«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мюзикл қоятын мамандар тапшы

0 23

Қарағандының академиялық музыкалық комедия театры елордада гастрольдік сапармен болды. Бас шаһар жұртшылығына көрші қала өнерпаздары Максим Дунаев­скийдің «Алқызыл желкендер» мюзиклі мен Имре Кальманның «Баядера» опереттасын ұсынды.

Жазушы Александр Гриннің «Алқызыл желкендер» атты туындысын көпшілігіміз білеміз. Ассоль атты арудың өмірі туралы баян­дайтын, өткен ғасыр­дың алғашқы ширегінде жазылған бұл шығарманы композитор Максим Дунаев­ский мюзиклге айналдырды. Либретто авторлары – М.Бартенев пен А.Усачев. Қарағанды театрының репертуарына аталмыш туынды өткен күзде енген. Сол үшін Ресейден тәжірибелі режиссер Сусанна Цирюк арнайы шақыртылып, мюзиклді қойды.
«Баядера» опереттасын да ресейлік маман Людмила Налетова сахналады. Осы тұрғыдан алғанда, елімізде музыкалық шығармаларды қоятын мамандардың тапшылығы байқалады. «Астана Опера» театрының туындыларын да негізінен шетелден шақыртылған мамандар қоятынын көріп жүрміз. Мюзикл жанрын түлетеді деп үш-төрт жылдай бұрын «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы жанынан «Astana Musical» театры құрылды. Өнер ұжымының көркемдік жетекшісі болған белгілі режиссер Асхат Маемиров бірнеше қойылымды сахналады. Сәтсіз болды деп айта алмаспыз. Алайда режиссердің қызметі ауыс­ты. Театрдың «Нотр Дам де Пари» мюзиклiнiң өткен жылғы премьерасынан ке­йін ұжымда ауыз толтырып айтарлықтай жаңалық көрмей отырмыз. Бір байқағанымыз, елімізде театр мамандарын дайындауға мықтап көңіл бөлу керек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды