«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Нота емес, хат жіберіпті

0 101

Қытайдағы көптеген қандастарымыздың тергеусіз, сотсыз абақтыға қамалып, қуғын-сүргін көріп жатқаны жайында (қараңыздар: «Расул Жұмалы: Мәселені өркениетті жолмен шешудің тетігі табылады», №106, 6 қыркүйек, 2018 жыл) біз бұған дейін жазғанбыз. Сол жақтағы қандастарымыз­ туыстарының айтуына негізделген деректерде балаларын Қазақстанға оқуға жібергені үшін, мешіт салуға жәрдемдескені және намаз оқығаны үшін де саяси түзету лагерьлеріне қамалғаны туралы баяндалады.

Жуырда «Азаттық» радиосы: «Қазақстан Қытайға бірнеше нота жолдаған. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ата-аналары Қытайда қалған қазақстандық балалардың мәселесінен хабардар. Министрліктің өкілі Айбек Сма­дияровтің сөзінше, қазір министрлік балаларынан ажырап, Қытайда қалған қазақтар мәселесіне қатыс­ты Пекинмен жұмыстар жүргізіп жатыр» деген ақпарат таратты. 2 қарашада ата-аналары Қытайда қалған 60-қа жуық бала Алматыда жиын өткізіп, ел билігі мен халықаралық ұйымдардан көмек сұрағаны мәлім. Әріптесіміздің сауалына себеп болған осы оқиға болатын.
Алайда «Азаттық» радиосы мен «CA-NEWS» (KZ) ақпарат агенттігі министрліктің кәдімгі қызметтік хатын «Нота» деп жариялап жіберді. Бұл мәселені «Астана ақшамы» газетіне Сыртқы істер минис­трлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров былай түсіндірді: «Брифингке келген журналистер түсінбей қалған. Жылап шыққан балаларға қатысты брифингте сұрақ қойылды. Мен Қытай елшілігіне дипломатиялық арналар арқылы кәдімгі қызметтік хат жолдағанымызды айттым. Елшіліктерге жіберетін хатымыз нота деп аталады. Бірақ оны журналистер: «Ойбай, министрлік Қытайға дүрілдетіп нота жіберіпті» деп дүрліктірді. Қарсылық нотасы деген – мүлдем басқа нәрсе. Министрлікке күн сайын көп арыз түседі. Көбінесе Қытайда қалған адамдардың туыстары, балаларынан келеді. Біз өз тарапымыздан бәрін тексеріп, жинақтап, елшіліктерге жібереміз. Кеше Сыртқы істер минис­трі Қайрат Әбдрахманов та «Нота дегеніміз – біздің күнделікті хат алмасуымыз» деп тағы түсіндірді».
Құзырлы ведомствоның басшысы Қытайдағы саяси лагерьлерде құқықтары бұзылып, қысым көрген қандастарымыздың мәселесіне министрліктің ерекше көңіл бөлетінін мәлімдеді. «Алайда халықаралық ұйымдардың шеңберінде бұл мәселені көтеруге ешқандай құқымыз жоқ. Өйткені бұл – Қытайдың ішкі мәселесі. Олардың ішкі ахуалына араласуға құқымыз жоқ» деді Қ.Әбдрахманов.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды