МЫСЫҚТАР «ПАТШАЛЫҒЫ»

Өткен демалыстардың бірінде Бурабайға бармақшы болғанбыз. Кетуін кетеміз-ау. Бірақ біздің бұл ойымыздан мүлде бейхабар Бауырсаққа қарап, кәдімгідей күмілжідік. Бауырсақ деп отырғаным – үйдегі сары марғау. Оны қайда қалдырамыз?! Күніне екі рет келіп, уақытылы тамағын беріп тұруға келісетін таныстар жоқ. Бәрі жұмысбасты. Көмек іздеп, ғаламторды ақтардық. Сөйтсек, Астананың бірнеше бұрышында мысықтарға арналған мейманхана жұмыс істейді екен. Былайғы кісілерге күлкілі көрінгенмен, мұндай мекеннің шынымен қажеттігін мысық асырайтындардың түгелі түсінер. Сенбесеңіздер, қазір сіздің де көзіңізді жеткізейік.

Сырдария көшесінің бойында орналасқан әлгі орталықты тез таптық. Есік-терезелері ескілеу, айналасы қоршалған аласа үй екен. Үй иесі Людмила бізді құрақ ұша қарсы алып, төргі бөлмеге қарай бастай жөнелді.

– Қонақтарымыз тегіс мұнда, – деді сол жақты нұсқап.

Айтқандай-ақ, кірген бетте іштегі отыз шақты мысықтың барлығы бізге аңтарыла қарады. Әрқайсысын бір-бір жәшікке жайғастырып қойыпты. Сырты темір тормен бекітулі. Людмила оларды жағалай таныстырып жүр:

– Мынау – Франк! Өзі өте сабырлы. Балаларды жатырқамайды. Ал бұл – Алекс. Түрі үнемі тұнжыраңқы. Қаны майкон тұқымымен аралас, олардың қабағы салбырап тұрады. Сондықтан қашанда әлденеге ренжулі секілді кейіпте. Үшінші жәшіктегінің аты – Лолли. Оны көрген жұрт буаз деп ойлап қалады, негізі жай ғана семіз.

Қожайынның айтуынша, бұлардың көбісін әлдекімдер көшеде, подъезд маңайында, аулада қаңғып жүрген жерінен ұстап, осында әкелген.

– Мейманхананың бір күндік ақысы – 200 теңге. Онымен қоса, тамағы мен қопсытқышына 100 теңге төленеді. Әдетте, мысықты әкелгендер ақшасының көлеміне байланысты апталық немесе айлық ақысын бірден ұсынады. Кейде онысы тек екі-үш тәулікке жетеді. Ондайда «Кешір, саған енді ешкім ақы төлемейді» деп, қуып жібере алмаймын ғой. Жаңа иесіне жолықпайынша, оларды күтіп-бағамын, – деді Людмила.

Орталыққа түскен мысықтарды әуелі толықтай тексерістен өткізеді. Ауруы барын емдеп жазады, үсті-басын тазалайды, одан соң паспорт дайындайды. Паспортта мысық туралы бүкіл ақпарат тіркеледі. Асырап алуға ниетті кісілерге мысықты сол паспортымен бірге ұстатады. Үйде келім-кетім «мұртты қонақтар» жайлы мәліметті түртіп отыратын қалың журнал бар екен. Орталықтан кеткен мысықтың аты, туған күні, жаңа иесінің мекенжайы мен телефон нөмірі сонда жазылады. Бүгінге дейін бұл жерден 768 жануар аттаныпты. Оларды әкеткеннен кейін де иелері Людмилаға хал-жайын баяндап, суреттерін жіберуді әдетке айналдырған.

ERM_6135

Өкінішке қарай, кей мысықтар мұнда қайта оралып жатады. Иелері басқа қалаға қоныс аударатынын, отбасы мүшелерінің мысыққа аллергиясын немесе күтіміне қиналатынын сылтауратады. Мұндай жайт төрт аяқтыларға ауыр тиеді. Өйткені, жылы үйдегі атмосфераға, қолайлы ортаға үйреніп қалған олар осында келгенде кәдімгідей мазасызданады. «Гарфилд есімді тарғыл мысық болған. Жақсы отбасыға барды. Алайда, үш ай өтер-өтпестен иелері бізге қайта әкеліп тастады. Байғұс мысықтың қайғырғанын көрсеңіз! Қуысқа тығылып алып, күн ұзақ сонда жатады. Ауырмай-сырқамай, бір аптадан соң өліп қалды. Жүрегі жарылып кетіпті. Стресстен. Міне, олар да кез келген ситуацияны адамша қабылдайды, уайымдайды» деді Людмила мұңайып.

Мен мына келіншектің соншалықты мейіріміне таңғалдым. Әр жануарды өз баласындай жақсы көреді. Әңгіме арасында да мысықтарын еркелетіп, бастарынан сипап қояды. Олар да бұған әбден үйренген. Танауларын аспандатып, Людмиланың алақанын иіскелейді. Барынша сенетіндерін аңғартқысы келгендей, қысыңқы көздерін одан әрі сығырайтып, пыр-пыр етеді. Әсілі, хайуан екеш хайуан да дос көңіл мен дұшпан пиғылды ажырата білетін болып тұр ғой.

– Жиі ауыра ма? Ондайда не істейсіздер? – дедім артқы аяғына дәке таңылған мысықты байқап.

– Ой, сұрамаңыз. Көбінесе, кальцивироз, пеританит деген ауруларды жұқтырады. Ондайда Светлана атты ветеринар дәрігерімізге жүгінеміз. Біздегі мысықтарды сол маман емдейді.

– Қатты шығындалмайсыз ба?

– Рас, қаржы жетіңкіремей қалатын шақтар бар. Сол үшін үй мысықтарына арнап бөлек бөлме жабдықтап қойғанмын. Кейбіреулер демалысқа кетерде мысықтарын уақытша сонда қалдырады. Бағасы – күніне 1000 теңге. Есесіне, оған бүкіл қызмет түрлері кіреді. Жуындырамыз, ойнатамыз, таза ауада серуендетеміз, былайша айтсақ – «all inclusive». Осыдан түскен пайданы мысықтардың ем-домына жұмсаймыз. Әйтеуір, бастысы, үй өзіміздікі. Пәтерақы төлемеймін. Ол жағынан көп ақша үнемделеді. Дайын дүниеге ақша құртпай, қолдан істеуге тырысамыз. Мәселен, мына темір-терсекті күйеуіміз екеуміз даладан жинап келдік. Жуып-тазалап, ақ бояумен сырлап, тәп-тәуір жәшік жасадық.

Людмиланың қыздары да бос уақыттарында аналарына көмектеседі. Біздің жанымызда отырған кенжесі Ксюша мысықтың жарасын таңуды меңгеріп алыпты. Шалт қимылдап, жануарды қыңқ дегізбестен әп-сәтте тірлігін тындырып тастады. Епті-ақ.

– Батырсың, Рокки! Бұйырса, келесі жұмада дәкеңді шешеміз. Шауып кетесің! – деп мысығын бір сүйді де, тәрелкеге салынған «Вискасты» алдына жылжытты.

Әйткенмен, «Вискас» пен «Китекат» сияқты азыққа аса үйір болмау керек екен. Құрамында мысықтың денсаулығына зиянды, тәуелділікке түсіретін қоспалар болғандықтан, орталықтағылар бұл тамақты тек қолпаштау, марапаттау ретінде ғана анда-санда береді. Тыпыршымай, құлағын тыныш тазалатса, тәртіпке көндіксе, сыйға – жаңағы деликатес. Ал күнделікті асқа «Качао» атты өнімді пайдаланады.

P.S. Қыбырлаған тіршілікке қысастық қылмауды сәби кезімізден санамызға сіңірді ғой. Әлсіз жануарға әлімжеттік жасаудан аулақ болайықшы. Мысықты Пайғамбардың сүйікті жануары деседі. Мұнтаздай тазалыққа құштар «мұртты мақұлықты» мейірімге бөлеу де – үлкен жауапкершілік. Оны ауырсынған күннің өзінде далаға тастағаннан гөрі жануарыңызды жоғарыдағыдай орталыққа өткізгеніңіз жөн.

ERM_6122ERM_6207

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Сонымен қатар

ҮЙДЕ ИТ ҰСТАСАҢЫЗ…

«Асырауында үй жануарлары бар қала тұрғында­ры ауланы, кіреберісті, баспалдақ алаңын, лифтіні, балалар алаңын, жаяу жүргіншілер …

2 comments

  1. Толык нускасын кайдан алуга болады.

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған