«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Наурызды жаңаша тойлау

немесе төл мерекемізді балаларға жақындатудың жолдары бар ма?

0 93

Бүгінгі мейрам бұрынғыдан өзгерек…

Біздің қоғамда Ұлыстың ұлы күнін тойлау туралы әртүрлі ой-пікірлердің айтылып жүргеніне бірнеше жылдардың жүзі болды. Бір өкініштісі, ой-пікірлер, ұсыныстар сол айтылған қалпында, БАҚ-тарда қалып қояды. Мысалы, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы соңғы 3-4 жылдың көлемінде Наурызды жаңаша тойлау жөнінде газет-журналдарға мақала жазып, сұхбат бе­ріп келеді. Биылғы «Егеменге» (21.02.2018 ж.) берген сұхбатында министр былай дейді: «Ең әуелі Наурыз балдырғандарға арналуы керек. Наурызда біз бар мейірім-шапағатымызды балғын балапандарымызға арнағанымыз дұрыс. Жаңа жылға сәби неге үйір? Рождество несімен мықты? Аяз ата да, Санта-Клаус та ең әуелі баланың тілін табады. Бір ғана шырша сол күннің шырайын келтіріп, Жаңа жылдың идеологиялық нысанына айналып кетті. Шыршаның айналасында асыр салған ойын баласына Аяз ата сыйлық беріп, тарту-таралғысын жасайды. Отбасы мүшелерін, үлкендерді де назардан тыс қалдырып көрген емес. Осы тәрізді дәстүрдің берік орнығуы бұл мерекені халыққа барынша жақындатты. Сөйтіп, Жаңа жылдан әр бала тосын жа­ңалықтар күтетін болды. Сол се­кілді Наурыздың қадір-қасиетін жан-жақты қамти отырып, шын мәнінде, мереке жасағымыз келсе, Наурыздың бірінші мағынасы да, сәні мен салтанаты да балдыр­ғандар болуы тиіс».
Бұл – құптарлық-ақ ұсыныс. Менің ойымша, осындай ұтқыр ұсыныс айтқан Арыстанбек Мұхамедиұлы басқаратын Мәдениет және спорт министрлігі Наурызды тойлаудың бүгінгі заманға сай нақты бір формасын ұсынып, бағдарламасын бекітсе, нұр үстіне нұр болар еді. Ең алдымен, қоғам мақұлдаған Наурыздың түпкілікті эмблемасын бекітіп алғанымыз жөн. Одан кейінгі шаруаның бірі – Наурызды тойлау жөнінде Үкімет арнайы қаулы шығаруы қажет. Сол қаулыда қаражат бөлу, Ұлыс тойының көпшілікке ортақ бағдарламасы, имандылық тағылымына ерекше мән берілсе, құба-құп болар еді. Мысалы, еліміздегі барлық қала, аудан, елді мекендерді 22 ақпаннан бастап мерекелік безендіруге пәрмен берілсе. Мерекені әспеттеу адамдарға шаттық көңіл күй сыйлайды. Мұның бәрі тікелей мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылғанда ғана нақты нәтижесін көреміз. Жаңа жыл сияқты отбасылық мейрамға, шыршаны безендіруге миллиондап қаражат бөлеміз. Ұлыс күнінің бақ-беделі одан биік. Ендеше, оған жеткілікті қаражат бөлінуі керек. Міне, істі осыдан бастасақ ұтарымыз анық. Ең алдымен, кішкентай балалардың ұлық мейрамымызға деген қызығушылығын оята аламыз. Шындығына келсек, қазіргі балақайлар Наурызды асыға күте ме? Бұл сауалға келгенде ойланып қаламыз.
Енді сәл шегініс жасалық. Сонау 80-жылдардың соңында Нау­рызбен ел қайта қауышқан кездегі мейрам мен бүгінгі тойдың арасы жер мен көктей. Ауыл, аудандарда дүркіреп өтетін Нау­рыз тойында ешқандай жасан­дылық, даңғазалық, көзбояу­шылық болмайтын. Барлық ба­­лалар ұлық мейрамды асыға күтетін-ді. Неге? Өйткені бұл мей­­­рамның берер тағылымы керемет еді. Ауылдың ақ дастарқандағы ұлттық тағамдар, қауқылдасқан қариялардың үй-үйді аралауы, айтқан әңгімелері, ауыл­дың шетінде өтетін ұлттық ойын­дар кішкентай балалардың делебесін қоздырып, санасына сіңді. Мектепте Наурыз тойы қарсаңында әртүрлі танымдық ойындар, ұлттық байқаулар, спорттық жарыстар өтетін. Әр үйден Наурыздың иісі аңқып тұрушы еді. Ұлық тойды халық жұмылып, бірге тойлайтын. Ұлттық мәдениеттің, өнердің, спорттың тойы ретінде елдің есінде қалатын-ды. Бізге керегі де осы. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі айтқандай, «біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды». Рухани жаңғырамыз десек, Наурызды күллі халық болып тойлайтын бұрынғы үрдіске қайтып оралуға тиіспіз.

Ұлыс күніне балаларды қалай қызықтырамыз?

Әз-Наурыз барлық баланың сағынып күтетін сүйікті ме­ре­кесіне айналатын күнге жету үшін әуелі оны санасына сіңі­руіміз керек. Қалайша? Бүгінгі балақайлардың тілімен айтқанда «тегін наурыз көже ішіп, ба­уырсақ жейтін», алаңдағы театрландырылған көрініспен, даңғаза музыкамен, киіз үймен, ресми тілде «халықтық серуен» деп аталатын ырду-дырдумен қызықтыра алмасымыз анық. Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжие­гін кеңейту» деп жазды. Наурыз – ұлттық әдеп-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді дәріптейтін ұлттық мейрамымыз. Демек, ұлттық сана-сезіміміздің көкжиегін кеңейтеміз десек, Наурызды жаңаша тойлауға кірісуіміз керек. Сол себептен мынадай іс-шараларды жүзеге асырғанымыз абзал:
1. Балаларға жаппай мерекелік сыйлық үлестіру. Бұл жұмысты құзырлы министрлік, білім беру бас­қармалары бір жүйеге келтіріп, басқарып отыруы керек. Тәттіні, дәмді тағамды, жеңіл сусынды жақсы көрмейтін бала кемде-кем. Қағазына ұлттық ойындар, салт-дәстүрлер бейнеленген кәмпиттер, 0,5 бөтелкеге құйылған қымыз, шұбаттарды шығарып, таратып беруге болады. Бұдан кейін әр бала жыл сайын Наурызды тағатсыздана күтеді. Баланың тілін табуға апаратын жолдың бірі – осы.
2. «Қызыр түнін» қарсы алуды игі дәстүрге айналдыру. «Халықтық серуен» деген жасандылықтан құтыламыз десек, жыл басы тойын әр адам өз отбасында ұлықтауға көбірек көңіл бөлгені жөн. «Нау­рыз мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру-сырқау­дан, пәле-жаладан аман болады» деген сеніммен
үй ішіндегі жиһаз-мүліктің шаңын сүртіп, тазалайық. Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша 21 наурыздың түнінде даланы Қызыр аралайды екен. Сол себептен осы түн «Қызыр түні» деп аталады. Қызыр – адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын, ақсақал кейпінде көзге көрінетін қиял-ғажайып кейіпкер. Жақсылықтың жаршысы – Қызыр ата даланы аралап жүріп, назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібітеді, ал тасқа түссе, ерітіп жібереді екен. Қызыр түнінде үйдегі ыдыс­тарды аққа, ұлттық сусындарға толтырып, жаңа жылды күту ғажайыпқа құмар әр балаға қызықты болмақ. Бұл қадам төл мейрамның бұқаралық сипат алуына жол ашады.
3. Наурыздың бар сән-салтанаты балдырғандар болсын десек, еліміздегі балалар қатысатын білім беру, ғылым, өнер, спорт және т.б. алуан түрлі са­йыстардың ақтық жарысын Ұлыстың ұлы күнінде өткізу. «Наурыз аруы», «Наурыз сұлтаны», «Нау­рыз палуаны», «Жыл оқушысы», «Жылдың үздік әнші баласы», «Жыл авторы» деген ұлттық байқаулардың жеңімпаздарын Ұлыс күнінде марапаттау жаңарған мейрамның қадір-қасиетін арттыра түседі. Мысалы, елімізде балалар әдебиетіндегі жылдың ең үздік жазушысы деген байқау өткізіп, жеңімпаздарын Наурызда марапаттаса қандай керемет!

Төлен ТІЛЕУБАЙ

«Төл мерекемізді балаларға жақындатудың қандай жолдары бар?» деген сауалды бірнеше адамға қойдық. Жауаптары төмендегідей:

Фахриддин ҚАРАТАЕВ, Мәжіліс депутаты

Қызыр атаның бейнесін насихаттайық!

– Наурызды жаңаша тойлау­ды неден бастауға болады?
Мысалы, Қызыр атаның бейнесі әр баланы қызықтырады. Баланың қабылдауына әсерлі болуы үшін әрі нанымды, әрі қызықты етіп түсіндіруге болады. Наурыз айының басынан бастап аппақ киім киген Қызыр атаның үлкен суретін көшедегі билбордтарға іліп қою керек. «Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!», «Аспанымыз ашық болсын!», «Бірлігіміз бекем болсын!» деген құттықтауларды Қызыр ата жеткізіп тұрса, ол сурет балаларға да әсер етеді. Ғажайыпқа жаны құмар балалар оның кім екенін білгісі келіп, ынтыға түседі. «Қызыр түні», «Күн нұрының символы», «қыдыр дарытушы», «бақ қондырушы» деген ұғымдарды әр балаға қарапа­йым тілмен түсіндіру ләзім. «Қызыр ата жақсылық, құт-береке әкеледі» дегенді айтқан үлкендер үстіне әдемі киім киіп, қонақ күтуге ертерек дайындалса. Әр бала кез келген мерекеден бір ғажайып күтеді. Сол ғажайыпты Қызыр ата сыйлайды дегенді санасына сіңіруіміз керек. Біздің қуат алатын нәрсеміз – осы. Ұлыс күніне бір ай қалғанда қала көшелері ұлттық нақышпен безендіріліп, жайнап тұрса.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарихшы-ғалым, этнограф:

 

Қыс пен жаздың айтысы табиғатқа жақындатады

– Қазақ фольклорындағы жақсы дамыған жанрлардың бірі – қыс пен жаздың айтысы. Ұлыстың ұлы күнін балаларға арнаймыз десек, осы істі қолға алайық. Оған алдын ала да­йындық жүргізу керек. Қыстың ортасынан бастап әр деңгейде (балабақшада, мектеп­аралық, аудандық, облыстық) өткізіп, ақтық сынды күллі ел болып Наурызда тамашала­йық. Біріншіден, бұл айтыстың үлгісі барлық фольклорлық жинақтарда бар. Екіншіден, әр мектептегі ұйымдастырушылар (қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пәні мұғалімдері, әдеби-сазды үйірме жетекшілері, психологтар) өз тобын, сыныбын дайындап, игілікті іске үлес қосады. Еліміздегі мәдени-рухани іс-шараларды, әртүрлі тойларды ұйымдастыратын мекемелер осы айтысты ұйымдастыруды қолға алуы керек. Бұл шара мемлекет тарапынан да қолдау табуы тиіс. Бұрын біз табиғатқа етене бауыр басқан халық едік. Қазір осыдан ажырап қалдық. Қыс пен жаздың айтысы әр балаға адам мен табиғат арасындағы қарым-қатынасты, үйлесімділікті терең түсінуге мүмкіндік береді. Мәселен, күн мен түннің теңелуі – осы айтыстың бір тақырыбы.
Екіншіден, Наурыз тойында кеп думанын (маска шоу) балалар өте қызықты, тартымды етіп өткізер еді. Өйткені мерекелік ойын-сауық, тамаша-думан балалардың бәріне қызықты. Маска сөзі ертеде көп қолданылған. Кейін ислам діні кірген соң, бұл мәдениет бізден шығып кеткен. «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» жырында: «Қозы Баянның ауылына Тазша баланың кебін киіп, жасырынып келді» дейді. Жыл атын иеленген жан-жануарларды, құстарды кеп түрінде дайындауға болады. Мысалы, ортада 12 шыбық тұрса, оған 12 бала ие болады. Шығыр орнынан айналады да, ескі жыл кетіп, жаңа жыл келеді. Тауықтың кебін киген бала ойыннан шығып, иттің кебіндегі бала ойынға кіреді. Осы жерде ескі жыл мен жаңа жылдың айтысын, табиғат пен адамға қатысты викториналық сұрақтар сайысын да өткізуге мүмкіндік бар. Елордамыздағы бір-екі мектеп осы істі бастаса, қалған мектептер де алып кететіні сөзсіз. Ең бастысы, мен айтқан екі ұсыныстың үздік сценарийін жасап, бір мектепке беруіміз керек.

Ақеділ АСҚАРҰЛЫ, 3-сынып оқушысы

Асыға күтемін

– Наурызды асыға күте­сің бе?
– Иә. 8 наурыз, 22 наурыз мерекелері бар. 22 наурыз­да күн мен түн теңеледі.
– Мерекеде біреуден сыйлық алғың келе ме?
– Наурызда сыйлықты әкемнен күтемін. Қытайға барғым келеді. Ол жақта нағашы апам бар. Күтетін сыйлығым – сол.
– Қызыр атаның кім екенін білесің бе?
– Ол – пайғамбар.

Гүлвира ҚАСИЕТҚЫЗЫ, мұғалім:

Сыйлықсыз мереке балаларға қызықсыз

– Наурыз тойының кішкентай балалардың жүрегінен орын алмауының бір себебі – жасандылық көп. Шындығын айтсам, біз Нау­рызды әйтеуір бір өткізу керек мереке деп қабылдаймыз. Менің жаныма осы қатты батады. Мысалы, жаңа жыл шыршасының қайдан келетінін білмесе де, барлық балалар бұл мерекені асыға күтеді. Оған себеп – сыйлық алады. Сыйлық беру, әр балаға қуаныш сыйлау арқылы бұл мереке санасына орнығып қалған. Ұлыстың ұлы күнінде де осы тәжірибені іске асыруымыз керек. Менің ойымша, кішкентай балаларды тәттімен қызықтырайық. Орта және жоғары буын сыныптарда оқитын балалар бір-біріне ұлттық сыйлықтар тарту етсін. Ұл балалар қыздарға шашбау, ұлттық әшекейлер сыйласа, қыз балалар ұлдарға қамшы, асық тарту етсін. Бір ғана асық ойынымен балаларды қызықтыруға болады. Наурызда асық ойнаудан жарыс өткізейік. Жарыс жеңімпаздарын әр балаға қажетті сыйлықтармен марапаттайық. Сыйлық болған жерде бала да жүреді. Асық ойнаудан мектептер арасында қалалық чемпионат ұйымдас­тырайық. Жүлде қоры қомақты болсын. Бұған қоса, жаяу жарыс, қазақ күресі, арқан тартыс, жұмбақ айтыс, жыр-терме сайысын өткізейік. Наурызды жаңаша тойлау деген, менің түсінуімше, осылай.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды