«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мюнхен мәмілесі

өзінің алдына қойған мақсатын орындай алды ма?

1 160

Бұрнағы күні Германияда кезекті 54-ші Мюнхен қауіпсіздік конференциясы өзінің жұмысын аяқтады. Бес күнге созылған мәртебелі мәслихаттың ұраны «Давос қауіпсіздік тақырыбы бойынша» болып аталды да, ол өзінің құрылтайына әдеттегідей әлемнің аттары мәшһүр саясаткерлері мен мамандарын жинады. Биылғы жылғы жиын жаһанды тәртіпке келтіру жүйесіндегі жаппай дағдарыс пен қауіпсіздіктің халықаралық режиміне төнген қатер төңірегінен ой тарқатты.

Дегенмен, конференцияның арқауы әлгіндей етіп алынғанымен, ол негізінен дүниежүзілік ауқымның басты ойыншысы ретіндегі Еуропа одағының болашақтағы рөліне, АҚШ пен Ресей арасындағы қарым-қатынастың ендігі бағытына көбірек көңіл бөлді. Жиында сондай-ақ Таяу Шығысты дүрліктіріп жатқан түпсіз жанжалдар, Парсы шығанағындағы елдердің бір-бірлеріне қырғи-қабақ қияңқылығы, Солтүстік Кореядағы ядролық сынақтардың зардаптарына алаңдаушылық секілді өткір мәселелер назардан назырқау көрген жоқ.
АҚШ президенті Дональд Трамптың 2017 жылдың соңында жария­ланған ұлттық қауіпсіздік стратегиясында әлем көгінде Американың мүдделері мен құндылықтарына қарсы тұратын Ресей мен Қытай секілді ревизионист елдердің пайда болғаны туралы тұжырым жасалды. Бұл өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басынан жер жүзін жалғыз өзі билеп-төстеген Құрама Штаттардың сол тізгіннен шындап айрылып қалғанын, ендігі жерде «күштер балансын» қайта қарауға тура келетінін айғақтайтын нақтылы фактор еді.
Мюнхен конференциясында да саясаткерлер осы тақырыпқа қайта-қайта айналып соға берді. «Батыс­тың қазір осы екі державадан басқа стратегиясы жоқ» деп мәлімдеді Германия сыртқы істер министрі Зигмар Габриэль. Ол осы екі елдің – Қытай мен Ресейдің «Еуроодақ беріктігін ұдайы тексеріп көріп, оның іргесін шайқалтқысы келетініне» кейістік білдірді. Сонымен бірге, форумда Трамп әкімшілігін осындай қысыл-таяң шақта Батыстың мүдделерін мансұқ еткен басты сатқын ретінде күстанау­шылық жиі орын алды. Бұл айыптауларда Вашингтонның «Америка бізге бәрінен артық» деген жөнсіз дабыл көтеріп, күрделі жағдайда одақтастар бірлігіне сыпыра сына қағып жүргені айтылды.
Алайда саясаттанушылар Батыстың бұл байбаламына жығыла түсіп отырған жоқ. Сарапшылардың пайымынша, мұндағы проблемалардың бәріне ең алдымен Еуроодақ елдерінің өздері кінәлі, олар соңғы он жылдағы қиындықтардың бәрін өздері жасап алып отыр. Ал Қытайдың экспансиясына немесе Ресейдің Шығыс Еуропадағы саясатына қатысты айтып жүрген қауіп-қатерлері екінші қатардағы мәселелер болып табылады. Форумда Брукинг институтының маманы Констанце Штельценмюллер: «Ресей мен Қытай (сондай-ақ Түркия мен Иран) біздің әлсіз жақтарымызды пайдаланып жүргенімен, қауіп-қатер олардан шығып жатқан жоқ» деп мұны мойындаған сыңай танытты.
Тегінде, Мюнхен мәжілісінің күн тәртібіне халықаралық қауіпсіздік мәселесінің ең өзекті жақтары ұсынылуы тиіс. Осыған байланысты белгіленген баяндамаға жетекші зерттеу ұйымдары, мемлекеттік құрылымдар мен ірі корпорациялар сарапшыларының соңғы жұмыстары пайдаланылады. Биылғы жылғы басты баяндама «Шектеудің шегі ме, шетке кету ме?» деп аталды. Онда жауабы жоқ сұрақтар «әлемді белгісіздіктің түнегі басып тұр» деген гөй-гөй діңгегінің түбінде ұршықша айналып, жаһанды басқару ережесінің бұрынғы қағидаттарына нұқсан келгенін айқын байқатып берді.
«Сарапшылар мен саясаткерлер енді күшейіп келе жатқан мемлекеттер қырғи-қабақ соғыстан кейін бірден өздерін «тараптар мүдделеріне жауапты» сезініп, әлем тәртібінің ымыраға келуі жолында күреседі деген болжам айтып еді, – делінген баяндамада. – Бірақ Қытай немесе Ресей сияқты державалардың мұндай кейіпте болуға ықыласты емес екені аңғарыла түсті, себебі олардың әлемді қалыптастыру жөніндегі көзқарастары бұдан басқаша болып шықты, сондықтан өз салаларындағы ықпалдарын күшейтуге көбірек мән беріп кетті. Соның салдарынан біз қазір жаһанның «көп қырлы, көп тәртіпті» болуының қарсаңында тұрмыз». Осылайша форумның басты тақырыбы жинақталған Батыстың жаңа жағдайдағы ахуалы қандай болуын талқылауға қарай бұрылып кетті.
Баяндамада сондай-ақ АҚШ-тың осы интервенциялық көңіл-күй күрт өсіп келе жатқан жаңа жағдайда одақтастары мен әріптестері алдындағы жауапкершілігінен қашып, сытылып шыққысы келетіні атап көрсетілді. Мұның билік басына Трамп әкімшілігінің келуіне байланысты күшейгені ашық айтылды. Ақ үйдің сыртқы саясаттағы тұрақсыздығы мен дәйексіздігі бұдан былай оның одақтастарымен және әріптестерімен арадағы қарым-қатынасын қиындататын болады. Вашингтонның жаңа әкімшілігінің халықаралық режимде көп жағдайда ешкіммен санаспай, біржақты шешім қабылдап кете беретін өктем әрекеті бір кездері тұтас болып тұрған Батыс әлеміндегі жалпы дағдарысты тек одан бетер ушықтыра түседі.
Шолу авторлары Еуроодақтың ішіндегі шиеленіске байланысты туған сенімсіздік, әсіресе, Brexit-тен кейінгі пессимизм өсіп келе жатқанына назар аударады. Бұған 2017 жылдың күзінен кейін Вашингтон әкімшілігі де қосылды. Еуропа бүгінде өзін әлеуетті де күшті одақтасы тағдырдың тәлкегіне тастап кеткендей күй кешіп отыр.
Форумда Ресейдің қазіргі сахнада қол жеткізген бірқатар талассыз тактикалық табыстарына елдің ішіндегі күрделі экономикалық ахуалдың айтарлықтай көлеңке түсіретіні де айтылды. Оның жоғарыда аталып өткен Батыспен арадағы «әлемнің тәртібіне» байланысты келіспеушілігі әлі жұмсара қойған жоқ. Енді климаттың өзгеруі және көші-қон тасқыны сияқ­ты бұрыннан бар проблемалар қатарына технологияның, бірінші кезекте киберқауіпсіздік мәселесінің қауырт өсуі қосылып жатыр. Бұлар факторлардың әлеуеті әлем тәртібінің іргесін шайқалту үшін молынан жетіп жатыр.
Мюнхенде Ресей мәселесі барынша екіұшты жағдайда талқыланды. Біріншіден, әңгіме Батыстағы дағдарыс турасынан арна тартқан кезінде екінші-үшінші сөйлемде-ақ міндетті түрде Мәскеудің аты сарт етіп шығып тұрды. Оларда Қырым мен Донбасс, батыс округтеріне милитаризация және кибершабуыл оқиғалары, сондай-ақ АҚШ пен Еуроодақ елдеріндегі сайлауларға араласушылық жайлары қозғалды. Екіншіден, осы проблемалардың қай-қайсысы да, жекелей алып қарағанда, нақтылықтан гөрі дабыраға көбірек ұқсап кетіп жатты. Бұған жоғарыда келтірілген Штельценмюллердің құлаққағысы өте дәл баға береді. Сонымен бірге, Мәскеудің әлемде көптеген халықаралық қауіпсіздік мәселелері бойынша баламасыз жетекші әріптес ретіндегі қалпын сақтап тұрғанына Мюнхен мәмілегерлерінің бірде-бірі күмәндана алмады.
Сондықтан да: «Біз қанша жерден өзіміздің демократияны қорғау жөніндегі ниетімізге берік болғанымызбен, стратегиялық тұрақтылық секілді сындарлы мәселеде Ресеймен диалог жүргізбей, онымен бірлеспей жұмыс жасай алмаймыз, өйткені мұның тәуекелшілігі тым жоғары» дегенді АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Джо Байден бекер айтқан жоқ. Ал биылғы жылғы ең күрделі мәселенің бірі Грузияның НАТО-ға құрамына кіру ықтималдылығы болатын сияқты. Американың «Мирас» атты қоры жыл ішінде осы мәселені зерттейтін көрінеді. Сөйтіп, мәміле іздеген Мюнхен мәслихаты керісінше келісім кеспірін біраз күрделендіріп жібергенге ұқсайды.

Серік ПІРНАЗАР

  1. Сафи :

    Дұрыс мақала екен. Жақсы талданыпты. Авторға респект!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды