-->

НҰР АҒАМ МЕНІҢ, ЖЫР АҒАМ…

img_8335-asli

Мінезі жібектей есілген қазақтың есті ақыны, ойшыл қаламгері Нұрғожа Нарынбайұлы Оразовтың мына жалған фәниден өткеніне 1 жыл толды. Нұр ағаммен 1970 жылы танысқаным есімде. Нұрекеңнің әкесі Нарынбай ақсақал 90 жаста екен. Ақынмен сол жетпісінші жылдың майса жазының жаймашуақ бір күнінде еріп, үйіне барып, қарияға сәлем бергенмін. Айман жеңгейдің жомарт пейілінен, кең дастарқанынан бала ақын мен алғаш дәм таттым. Нұрекеңмен сол таныстығымыз ағалы-інілікке ұласып, жарқын жылдарға жалғасқан. Алматыға жас ақын-жазу­шылардың кеңестеріне ағамыздың бас­тауымен талай барғанмын. Жазушылар одағының киелі шаңырағында ұлы қаламгерлер – Олжас Сүлейменовпен, Ғабит Мүсіреповпен, ақынның жақын достары – Тұманбай Молдағалиевпен, Ғафу Қайырбековпен танысқан едім. Нұрағаң соншалық кішіпейіл, жү­ре­гі таза жан болатын. Ақынның 50 жыл­дығында сол жылдардағы Сәкен Сейфуллин атындағы Целиноград пединс­титутының шағын аудиториясында жыр оқып тұрғанымызда, маңдайы жарқырап Тұманбай Молдағалиевтің кіріп келгені есімде.
– Аэропорттан жаңа жеттім, кешірім сұраймын. Нұрекеңнің тойына кешігіп қала жаздағаным-ай! – деп ақтарылды ақкөңіл ақын балаша қалбалақтап. – Сен Тұмаш, мына Смағұл деген інімді танып қой. Бұл – Ақмоланың үлкен ақыны, – деп жатыр Нұрағам. Ақынның ақ жүрегіне риза болғаным соншалық, айтарға сөз таппай қалдым.
– Жаңағы оқыған «Ұнайды маған осы ақын» деген жырың жақсы екен, Смағұл. Нұрекеңнің бейнесін жақсы ашқан екенсің. Өлеңді тастама. Журналистік жұмыс жеп қоймасын, байқа, – деп жатыр Тұмағаң да қолымды қысып. Бүгін жеке мұрағатымды ақтарып, сол жырды тауып алғаным. Ол жырым мынау еді:

Ұнайды маған осы ақын
Жанына жақын ініге,
Сандығын сырдың ашатын.
Сырбаздау әрі серілеу,
Ұнайды маған осы ақын!
Жырында әсем бір ойлар,
Мөлдіреп қана жататын.
Сабырлы әрі дауылды,
Ұнайды маған осы ақын!
Көңілдің күміс кесесін,
Толтырып сырға тосатын,
Жүрегі таза, аңғалдау,
Ұнайды маған осы ақын!
Көбінен биік тұрса да,
Елі үшін ақын елгезек.
Күйші мен ақын, жырауын,
Жетелеп жүрер өрле деп.
Найзағай ойнап жанарда,
Саңқылдап оқып жырларын.
Көремін кейде ақынның,
Құдыреті асып тұрғанын.
Сондай бір сәтте шарықтап,
Шағала көңіл самғайды.
Кеудесінде сонда ақынның,
Күркіреп теңіз аунайды.
Ақының сонда тұрады,
От болып жанып, өртеніп,
Жырменен тербеп даланы,
Таулармен бірге теңселіп…
Сол Тұмағаңмен артынан «Жалын» журналында кездесіп, жырларымды басқыздым… Бұл да Нұрағаңның бір шарапаты еді-ау…
Целиноград облыстық теледидарында бас редактор болып жүрген жылдарымда экраннан Нұрағаңа жиі сөз бердім. Ақындар айтысы, тіл төңірегіндегі толғақты жайлар хақында ақын жиі сөйлейтін. Сол жылдардағы Советтер үйінің 7-қабатындағы кең кабинетте Нұрағаң мен жазушылар Владимир Гундарев, Әскен Нәбиевтер отыратын. Газетке бара қалсақ, осынау киелі шаңыраққа соқпай кетпеуші едім. Нұрағаң әдебиет жайындағы киелі әңгімелерге аса шебер, көргені көп болатын.
Нұрағаңның бір қасиеті – көңіліне ұнаған адамды жатсынбай, өз шаңы­рағына мейман ете беретін. Мен де Нұрекең мен Айман жеңгеміздің үйінде жазушы Жайық Бектұров келгенде қонақта болдым. Қасымда асыл жарым Әлиям бар. Нұрекеңде ішкі есеп деген болмау­шы еді. Бұл қасиеті де ақын жүрегінің тазалығынан болса керек. Нұрғожа Ораздың ерекше бір қасиеті ретінде аса еңбекқорлығын атап өткен жөн. Ақын толып жатқан қоғамдық жұмыстармен қатар, поэзиядағы шабытын проза саласында да жалғастыра білді. Бұған ақынның «Қаракүйік» романы дәлел. Осыған дейін «Шұғыла», «Көңіл көктемі», «Қырандар ұясы», «Жауқазын» секілді жыр жинақтарымен, өзге де туындыларымен танымал болған ақын енді үлкен романымен оқырмандарына жол тартқан еді. Ақынның қазақ әдебиеті мен өнерінің айтулы классиктерімен достығы мен жақын таныстығы өз алдына үлкен сыр. Ақпанның 20 жұлдызында ақынның өмірден өткеніне 1 жыл толмақшы. Фәни жалғаннан 84 жасында өткен ағамыздың жақсы да мәнді өмір сүргені анық. Есімін әдебиетімізде қашап қалдырған ағамыз ұрпақ жадынан ұмытылмайды деп сенгіміз келеді.

Смағұл Рахымбек

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*