«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Нәуен хазіреттің мөрі

0 64

Бұл құнды мұра бүгінде Болатбек Әбіқаев ағамыздың шаңырағында тұр. Ол кісі мұны «бабамнан қалған көз» деп сақтап келеді. Жәдігердің тарихы да өткен ғасырдан сыр тартады. Торғай өңірінде имандылықтың нұрын сепкен Нәуен хазірет Нұртазаұлы деген адам өмір сүрген.

 

Бұл кісі Торғай уезінің алғашқы имамы болып, жұртты қайырымдылыққа, ізгілікке шақырған жан болыпты. Хазіреттің өнегелі істерін ел әлі күнге дейін ұмытпай айтып жүреді. Жалпы, бұл әулетке сөз бен кие қатар дарыған. Осы әулеттен шыққан Әбіқай Нұртазаұлы деген айтулы ақын өткен. Оны Торғайдағы ақындық мектептің бастауында тұрған айтулы тұлғалардың бірі деп айтуға болады. Ақынның өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдардағы сұрапыл аштық туралы «Тас мешін» деген поэмасын әдебиет білгірлері жоғары бағалаған.
Ал жәдігер туралы осы тектілердің тұяғы Болатбек аға бізге былай деді.
«Бұл мөрді Нәуен хазірет атам 1910-1913 жылдары қажылық сапарында бауырына салған жалғыз баласы Ахметхан Әбіқайұлына Мекке қаласынан арнайы соқтырып әкеліпті. Атам сол қажылық сапарында үш жыл жүріп елге оралған. Содан бері бұл мұраны әулетіміздің киесіндей ардақ тұтып, көзіміздің қарашығындай сақтап келеміз» деді ол.
Осындағы есімі айтылған Ахметхан деген ақсақал кешегі сексенінші жылдарға дейін өмір сүрді. Өзі ақын, өзі әңгімеші, шежіреші, марқұм Сейіт Кенжеахметов ағаны сөзімен айтқанда, «бір өзі бір театр болған» адам. Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаев «Үркер» романын жазып жүргенде Торғайға барып, Ахметхан қариядан Әбілхайыр ханға қатысты ел аузында сақталған көп деректерді жазып алған.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды