«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Несібеден айырған несие

Қазір қаржыдан қысылсаңыз, ғаламторда «құтқарушылар», нақтырақ айтқанда, онлайн қарыз беретін компаниялар аз емес. Бірақ қысылтаяңда олардан қарыз алсаңыз, артынан басыңызға бұлт үйіріліп, борышкерлер қатарынан бірақ шығуыңыз мүмкін. Өйткені қарызыңызды кешіктірсеңіз, алған ақшаны еселеп қайтаруға тура келеді.

0 58

Алаяқтың қақпанынан қалай құтыламыз?

Онлайн қарыз беретін компаниялардың ғаламтор беттеріндегі, әлеуметтік желілердегі жарнамаларынан көз сүрінеді. Бірақ олардың көбісінің жұмысы заңсыз деседі. Өйткені қаржы-несие саласы заңмен реттелгендіктен, азаматтарға несие берумен тек арнайы рұқсаты бар банктер мен микроқаржылық ұйымдардың ғана айналысуға құқықтары бар.
Егер жан қысылғанда онлайн сервистің көмегіне жүгінсеңіз, «жеті рет өлшеп, бір рет кес» дегендей, арасынан тиімдісін таңдаған дұрыс. Қарызды алған соң уақытынан кешіктірмей өтеп тастаған жөн. Әйтпесе, алған қарызыңыз еселеніп, миллиондаған теңгеге шығып кетсе, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырыласыз. Оның үстіне, қарыз сұрау барысында анкета толтырып, онда ЖСН мен банктік шот нөміріңіз сияқты барлық қажетті құжатыңыз туралы ақпарат бересіз. Сондықтан алаяқтардың құрығына түсіп қалмас үшін алдымен онлайн сервистің арнайы рұқсаты бар-жоғын анықтап алу керек. Келісімшарттағы ұйымның атына мән беріп қарасаңыз, рұқсаты бар компанияның ресми атауында «микроқаржылық ұйым» деген жазу болуы тиіс. Немесе онлайн сервис туралы Ұлттық банк сайтындағы микроқаржылық ұйымдар тізімінен (https://nationalbank.kz /?docid=1026&switch=kazakh)де қарауға болады. Содан соң келісімшартты да мұқият оқып, сақтап қойған жөн. Бұлай болмаған жағдайда алаяқтар сіздің сыртыңыздан банктік картаңыздағы ақшаңызды жымқыруы әбден мүмкін.

200 мың теңгенің қарызы 2 миллионға өсті

Рұқсаты болмай, қызметі заңмен реттелмеген онлайн несие сервистері заемшінің мойнына үлкен пайыздарды, айыппұлдарды және қосымша қызмет ақыларын еселеп қосады. Мысалы, 75 000 теңге қарыз алған азаматтан онлайн қарыз берген компания 1 миллион теңге қайтаруды талап етіпті. Аз соманы уақтылы қайтара алмай, үнемі қарызды өтеу мерзімін созу үшін ақша төлеп, алған ақшасынан неғұрлым көп төлесе де, қарызынан құтыла алмай жүргендер жетерлік. Біреулер өз құқықтарын қорғап, сотқа жүгініп жатса, көбісі шегі жоқ пайызды төлеумен әлек.
Мәселен, Атырау облысы Исатай ауданының тұрғыны Орынгүл Жайлиева онлайн сервистерден көптен бері қарыз алып, заемді пайыздық үстемеақысымен уақтылы қайтарып жүрген. Соңғы бір жылдан бері 5-6 онлайн кредитордың заемдерін қайтара алмай, қарызы күн санап артып, Орынгүл қарызға белшесінен батқан.
«Негізі бастапқыда банктегі кредитімді жабу үшін онлайн қарыз сұрағанмын. Олардың кейбірінен 30 мыңнан, енді бірінен 70 мың, тағы бірінен 90 мың теңге алдым. Келесі айында онлайн қарызды жабу үшін басқасынан тағы алдым. Осылайша, 5-6 компанияға қарыз болып қалдым. Соның бірінен ғана алған 90 мың теңге қарыздың қазіргі қайтаратын сомасы пайыз­дарымен 315 мың теңгеге шығып тұр. Өзім тұрмыстамын. Кішкентай балам бар. Ай сайынғы табысымыз осы қарыздарды жабуға жетпейді» деп налыды ол.
Жалпы, онлайн қарыздан жапа шегіп жүргендер көп. Дегенмен олардың көбісі өздерінің құқықтарын ескере бермейтін сияқты. Азаматтық кодекстің 159-бабына сәйкес, арнайы рұқсаты жоқ онлайн сервистердің келісімшарты, яғни үстем­ақы және өзге де төлемдер заңсыз болып танылады. Онлайн несие алған кез келген адам келісімшарт бөліктерін заңсыз деп тану туралы сотқа жүгінсе, тек негізгі борышын ғана қайтаруға құқылы. ­Мысалы, Қарағанды қаласының тұрғыны Кристина басына іс түскенде тура солай істеген екен.
«Онлайн қарызды бірінен алып, екіншісін жауып отырдым. Ақыры төлей алмайтынымды түсінген соң онлайн компанияларға қарыздың өсімін уақытша тоқтата тұруларын өтіндім. Бірақ олар менің жағдайыма түсіністікпен қарамады. Барған сайын пайыздары көбейе берді. Менеджерлер күнде-күнде хабарласып, ­қарызды тез арада жабуымды талап етті. Тіпті, ­«алаяқтық жасағаныңыз үшін заң алдында жауап ­бересіз» деп те қорқытты. ­Содан соң пайыздық, айыппұл өсімдері ақылға сыймайтын сомаға көбейіп кетті. Мысалы, мен 200 мың теңге қарыз алсам, ол 2 миллион теңгеге өсті. ­Соның кесірінен қазір жұмыссызбын. ­Ешқандай мекеме үлкен сомада қарызы бар адамдарды жұмысқа қабылдамайды екен. Бастысы, осы онлайн сервистермен соттасып жүріп, жеңіп шықтым. Енді алған қарызымды ғана қайтаратын болдым» дейді Кристина.

Онлайнердің айбатынан қалай қорғану керек?

Онлайн қарыздан опық жеген азаматтардың құқығын қорғаумен айналысатын заңгерлердің ақысы бір іске шамамен 25 мың теңгені құрайды. Олардың кейбірі бұл сомадан азырақ немесе көбірек сұрауы да мүмкін. Ал «Менің Атамекенім» қоғамдық қоры Тұтынушылар құқығын қорғау орталығы мұндай істе тегін қызмет көрсетеді. Осы орталықтың жетекшісі Альбина Юлдашева онлайнерлердің қорқыту-үркітуіне борышкерлердің қандай әрекет етуі керектігі жайлы айтып берді.
«Қарыз беруші компания қызметкерлері тұтынушыларға үнемі қоңырау шалып, жұмыс орындарына, жақын араласатын адамдарына хабарласып, түрлі қоқан-лоқы жасап, тіпті заемшінің әлеуметтік желідегі парақшасын тауып алатындар да бар. Сол сияқты борышкерді іздестіру кезінде қарыз беруші компания мамандары заемшіге өздерін құқыққорғау органдарының қызметкерлері, сот орындаушылары, сот қызметкерлері болып хабарласатын жағдай да жиі кездеседі. Егер қарыз алушы заемді мерзімінен кешіктіріп алса, үрейленбеу керек. Бірінші кезекте, қарыз берушіге өтініш жазып, жағдайды түсіндіруі тиіс. Сонда компания оған түсіністікпен қарауы мүмкін. Сондай-ақ келісімшарттың заңдылыққа сәйкес болуы үшін заңгерлерге жүгіну қажет» дейді Альбина.
Оның айтуынша, онлайнерлер тарапынан қолданылатын шаралардан қорғану үшін өзіңіздің құқығыңызды, міндетіңізді жақсы білуіңіз керек. Ол үшін Азаматтық кодексті, Коллекторлық қызмет туралы заңды мұқият оқып шығу қажет. Егер онлайн компанияларының мамандары мен коллекторлардың тарапынан аздаған күдік тудыратын әрекет байқасаңыз, Ұлттық банкке немесе сот органдарына өз құқығыңызды қорғау жөнінде арыз жазу керек.
«Онлайн заем ұсынатын компания мамандары өз беттерінше борышкерлердің шекарадан өтуіне тыйым салуға, банктік есеп-шоттарын бұғаттауға құзыреттері жоқ. Егер олар істі тек сотқа немесе нотариус арқылы жеке сот орындаушыларына берсе ғана борышкердің банктік есеп-шоттарын бұғаттап, елден шығуға тыйым сала алады. Қарызды өтемегені үшін борышкерді қамаған жағдай әзірге болған жоқ. Бірақ акцептісіз банктік есеп-шоттардан ақша аудару дерегі тіркелді. Онлайнерлер «сатып алу» тәсілі арқылы борышкерлердің шоттарынан ақша аудара алады. Бірақ бұл заңды емес» дейді Тұтынушылар құқығын қорғау орталығының жетекшісі.
Айта кетсек, Альбина Юлдашева тұтынушылардың құқығын қорғау орталығына келмес бұрын өзі де онлайн қарыздан опық жеген екен. Біраз жыл бұрын осындай жеке компаниядан 60 мың теңге заем алған ол қарызының 1 млн 200 мың теңге болып кеткенін айтады. Содан мәселесін заң арқылы реттеген Альбина өзі сияқты зардап шеккен жандарға көмектесуді жөн көрген. Оның сөзінше, тұтынушылардың мәселесі 10 күннен 4 айға дейінгі аралықта шешіледі.
«Жақында біз бір іс бойынша сотта жеңіп шықтық. Тұтынушы 150 мың теңгенің қарызын рәсімдеп, жағдайы қиын болғандықтан, қарыз мерзімі уақытынан асып кеткен. Маған жүгінген уақытта тұтынушының қарыз көлемі 1 846 878 теңгені құраған. Кешіктірілген күн саны – 426 күн. Келісімшартты орындамағаны үшін компания өсімпұл (пеня), айыппұлмен қатар, жылдық үстемеақыны 511 пайызбен есептеген. Талдау барысында келісімшарт пунктінде бұзушылық дерегі анықталып, осыған байланысты сотқа шағымдандық. Келісімшарт жарамсыз деп танылды. Жалпы, онлайн қарыз алатын кезде, бірінші кезекте, пайыздық үстемеақысына қарау керек. Жылдық үстемеақы 100 пайыздан аспауы тиіс. Келісімшартты міндетті түрде оқу қажет» дейді А.Юлдашева тағы бір сөзінде.
Қаржыгерлер: «Қарыздың төресі – алынбаған қарыз» дейді. Сондықтан онлайн компанияларынан қарыз сұрамас бұрын әбден ойланып, толғаныңыз. Себебі олардың құрығына іліксеңіз, төменге құлдилап, тасыңыз­дың ылдиға домалайтыны анық.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды