«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Notre dame de Рaris»» – қазақ тілінде

0 104

Осы күндері Бейбітшілік және келісім сарайының сахнасында Гиннес­тің рекордтар кітабына енген әлемге әйгілі «notre dame de Paris» мюзиклiнiң қазақ тiлiндегi нұсқасы жүріп жатыр. Премьерасы апта басында өткен бұл туындыны көрермендер 24 желтоқсанға дейін тамашалай алады.

Классик жазушы Виктор Гюгоның «Париж ғибадатханасының Әз анасы» шығармасының негізінде қойылған, шынайы ғашықтық пен сатқындық хикая­сына құрылған мюзикл осыдан тура 20 жыл бұрын Франция астанасында алғаш рет сахнаға жол тартты. Содан бері әлемнің тоғыз тіліне аударылып, қойылған. Қазақ тілі бұл қатардағы оныншы тіл болып отыр. Ал Қазақстан – осы мюзиклді қойған Орта Азиядағы алғашқы мемлекет.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы жүзеге асырған бұл жоба Астананың 20 жылдығына арналып отыр. Қойылымға аталмыш ұйымға қарасты «Астана Мюзикл» театры әртістерін, жеке әншілерді, бишілерді, акробаттарды қосқанда жалпы 70 адам тартылды.
Қоюшы режиссері – Роберт Мариен. Тұпнұсқасының музыкасын жазған композитор Риккардо Коччантенің туындылары қазақ тіліндегі нұсқасында толық сақталып қалды. Айырмашылығы «Belle», «Danse mon esmeralda», «Le Temps des Cathedrales» секілді 50-ге жуық ән қазақ тілінде шырқалады. Либреттоны қазақ тіліне ақын Серікзат Дүйсенғазы аударды.
Бір айта кетерлігі, мюзиклдің бай декорациясы өте тартымды жасалды. Өнерпаздар да бар өнерлерін салғаны байқалды. Ал кейіпкерлерді сомдайтын әртістер әдеттегідей екі құрамда жасақталды. Атап айтсақ, Эсмеральда – Жарқынай Шалқарова мен Роза Мұқатаева, Квазимодо – Қайрат Сарыбаев пен Әділ Сұлтан, Фролло – Ербол Нариманұлы мен Айдар Ақыпбаев, Гренгуар – Армат Амандықов пен Оразалы Игілік, Флер де Лис – Таңшолпан Нұртілеуқызы мен Зарина Жәкенова, Фебюс – Дидар Абдухалықов пен Нұрпейіс Абдураев және Клопен – Расул Усманов пен Ұлан Қабыл.
Либреттоны аударған Серікзат Дүйсенғазының айтуынша, ол мәтінді қазақ менталитетіне сай етіп аударған. Мәселен, тікелей аударатын болса, Құдай ана болып кететін сөзді ұлтымыздың таным-түсінігіне жақындатып, Әз ана етіп алған.
Алайда мюзиклді ұстап тұратын мәтін десек, шығармадағы қазақ тілінде шырқалған әндердің бізге әсері болмады. Осыдан бірнеше жыл бұрын белгілі ақын Исраил Сапарбай орыс тілінде шырқалып жүрген «Belle» әнін «Эсмеральда» етіп қазақшалады. Оны «Денар» тобы шырқады да. Серікзат аударған осы әнге қарағанда Исраилдың «Эсмеральдасы» әсерлірек болып көрінді. Бәлкім, кейінгі әнді сол қалпы ала салу керек пе еді деген ой келді.
Түйіндеп айтқанда, осы күнге дейін «Notre dame de Paris» мюзиклін әлемдегі 11 миллион халық тамашаласа, олардың қатарына қосылған қазақ көрермендері де өкінбейді деп ойлаймыз.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды