«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Негізгі басымдықтарды белгіледі

0 22

Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігінің басшы­лық құрамымен кездесті.
Елбасы кездесу барысында Әділ­бек Жақсыбековке Президент Әкім­шілігінің Басшысы лауазымында және басқа да мемлекеттік қызметтерде атқарған жұмысы үшін алғыс айтып, оның Қазақстан Республикасы мемлекеттілігін қалыптастыру және дамыту ісіне зор үлес қосқанын ерекше атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысу­шы­ларға Президент Әкімшілігі­нің жаңа басшысы Әсет Исекешевті таныстырды.
– Әсет Өрентайұлы менің көмекшім болды, министр, Премьер-министрдің орынбасары қызметтерін атқарды. Бас қаламызда жұмыс істеген соңғы екі жарым жыл ішінде елордалықтардан жоғары баға алды. Ол белсенді әрі креативті ұстаныммен ерекшеленеді. Қазір бізге дәл осындай адам керек. Исекешев елордаға әкім болған уақытта біз «ЭКСПО-2017» көрмесін және Астананың 20 жылдығын абыр­оймен өткіздік. Әсет Өрентайұлы бұл міндетті де лайықты орындай алатынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы жиын соңында еліміздің экономикалық өсімін және халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыру ісінде Президент Әкімшілігінің басты рөл атқаратынын атап өтіп, оның алдағы кезеңге арналған жұмыстарының негізгі басымдықтарын белгілеп берді.
– Аппарат алдында бұған дейін қабылданған мемлекеттік бағдар­ламалардың жүзеге асырылуын және орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі маңызды міндет тұр. Бүгінде жұмыс ауқымы өңірлік деңгейге ауысқанын ерекше атап өткім келеді және барлық деңгейдегі әкімдердің қызметін тиімді үйлестіріп, олардың өзара ынтымақтаса еңбек етуіне көмектесу қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды