«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

НЕЙРОДИЗАЙННАН НЕ ҰТАМЫЗ?

Тамыз конференциясы аясындағы көрмеде қандай жобалар таныстырылды?

0 26

Орта – «үшінші үйретуші»

Нейродизайн дегеніміз – бір қарағанда бір-бірімен мүлде байланысы жоқ нейробиология мен интерьер дизайнын біріктіретін жаңа концепция. Ол оқушылардың физикалық хал-ахуалын, ми өнімділігін және эмоциялық интеллектіні жақсартуға көмектесетін ерекше кеңістіктер құруға мүмкіндік береді. Көрме қатысушыларының бірі, Kozmo.drom компаниясының өкілі Тимур Боскинмен әңгімелес­кенімізде, осындай заманауи жобаның қыр-сырына қанықтық.

– Біз мектеп, колледж және балабақша ішін модернизациялаумен айналысамыз. Бізді құрылыс немесе дизайн компанияларымен шатастыруға болмайды, біз білім беру саласына тікелей бағытталған ұйымбыз. Жұмысымыз батыс ғалымдары және өзіміз әзірлеген принциптерге негізделген. Онда оқушылардың білім алуына қолайлы орта қалыптастыратын жағдайлар ескеріледі. Әдетте неліктен дамыған елдерде білім алу ортасына ерекше көңіл бөледі? Өйткені орта – отбасы мен педагогтан кейінші үшінші үйретуші. Бүгінде балалар да, мұғалімдер де, педагогика да өзгеруде, ал неліктен сыныптар өзгермейді? Қазір кез келген қымбат мектептерге барсаңыз, ондағы оқыту бөлмелері басқаша. Ал біз мемлекеттік мектептерде де сол секілді кеңістік құруды мақсат тұтамыз, – дейді ол.

Мысал ретінде Тимур Боскин астаналық мектептердің біріне жасаған дизайнды түсіндірді. Онда көзіміз үйренген қаз-қатар парталар атымен жоқ, есесіне оқушылар бір қарағанда араның ұяшығын еске түсіретін пішіндегі мобильді үстелдерге жайғасқан. Оларды топтық жұмыс барысында оп-оңай біріктіруге, ал тапсырманы жекелей орындағанда бөлек-бөлек қоюға да болады екен. Сондай-ақ бір бұрышта түрлі түсті пуфиктер мен дивандар орналастырылыпты. Бұлар балаларға психологиялық жайлылық сезімін сыйлап, сабақ үстіндегі стрестен құтылуға жәрдемдеседі. Мұнымен қоса, сынып ішінде әр оқушының шкафы бар. Kozmo.drom маманының айтуынша, сыныпта баланың тек өзіне тиесілі бұрышы болғанда, бала сыныпты үйі, өзіне жақын орта ретінде қабылдайды. Сәйкесінше, сабаққа да ықыласпен дайындалып, айналасына жанашырлықпен қарауды үйренеді.
Қазіргі таңда елордадағы №49, №73, №37 секілді мектептердегі бөлмелер осындай нейродизайн негізінде жабдықталған.

Аватар ағылшынша үйренуге көмектеседі

Көрменің тағы бір қатысушысы Ернар Аккисев – отандық Pine Learning Innovations компаниясының маманы. Оның айтуынша, аталған ұйым мұғалімдер мен шәкірттердің ағылшынша қарым-қатынас жасауына мүмкіндік беретін америкалық Raz Plus платформасын Қазақстанда таратумен айналысады.

– Бізде қазір мынадай проблема бар. Көп мектептерде балалар тек ағылшын тілі пәні кезінде ғана ағылшынша сөйлейді де, басқа кезде тіл үйрену тәжірибесі қалып қояды. Бұл платформа балаларға 24 сағат бойы ағылшыннан қол үзбеуге мүмкіндік береді. Бүгінде оны әлемнің 170 шақты елінде пайдаланады. Онда мұғалімдер үшін 50 мыңнан аса материал мен оқушылар үшін 2 жарым мыңдай кітап қоры бар. Тапсырмалар 29 түрлі деңгейге бөлінеді. Яғни, 1-сыныптан бастап 11-12 сынып оқушыларына дейін ыңғайлы. Балалар платформада кітап оқып, үй тапсырмасын орындап, оны жазбаша немесе аудио түрінде мұғалімге жібере алады, – дейді ол.

Аталған платформаның ерекше тұсы, ол ойын түрінде құрастырылған. Әр аккаунт иесінің, яғни, оқушының өз аватары болады. Ол – виртуалды бейне. Әр орындалған тапсырма үшін жұлдызша беріледі. Оны оқушы өз аватарын безендіруге жұмсайды. Мысалы, әлгі аватарға киім, бұйым «сатып алу» үшін әлгі жұлдызшаларды жинау керек.

Raz Plus платформасымен жұмыс істейтін елордалық мектептер қатарында «Мирас», Spectrum, «Нұр Орда» секілді білім беру мекемелері бар екен. Жуырда аталған платформа ресурстарын Білім және ғылым министрі мақұлдапты, бұл – демек алдағы уақытта мемлекеттік мектептер де оған қол жеткізе алады деген сөз.

«Әлем азаматтарын» тәрбиелейтін мектептер

Көрме барысында «Халықаралық бакалавриат» бағдарламасына мүше білім беру ұйымдары өкілдерімен де сұхбаттастық. 1968 жылы құрылған халықаралық білім беру қоры дайындаған бағдарлама негізінде Нұр-Сұлтандағы №73 және №81 балабақшалар және №66, №73, №85 мектеп-лицейлер мен №81 мектеп-гимназия оқытады.

– «Халықаралық бакалавриат» бағдарламасына мүше болудың өзі бірнеше сатыдан тұрады. Бірінші, «қызығушы мектеп», кейін бір жыл бойы «кандидат мектеп» ретінде тіркелу керек. Бағдарламаның барлық талаптарына сай келгенде ғана мүшелікке қабылдайды, – дейді №85 мектеп-гимназияның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әлия Қожабаева.

Бағдарлама оқушыларды «әлем азаматы» болуға үйретеді, әр пәнде жаңа тақырыпқа қатысты ғаламдық трендтермен таныстырады. Сондай-ақ балаларды бастауыш сыныптан бастап зерттеуші ретінде қалыптасуға тәрбиелейді.

– Мысалы, жалпы мемлекеттік білім беру бағдарламасы бойынша балабақшаларда кітапхана болу міндетті емес. Ал «Халықаралық бакалавриат» үш тілді кітаптар қоры бар кітапхананың болуын міндеттейді. Сол секілді, мектепте де кез келген пән бойынша даярланған дәстүрлі бағдарламаға қарағанда, бұл бағдарлама өзгешелеу. Мәселен, дене шынықтыру пәнінде оқушыларға доп беріп, сабақ бойы спорт залда ойнатып немесе жаттығу жасатып қоюдың орнына оларға фитнестің пайдасы, денені шынықтырудың тәсілдерін түсіндіруге арнайы уақыт бөледі, – дейді педагог.

Эмоциялық интеллектіні дамыту стрестен сақтайды

«Баланы тәрбиелеместен бұрын ата-ана мен мұғалім әуелі өзін тәрбиелеуі керек. Өкінішке қарай, көп ересектер өздерінің эмоциясын тануға қабілетсіз» дейді көрме қонақтарының бірі, Эмоциялық интеллект халық­аралық академиясының қызметкері Әсел Мұратова. Бұл ұйым бірнеше жылдан бері астаналық ата-аналар мен мұғалімдерге арнап эмоцияны басқару бойынша тренингтер жүргізіп келеді екен.

– Эмоциялық интеллект дегеніміз – адамның өзінің және басқалардың эмоциясын тани білу қабілеті. Ол қарым-қатынасты сол нәрсе арқылы жүргізуге бағыттайды. Мысалы, оқушы сабақ оқымай келсе, «Сен неге айтқан тілді алмайсың?», «Неге оқымай келдің?» деп жер-жебіріне жетудің орнына «Сен үй тапсырмасын орындамай келгенің үшін менің көңіл-күйім түсіп тұр», «Сенің мені тыңдамайтының мені ашуландырады» деп өз эмоциясын айту арқылы байланыс орнатуды көздейді, – дейді ол.

Маманның айтуынша, эмоцияны іште сақтауға болмайды. Әйтпесе біздің ағзамыз стреске душар болады. Бірақ оны әлдеқайда дұрыс күйде сыртқа шығаруға дағдылану керек.

– Өзіңдікімен қосып, өзгенің де эмоциясын тани алу және солайша басқара алу – әсіресе, педагог­қа аса қажет қасиет. Мысалы, балалардың бойында жарқын эмоциялар тудыру арқылы қиын тақырыпты оңайырақ етіп түсіндіруге де болады. Ал оқушылар үшін бұл қабілетті игеру жаңа өзгерістерге дайын болуға көмектеседі. Бүгінге дейін Нұр-Сұлтан бойынша 11 мектеп, 500-дей мұғалім және 3 мыңға жуық ата-ана біздің тренингтерімізден өтті, – деді Әсел Мұратова.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды