«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Нөсерден соңғы сарсаң

0 36

Күз – жауын-шашын маусымы. Нұр-Сұлтан қаласында тамыз айының 15-17 күндері, 21 күні қатты нөсер төгіп өтті. Жауынның құйғаны соншалық кей көшелерде көлік қозғалысы қиындап, жұрт қайықпен жүретіндей күйге жетті. Бірнеше сағаттың ішінде Б.Момышұлы даңғылын, Қалдаяқов, Сарайшық, Мақатаев және Кравцова, Байтұрсынов көшелерін, Сарыарқа көпірінің астын су басып қалды. Мұндай күндері елордалықтардың бірін-бірі «Қайырлы күн, Венеция!» деп қағытатыны үйреншікті жағдайға айналған.

Жұрт толассыз жауған жауынның кесірінен көшелерде көлік кептелісінің қордаланып, жаяулары тізеден су кешуге мәжбүр болғандарын айтып шағымдануда. Мұндай бейнежазбалар әлеуметтік желілерде көптеп таратылып кетті.

«Бүгінгі жауын-шашын салдарынан қаланың кейбір көшелерін су басып, жауын суы канализациясының жоқтығы өзекті мәселе екенін тағы бір көрсетті. Бұл мәселені жүйелі шешу үшін тиісті жоба жасақталуда» деп жазды қала әкімі А. Көлгінов 21 тамыз күні facebook-тегі парақшасында.

Әкімнің бақылауындағы мәселе

Ол бүгінгі күні шаһарда шешімін күткен көкейтесті мәселелердің бірі – жауыннан соң көшелерді су басып қалу. «Бұл мәселені біз кешенді түрде қарастырып, кәріз құдықтарын салуды қолға алудамыз. Қала бойынша басты үш жер белгіленді. Бірінші, Б.Момышұлы даңғылын су басу бойынша байқау жарияладық. Енді соның нәтижесін күтудеміз. Екінші су басу аймағы – А.Иманов көшесі, онда байқау бітіп, мердігер компания анықталды. Бұл 2-3 жыл бойы орындалатын үлкен жоба болып табылады. Иманов көшесі бойынша жұмыс биыл басталды. Келесі проблемалы учаске – Тұран даңғылының бойы. Бұл жерде тиісті жұмыстар басталып кетті. Тұран бойынша техникалық шешілуі тиіс сұрақтар бар» деді қала әкімі жауын-шашынға қатысты түсінік бергенде.

Жалпы, қалада жауын-шашыннан соң су астында жиі қалатын 32 нүкте бар екен. Төтенше жағдайларда оның зардаптарын жедел жою үшін қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істейді.

Екі сағатта жарты айдың жауыны жауды

Қазгидрометтің мәліметінше, бас қалада жауын-шашынның айлық нормасы – 29 мм. Ал 21 тамыз күні 2 сағаттың ішінде айлық норманың жартысы – 14,5 мм жауын жауған. Соның салдарынан шаһардың бірталай көшелерін су басқан.

Бас қаланың санитарлық тазалығына және нөсерсу кәріз желілерінің жұмысына жауапты «Астана Тазалық» ЖШС директоры Боранбай Болатбеков жауын суын қабылдайтын құдықтардың да, суғар кәріз жүйесі мен тазарту қондырғыларының да дұрыс жұмыс істеп тұрғанын және көше тазалау­шы адамдар мен техниканың жеткілікті екенін жеткізді.

– Мұндай жағдай барлық жерде болып жатады. АҚШ-та, Еуропада, Түркияда, Бразилияда, Италияда, Мәскеу де… Бұл табиғаттың құбылысы. Өзіңіз қараңызшы, сіз қолжуғыштың суағар мойнын апандай қылып ойып қоймайсыз ғой, қол жууға есептеп, жұдырықтың көлеміндей тесік жасайсыз. Ал оған бір шелек суды лақ еткізіп құйып жіберсе не болады? Біздегі жағдай да сол: 2 сағаттың ішінде жарты айда жауатын жауынның мөлшері түсті. Көшені су басқаны содан. Қайта біздің жұмысшылар күні-түні тынымсыз жұмыс істеп, оның салдарын аз уақыттың ішінде жойды,– деді Боранбай Болатбеков.

Жауын-шашын зардаптары жедел жойылды

Толассыз жауған жаңбырдың кесірінен көшелерді су басу кешегі күннің ғана проблемасы емес, астана – астана болғалы осы. Сондықтан, көшені жауын суынан тазарту нәтижесін жақсарту мақсатында 2018 жылы нөсерсу кәрізі мен тазарту қондырғылары жүйесіне қызмет көрсету фунциясы «Астана Тазалық» ЖШС-на берілген. Ол қала көшелерін, жолдарды және қоғамдық пайдаланудағы басқа да жерлерді тазарту сапасын көтеріп қана қоймай, тасқын су зардаптарын жеделдетіп жоюға мүмкіндік береді. «Астана Тазалықта» аталған функцияны атқаруға қажетті техникалық жабдықтар да, білікті мамандар да жеткілікті. Бұл бір жағынан бюджет қаржысын үнемдеуге және қаланы тазарту қызметтеріне орталықтандырған бақылау жасауға мүмкіндік берді. Мамандардың айтуынша, барлық суайыруға қатысты нысандарды бір ұйымға шоғырландыру және оның балансына беру жұмысты техникалық тұрғыдан да көп жеңілдете түсті.

Сондықтан 21 тамыз күнгі толассыз жауған жауынның зардаптарын жедел жоюға қол жеткізілді. Мәселен, Байтұрсынов көшесінің 25 үй маңын алып қалған үлкен көлшік 2 сағаттың ішінде тап-таза болып құрғатылды.

– Екі ауысымда 47 ас көлігі, 12 мотопомпа, 50 адам күндіз-түні жұмыс істеді. 2 940 шаршы метр су сорылды. 18 шақырымнан астам нөсерсу кәрізі тазартылды,– деді «Астана Тазалық» ЖШС бас директордың нөсерсу кәріздеріне қызмет көрсету және тасқын суға қарсы шаралар жөніндегі орынбасары Марсель Ұзақов.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды