиырма жылда елорда халқының саны төрт есе өсіп, бір миллион адамнан асты. Көші-қон үдерісі мұншалықты қарқын алмаған жағдайда 2050 жылға қарай бас қала тұрғындары миллионға жетер-жетпес еді. Енді отыз жылдан кейін елорда тұрғындарының жартысынан көбін өзге өңірлерден және басқа елдерден көшіп келген адамдар құрайды. Сол кезде әртүрлі болжамдар бойынша қаладағы халық саны 1,9-2,5 млн адам аралығында болады, ал Қазақстан тұрғындары 25,4 млн адамға жетеді. 

ЖАҺАНДЫҚ ҚАЛАҒА АЙНАЛУДЫҢ ЖОСПАРЫ

Бұл цифрларды Нұр-Сұлтан қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеуге қатысып жатқан Зерттеу және консалтинг орталығы ұсынып отыр.
«Қаланың дамуында демография басты орындардың бірін алады. Себебі кез келген шаһар сол қалада тұратын адамдардың санына қарай дамиды. Қаланы жоспарлау да тұрғындардың көбеюіне сәйкес жасалады» дейді Зерттеу және консалтинг орталығының әріптесі Әнуар Боранбаев.
Оның айтуынша, тиісті есептеулер Нұр-Сұлтанмен климат және географиялық орналасуы, халықтың өмір сүру деңгейі, өсу қарқыны, жаһандық көрсеткіштер жағынан ұқсас Монреаль, Калгари, Миннеаполис, Берлин, Вена, Стокгольм, Хельсинки, Будапешт, Варшава сынды әлем қалаларындағы жағдаймен салыстыра отырып жасалды.
Жалпы 2050 жылға қарай елорданы жаһандық қалаға айналдыру мақсаты тұр. Сол үшін қаланы дамытудың негізгі 10 бағыты анықталды. Оның біріншісі және ең бастысы да – адами капиталды дамыту. Тиісті межеге жету үшін алдымен тұрғындарға барынша қолайлы қалалық ортаны қалыптас­тыру керек. Халықты қолжетімді, сапалы баспанамен қамтып, денсаулық сақтау және білім салаларының деңгейін жоғары сапаға жеткізіп, қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық көлік қатынасындағы қауіп­сіздікті қамтамасыз ету қажет. Елордаға таланттарды тартып, оларға тиісті жағдайларды тудыру да маңызды болып отыр.

БІЛІМ ИНВЕСТИЦИЯНЫ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ

Елордада жақын жылдары білім нысандарының саны артатыны белгілі. Сарапшылардың пікірінше де, алдағы 5-15 жылда білім саласы көп инвестицияны қажет етеді.
«Қазір Нұр-Сұлтанда 0-5 жас аралығындағы балдырғандардың саны өте көп. Мектеп оқушыларының саны да аз емес. Сондықтан алдағы 5 жылда балабақшаларды көптеп салу керек. Мектептер құрылысын да 15 жылдық кезеңге жоспарлап алған жөн. Техникалық және кәсіптік білім мен жоғары білімді де естен шығармау қажет» дейді Зерттеу және консалтинг орталығының кеңесшісі Александр Грузенкин.
Нұр-Сұлтан қаласы Статистика департаментінің мәліметінше, осы жылдың 1 мамырына тұрғындар саны 1 094 396 млн адамды құрады. Жыл басынан бері, яғни 1 қаңтар-1 мамыр аралығында елордада 9236 сәби (4719 ұл, 4517 қыз) дүниеге келді. Осы уақыт ішінде 3044 неке, 1375 ажырасу тіркелді. 1447 адам қайтыс болды. Соның көбісі қан айналымы жүйесі ауруларынан өмірмен қош айтысқан.

ӨМІР СҮРУ ҰЗАҚТЫҒЫ ӨСЕДІ

Қазір Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының орташа жасы – 30 жас. Алайда төрткүл әлемде адамзаттың қартаюы байқалуда. «Қазақстан – 2050» стратегиясында да екінші сын-қатер ретінде жаһандық демографиялық теңгерімсіздік атап көрсетілген. Сонда енді қырық жылдан кейін алпыс жастан асқан адамдардың саны 15-ке толмағандардан асып түсетіндігі айтылған.
«Осы күндері Нұр-Сұлтанда адамдардың өмір сүру ұзақтығы еркектерде 74 жас, әйелдерде 80 жас деңгейінде. 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш еркектерде 80 жасқа дейін, әйелдерде 84 жасқа дейін өседі. Тұрғындардың қартаюы себебінен ауруханалар мен емханалар құрылысын қарқындату керек болады. Алдағы 20 жылда демографиялық дүмпу байқалмайды. Бала туу көрсеткіші төмендейді. Сол себептен перинаталдық орталықтарға салмақ түсе қоймайды» дейді А. Грузенкин.

БАЛА ТУУ НЕГЕ АЗАЯДЫ?

Сарапшының айтуынша, дамыған мемлекеттерде туудың төмендеуі – қалыпты құбылыс. «Халықтың табысы өскен сайын әйелдер мансабына көңіл бөле бастайды. Әрине, бұл жағдайда бала тууды кейінгі орынға ысырады» дейді ол.
«Қала тұрғындары санының көбеюіне байланысты бала туу көрсеткіші қазірдің өзінде төмендеп жатыр. Болашақта да халық шаһарларға ағылған сайын бұдан қаша алмаймыз. Европа мен мұсылман мемлекеттерінде осындай үрдіс бірдей байқалады. Мәселен, Түркия мен Сауд Арабиясында туу төмендеп кетті» дейді Ә. Боранбаев.
Статистикалық деректер Нұр-Сұлтан қаласында да туу азайғанын көрсетіп отыр. Биылғы қаңтар-наурыз айларында шаһарда 6696 сәби туды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9 %-ға кем.

КӨШІ-ҚОННЫҢ ҚАРҚЫНЫ

Елорда тұрғындары қазір қарқынды жүріп жатқан көші-қон есебінен көбейіп жатыр. Осы жылдың алғашқы үш айында бас қалаға 33693 адам көшіп келген. Былтырғы осы уақыт аралығындағы көрсеткіштен бұл 60,5%-ға көп. Нұр-Сұлтанға жақын орналасқан Ақмола (21,3 %) және Қарағанды (9,5 %) облыстары мен шалғайдағы Түркістан (10,3 %) облысынан халық көп қоныс аударады. Одан кейінгі орындарда Шығыс Қазақстан облысы (7,8 %) мен Алматы қаласы (7,8%) орналасқан. Еліміздің өзге өңірлерінен көшкен халықтың жиынтығы 43,3 %-ды құрайды.
Ұлттар бойынша көшіп-қонушылар құрамындағы негізгі үлес қазақтарға тиесілі – 89,4%. Орыстар – 5,4%, өзбектер – 0,8%, украиндар – 0,7%, татарлар – 0,7%, немістер – 0,5%, өзге ұлттар – 2,5%.
Нұр-Сұлтан қаласының ТМД-ның мына елдерімен көші-қон айырымы да бар. Осы жылдың алғашқы үш айында Өзбекстаннан 15 адам, Тәжікстаннан 2 адам, Қырғыз Рес­публикасы, Түркіменстан, Украина және Әзірбайжаннан бір-бір адамнан елордаға қоныс аударған.
Өзге елдерді алғанда Қытайдан келгендер 27 адамға, Моңғолиядан 7 адамға Түркиядан 6 адамға және Грузиядан 1 адамға көбейген.
«Біз даму үлгісіне алған Еуропаның және Американың тоғыз қаласы қазіргі кезде мигранттарды тартатын магниттер іспеттес. Бұл қалаларға жағдайы төмендеу мемлекеттерден халық көптеп қоныс аударуда. Қазақстан мен оның астанасы Нұр-Сұлтан қаласының экономикасының өсуіне байланысты 2050 жылға қарай елордаға сырт елдерден қоныс аударатындар айтарлықтай көбейетінін болжап отырмыз» дейді Зерттеу және консалтинг орталығының кеңесшісі Александр Грузенкин.
Болжамдар бойынша, Нұр-Сұлтанда жұмыс орындарын құру жедел жүргізіліп, баспана қолжетімді бола түссе, қала сыртқы мигранттарға ашық болса, 2050 жылы елорда тұрғындары 2,5 млн адамға жетеді. Халыққа тағы да осындай қолайлы жағдайлар жасалып, бірақ шаһар сыртқы мигранттарға жабық болса, онда тұрғындар саны 2,2 млн адамнан аспайды.
Ал қолжетімді баспананы салу және жұмыс орындарын құру қалыпты жүргізілсе, сыртқы мигранттарға қала жабық болса, қала тұрғындары 1,9-2,0 млн адам шегінде болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды