«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Наурыз нұры

0 30

Елордада Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесі Сарыарқа ауданынан басталды. Аудан аумағында «Бауырсақ Time» фестивалі ұйымдастырылып, бір аптаға ды. Аудан аумағында «Бауырсақ Time» фестивалі ұйымдастырылып, бір аптаға жалғасты. Оның барысында 30 мың бауырсақ пісіріліп, халыққа таратылды. Астана Арбатында жергілікті өнерпаздар жұрттың көңілін көтерді. Мереке өткен сенбі-жексенбі күндері халықтық серуендерге ұласты.

Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының солистері, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Перизат Тұрарова, Жанаргүл Рахатқызы,
Жақсыкелді Маясаров, Прези­денттік оркестрдің солисі Айзат Қарабекова, домбырашы Құрманғазы Байтасов, Мәдина Ахметова, Олжас Сәбижан, Әйгерім Хасанова, Әсем Омарова, Айдана Смаханова және Бауыр­жан Нұрымбетов әннен шашу шашты. «Іңкәрім» хореография­лық ұжымы мың бұрылған билерді биледі. Көңіл көтеретін және спорттық ойындар ұйым­дастырылып, жи­налған жұртшылық «Қара жорға» биі қыздырды. Тойшыл қауым ұлттық салт-дәстүрлерді тамашалап, тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойындарға қатысты. «Мирас» аула клубының мүше­лері қазақ күресінің айла-амал­дарын көр­сетсе, «Сан-Сиро» мек­тебінің тәрбиеленушілері фут­болдан турнир өткізді.
Тұрғын алаптарда тігілген киіз үйлерде дастарқан жайылып, халық палаудан, бауырсақтан, мерекенің басты тағамы – наурыз көжеден дәм татты.


«Кейінгі екі жылда Астананың тұрғын алаптарын аралап, концерт беріп жүрміз. Наурыз мерекесі кезінде ғана емес, Астана күнінде де, ЭКСПО уақытында да ұйымдастырылған концерттерге қатыстық. Шеткі аудандар тұрғындарының қала орталығында өтетін концерттерге жиі қатысуға мүмкіндігі бола бермейді. Ал тұрғын алаптардағы мұндай іс-шаралар халық­тың көңілін кө­тереді, көрермен мерекені сезінеді. Өзіміз де мар­қайып қаламыз. Аталар, әжелер, ағалар, апалар, замандастарымыз, тіпті, балдыр­ғандарға дейін келіп, бар ниеті­мен, шын ықыласымен әніңді тыңдайды. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе, әрі шынайы шабыт сыйлайды. Нау­рыз – тіршіліктің бастауы, көзі, барлық нәрсенің жаңарып, күн мен түннің теңелетін уақыты, қазақтың айтулы төл мерекесі. Сондықтан бүкіл халық болып Наурызды ерекше күтеміз. Бұл – отбасылық мереке, татулыққа, береке-бірлікке шақыратын мейрам. Барша қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын» деді Клара Төленбаева.
Железнодорожный тұрғын алабының тұрғыны Базаргүл Қарабекова: «Біз үйіміздің ма­ңайында өткізілетін Наурызға арналған концертке жыл са­йын қуана келеміз. Мерекелік көңіл-күй сыйлағандары үшін ұйым­дастырушылар мен әртіс­терге алғысымды білдіремін. Бар­шаңызға денсаулық пен бар жақсылықты тілеймін» десе, Интернациональный тұрғыны Әсемгүл Сүлейменова: «Кон­цертке балалармен, көршілері­мізбен, достарымызбен бірге, бүкіл отбасымызбен келдік. Нау­рыз мейрамын ауданымыз­да алғашқылар болып атап өткеніміз жақсы. 21-22 наурызда қаланың басты алаңдарында өтетін мерекелік іс-шараларға да барамыз» деді.


Промышленный тұрғын алабының тұрғыны Ырысты Кенжебекова: «Бұл жерде көп халық тұрады. Наурыз жыл сайын тойланады, керемет әншілер келіп өнерін паш етеді. Биыл, міне, мереке балаларға, тұрғындардың дем алуы үшін арнайы салынған жаңа спорттық ойын алаңы бар шағын саябағымыз­да өтуде. Қыс бойы көрмеген таныстарымызды кездестіріп, арқа-жарқа болып жатырмыз. Бұл іс-шараның өскелең ұрпақ үшін де тәрбиелік мәні зор, салт-дәстүріміз көрініс табады, ұлттық ойындарымыз ұйым­дастырылады» деді.
Кеше Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйытқы болуымен «Ас­тана Наурызы – 2018» акциясы Керей және Жәнібек хандар ес­керткіші алдынан басталды. Бүгін де жал­ғасатын бұл шара бары­сында 5 мыңнан астам сыйлық ұсынып, 10 мыңнан аса құттықтау парақтарын тарату, 30-дан астам ірі нысандарды аралау, 100-ден астам көшені автобуспен аралап шығу жоспарланды.


21 наурызда Пригородный және Үркер тұрғын алаптарында, ал 22 наурызда Көктал-1 және Өнді­ріс тұрғын алаптарында, 23 нау­­рыз­да Сарайшық шағын ауда­нында мерекелік шаралар жалғасады. Осы күндері қалалық алаңда «Бауырсақ Time» фестивалі де кезекті рет өтеді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды