«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Нейродизайнға негізделген мектеп

Елордалық оқушылардың игілігіне берілді

0 34

Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордадағы №88 мектеп-лицейге барды. «Family Village» тұрғын үй кешенінің жанынан қоныс тепкен жаңа мектептің ерекшелігі сол, мұның іші нейродизайн принципіне негізделген.Ғимаратқа кірген бетте түрлі-түсті геометриялық фигуралармен безендірілген қабырғалар мен мектеп логотипіне көзің түседі. Холл мен дәлізден бөлек, сыныптардың да айрықша стильде жабдықталғанын байқадық. Дизайн авторы, Kozmo.drom жобасының негізін салушы Аян Әшірбековтің айтуынша, нейробиология мен интерьер дизайны салаларын біріктіретін «нейродизайн» атты тың формат оқушылардың физикалық хал-ахуалын, жұмыс өнімділігін және эмоция­лық интеллектісін жақсартуға көмектесетін ерекше кеңістіктер құруға мүмкіндік береді.

 – Мектептің дизайнын жасарда оның математика-жаратылыстану бағытын тереңдетіп оқытатынын ескердік. Мәселен, дәліз қабырғаларына Пифагор, Галилей, әл-Фараби секілді ежелгі ғұламалардан бастап Мұхтар Өтелбаев, Асқар Жұмаділдаев сынды бүгінгі ғалымдардың суреттері салынған. Жанындағы QR-кодтарды сканерлеу арқылы шәкірттер олар жайлы Википедия ұсынған ақпараттарды оқи алады. Әдетте неліктен дамыған елдерде білім алу ортасына ерекше көңіл бөледі? Өйткені орта – отбасы мен педагогтан кейінші үшінші үйретуші, – дейді Аян Әшірбеков.
Жаңа мектеп 1200 орынға шақталып салынған. Қазіргі таңда онда 501 оқушы бар, 49 мұғалім сабақ беруде. – Бастапқыда таза қазақ мектебі болады деп жоспарланған. Алайда ата-аналардың сұранысы бойынша орыс сыныптарын да ашуға тура келіп, аралас мектепке айналдық. Бүгінде №75, №84, №85, №76, №77 және №73 мектептердегі орын тапшылығы мәселесі жеңілдеп, сондағы балалардың кейбірі осы мектепке ауысты. Бұл маңға №47 және №102 бағыттағы автобустар қатынайды. Қаңтар айынан бастап әкімдік тарапынан арнайы көлік берілуі мүмкін, әлі қарастырылып жатыр. Егер мақұлданса, онда «Арнау», «Қамал», «Nova City», «Promenade EXPO» тұрғын үй кешендері және Бөкейханов пен Мәңгілік ел көшелері арқылы мектептің өз автобусы жүретін болады, – деді №88 мектеп-лицей директоры ­Ләззат Нысанқұлова.
Өз кезегінде қала басшысы Алтай Көлгінов оқушылармен әңгіме барысында:
– Бұл мектептің табалдырығын алғаш болып сіздер аттадыңыздар. Елордада жыл сайын жаңа мектептер ашылуда. Оның бәрі – жас ұрпақ, мына сіздер үшін. Осы кезден білімге ден қойсаңыздар, болашақта жақсы маман боласыздар. Жақсы маман – қоғамның дамуына үлес қосатын белді мүшесі, – деп жеткіншектерге үміт арта сөйледі.
Вице-премьер мен елорда әкімі мектепті аралау кезінде инклюзия сыныбымен де таныс­ты. Ол – «Болашақ» корпоративтік қорының «Әр бала мектепке лайық» жобасы аясында «Шеврон» компаниясының демеушілігімен ашылған астанадағы алтыншы сынып. Аталған қордың қамқоршылық кеңесі төрайымы Динара ­Шайжүнісова бүгінде сыныпта ерекше қажеттілікті талап ететін 5 бала білім алып жатқанын айтты.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды