Четверг, 22 Июнь 2017
-->

Мырзагелді КЕМЕЛ, экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі: Ақиқатты тану – өзіңді тану

Елордамызда түрлі салаларда еңбек етіп жүрген, қоғамның аяқ алысын жіті бақылап отыратын өрелі азаматтарымыз көп-ақ. Солардың бірі – Еуразия ұлттық университетінің профессоры, белгілі қоғам қайраткері Мырзагелді Кемел ағамызбен сұхбаттасқан едік.

3543543

– Ұлт тәрбиесі теледидарға, интернетке көшкен заман болды ғой. Жақында ғана Мырзатай Жолдасбеков көгілдір экрандағы келеңсіздіктерді сынға алды. Біздіңше, оны сынға алып қана қоймай, сол тығырықтан шығатын жолды да көрсету керек. Әлде бізде ондай адамдар жоқ па?
– Кезінде «Нұр Астана» деген әп-әдемі газет болды. Сонда «Телесағыз» деген мақалам шыққан. Мына бестомдық кітаптарымды шәкірттерім шығарды, соның 5-томында бар. Сол мақала «Газет сөзіне шүбәсіз сенетін, оның әрбір жолын мұқият оқып, астын сызып отыратын, теледидарда айтылғандарды қапысыз қабылдайтын адамдар шоғыры бар» деп басталған еді. Бүгінде сол шоғыр үлкен басымдыққа ие, яғни көрушілері өте көп. Өзімді мысал етсем, біздердің аналарымыздың қолынан ұршық түспейтін, мақтадан да, жүннен де жіп иіретін. Мақтадан алаша, жүннен кілем жасайтын. Нашарлау жүндерді жуып тазартып, бояп, бетінде әдемі өрнегі бар киіз басатын еді. Біздер де бірге жүретінбіз, бетіне оюлар салуға, шиге оралған соң ыстық су құйыстырып жүріп, тепкілеп пісіруге қатысатынбыз.
Әр ұрпақ 20-25 жылда ауысып тұрады, біздер 30-35 жасқа келгенде киіз төсеніш шаң жинайды деп, төсемеймізге шықты. Жұбайларымыз әрқайсысы таңертең мектепке сабағына, наубайханаға, мекемеге, мақта даласына асығатын болды. Бүгінгі ұрпақ – біздің жасымыз­дағылардың немерелері, таңда тұрып айфонға үңілгеннен көзі ұйқыға кеткенше қараумен күндерін өткізіп жатыр. Оқушысы да, студенті де солай. Жаһандану заманында бұған ты­йым сала алмаймыз. Заманның үрдісінде Америкадағы баламыз­ға ақша жіберсек, әрі кеткенде 2 сағатта жетсе, скайп арқылы олардың бет-жүзін көріп отырып сөйлессек, бұрынғыдай фотостудияға барып жүрмей, өзімізді-өзіміз суретке түсіріп «селфи» жасасақ, сабағымызға, жұмысымызға қажет ақпаратты интернеттен оп-оңай-ақ тауып алсақ, бұларды жақсы көріп, «балаларымызды бұзып жатыр, тәрбиені ата-анасы емес, сол ақпарат құралдары беріп жатыр» деп өкпелеуге бола ма?

– Сонда тығырықтан шығар жол қайсы?
– Әлеуметтік желілердің ішінде ең көп тараған «Фейсбук» желісінің авторы, осы желіні ашып миллиардер болған Макс Цукерберг өз балаларына бір күнде 2 сағат қана көруге рұқсат береді екен. Оны қадағалау­ға уақыты бола бермеген соң, тек белгіленген уақытта ғана іске қосылатын бағдарлама жасапты. Балаларымен келісіп, екі рет бөліп қарауға рұқсат беріпті. Біздердегі мемлекеттік мекемелерде жетілген ұялы телефонды ұстауға тыйым салынғаны өте дұрыс болды, мектептер мен оқу орындарында да солай міндеттеу керек. Жақын арада мынадай жаңалық енгізілмек: Сіз екі телефон ұстағанда екеуіне бір сим-карта саласыз, яғни ұдайы пайдаланатын телефоныңыз бен желілерге қосуға, суретке түсіруге болатын телефоныңыздағы нөмірлер бірдей болады, шатастырып алмайсыз, екі телефоныңызға бірдей қоңырау келеді. Сонда біреуін үйде қалдырып, алаңдамай жүре беруге болады. Өзіңізге-өзіңіз осылай шектеу қоясыз.

Енді Мырзатай аға айтқан телеэкрандағы келеңсіздіктерге келсек, бұл дүйім жұртты ойландырып жүрген нәрсе еді, айтқаны жақсы болды. Барлық каналдардың өз сайқымазақтары бар және олар бір-бірінен озуға өршелене тырысуда. Қазақтың қалпы, қазақтың мұңы сыртта қалып кеткен. Жұртты күлдіремін деп артық, тіпті, зиянды, экран түгіл, екеуара әңгімеде де айтуға болмайтын мәдениетсіздік жайылып кетті. Белгілі, озық деп жүрген Жанар Айжанованың өзі «Жетінші арна» каналында «наймандар, наймандар» деп рушылдықты ашық қоздырып жүр. Рейтинг деген нәрсе тыңдаушыны тәрбиелеуден тыс қалса, ол неге керек? Басты мәселе елге үлгі, өнеге сіңіру емес пе? Не істемек керек? Көпшіліктің есінде, 10-15 жыл бұрын телехабарлардың тепе-теңдігі үлкен мәселе болып көтерілген еді, сонда әуелгі кезде қазақша хабарлар мен орыс тіліндегі хабарлардың пайыздық таралуы бірдей болсын делінген еді. Сонда екі тілдегі хабарлардың тепе-теңдігін қазақшаны түн жарымына қойып теңестіргендер болған. Сосын қалай шешілді деңіз: күндізгі уақыттар, оның ішіндегі ең бағалы саналатын кешкі уақыттардың тепе-теңдігі талап етілді. Осылай теңестіру арқылы проблема шешілді. Бүгінгі телехабарларды да солай жасақтауға болар еді, мысалы: халық әндері, эстрадалық әндер, күй, терме, айтыс, театрлардағы үздік баға алған қойылымдарға сатиралық қойы­лымдарды, еліміздегі ұлттардың музыкасын, әлемдік классиканы пайызбен теңгермесе де, бірдей қарастыруға болар еді. Мүмкін, Ұлттық арна аталатын «Қазақстан» каналы осылай етуді бастар. «Ел арна» каналы осыған қызмет етер. Сайқымазақтарға барлық каналдарда да күн аралатып 1 сағат қана уақыт белгілеу керек. Олардың көрсетілу уақытын белгілеп, біреуінен кейін біреуін қуалап көргісі келгендерге де жағдай жасап қоялық. Ол – телеарналардың ісіне араласу емес, мемлекеттік реттеу! Экономиканы, әлеуметтік саланы, мемлекеттік басқаруды мемлекет тарапынан реттейміз, руханиятты бетімен жібере беруіміз халықты дұрыс тәрбиелемейді. Мен Өзбекстанды жақсы білемін, ол жерде дос­тарым бар, пікірлесіп тұрамын, солар біздің өзімізді-өзіміз мазақ етіп жүргенімізге күледі.

– Экономика демекші, әлемдік дағдарыстың келе жатқанынан-ақ елімізде уақытша экономикалық қиындықтардан шығудың алғышарттары жасалды. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай? Бұл қиындықтан қалай шығамыз?
– Қиындау болып жатқаны рас. Ел ішінде жүрміз ғой, қиындықты елде туберкулез дерті қайтадан пайда болғаны мен қалтаға түсетін ұрылардың әрекеттерінен байқаймыз. Бірақ құдайлығын айтсақ, 1998 жылдың аяғына дейінгі қиындықпен салыстырғанда ештеңе де емес, бұл қиындықты еңсеретін жолдар айқын. Тә­уелсіздігіміз нарық экономикасына көшумен қабат келгенде, бұрынғы сыртқы байланыстарымыз күрт үзілгенде, мұнай бағасы барреліне 9 долларға ғана бағаланғанда, шын тоқырау сол кезде болған. Соны да еңсергенбіз. Ғасыр басынан бастап тойындық. Тамағымыз да, киіміміз де, үйіміз де, көлігіміз де жақсарды. Автобуста көп жүремін, адамдар, әсіресе, әйелдер америкалықтар құсап семірді. Осы сәтте келе қалған дағдарыс біздердің асау болып қалғанымызды көрсетіп жатыр. Өздерінен көрмей, мемлекеттен көретін наразылар пайда болды. Мемлекет жағдайды жақсартуға не жасап жатыр дегенге келсек, көп істер атқарылуда. Мұнайға арқа сүйеп отыра берсек, Колумбияның кебін кешеміз. Сондықтан ­Елбасы жаңа экономикалық саясат ұсынды, 5 реформа – 100 нақты қадам бағдарламасын енгізді. Жезқазғаннан Бейнеуге тартылған теміржол Түркіменстан арқылы Иранға, одан әрі Таяу Шығыс елдеріне баратын жол ашылды. Иран мен Өзбекстан – біздің астығымызды сатып алушы елдер, енді оған дастарқан молдығын негізгі мәселе санайтын Таяу Шығыс елдері қосылады. Бұл – жаңа әрі ұзақ мерзімге арналған тиімді бағыт. Екіншіден, есіңізде болар, Елбасы барлық облыс орталықтары мен ірі қалаларға «Жүректен тараған артерия, Күннен тараған шұғыла» сияқты еуропалық стандартқа сәйкестелген көлік жолдары салынады деп еді. Сол құрылыс­тар біртіндеп іске қосылып жатыр. Үшіншіден, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» құбыры салып бітуге таяу, бұл жол бізге көп табыс әкеледі. Сол торап бо­йынша Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында тұтас аудандар газдандырылды, демек отбасының тұрмыстық жүгі жеңілдеді. Әрі сол торап бойында инфрақұрылымдар пайда болды, жұмыс істеуге құлшынып тұрған, өз өмірін өздері жақсартуға ұмтылғандарға жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр және жер-жердегі дәмхана, автотұрақ, шаштараз, көлік жөндеу орындарын жергілікті тұрғындар өздері ашуына мүмкіндік туды. Төртінші, Үдемелі индустрия­лық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы бесжылдығы мен одан кейінгі 2015-2019 жылдарға арналған бағдарламаның екі жылында көптеген жаңа өндірістер іске қосылды. Бір сөзбен айтқанда, болашағымыз жарқын. Еңбектенген адам өмірден өз орнын табады және игілікке жетеді. Қарыштап дамып жатқан, ішкі жалпы өніміміз жыл сайын 10 пайызға жуық өсім беріп жатқан 2001-2008 жылдары, алда келіп қалуы мүмкін қиындықтың алдын алу мақсатында алдын ала, 2000 жылы-ақ ­Президентіміз көрегендікпен Ұлттық қор құрып, соған қаржы жинақтауға кіріскен еді, бүгінгі дағдарыс сәтінде соның қызығын ел көріп отыр.

5435435435

– Біздің ойымызша, экономика деген – ақша. «Ақшаң болмаса адам емессің» дегенді жиі естиміз. Шынымен де, сондай ма, аға?
– Экономика деген қаржының өлшемі – молдық. Мемлекет болсын, өңір болсын, отбасы болсын, үш тұғыры болады: экономика, әлеуметтік қорғау, руханият. Экономикалық өсім болса, қаржы жеткілікті болады, қаржы молдығы болса, әлеу­меттік салаға қаржы көбірек жұмсалады. Әлеуметтік сала дамыса, жұрт рухани әлемін жетілдіретін болады. Қырғыз­дарда: «Мосының үш аяғының біреуі құласа – ілулі тұрған сүт төгіледі» деген мәтел бар, яғни бұл үшеуі қатар жүреді. Темір леди атанған, Англияның Премьер-министрі болған Маргарет Тэтчер: «Экономика деген – құрал, мақсат – жанды өзгерту» деген. Демек, адам материалдық тұрғыдан жеткілікті болса, білімге, денсаулыққа, спортқа, мәдениетіне көңіл бөледі. Бұлай болғанда адамның жаны да ізгіленеді.

– Бүгінде кітап оқитындардың қатары сиреп кетті деп байбалам салып жүрген жайымыз бар. Сөйте тұра, «қазіргі жастар білімді» деп қайта ақтап аламыз. Өзіңіз студенттерге сабақ беріп жүрсіз. Жастардың бойынан не байқайсыз? Білімге құштар ма олар?
– Бір кездері адамдар ыммен сөйлескен, одан кейін сөз пайда болды, одан жазуды үйреніп, Библия жазылды. Одан соң еврей Гутенберг баспа машинасын ойлап тауып, Библия көптеп таратылып, оны сынаушылар, соның үлгісімен өз кітаптарын ұсыну болды, ғылымда мұны плагиат дейді. Діни кітаптардың бәрінің мазмұны бір-біріне ұқсастығы осыдан. Бір кездері кітапты радио мен теледидар алмастырды. Одан әлеуметтік желіге аудық. Біріне-бірі қарсылықтар мен қайшылықтар арқылы өтіп, кейінгісі алдыңғысынан басым болды. Сондықтан мұны қалыпты нәрсе ретінде қабылдаған дұрыс. Бұған ренжігендер заманнан қалып қояды. Кітапты аудиожазбалар арқылы оқуға әдеттеніп, ең таңдаулы саналғандарын ғана сатып алып, сақтау керек. Жастар да осы үрдістердің алдыңғы сапында. Білімге құштарлары – көпшілік. Мен дәріс оқығанда: мұғалімді тыңдаңдар, бірақ олар өздерінің білгендерін ғана үйретеді, сондықтан оқулықтар, газет-журнал, интернет материалдарымен білімдеріңді өздерің өсіріп отырыңдар. Барлық пән бірдей керекті болмауы мүмкін, сондықтан басымдықты өздерің қажет санаған білімге көбірек беріңдер деймін.

– Жақында 5 томдық кітаптарыңыз шыққанын Фейсбук желісінен көрдік. Қолыма түскен кітаптарыңызды, мақала-сұхбаттарыңызды, желідегі мәнді ойларыңызды оқып, бір сәттік сезімнен туған ойлардың өзі көп адамға ой салатынына көзім жетті. Әбіш Кекілбаев ағамыз кезінде «Мәңгілік мәнін жоймайтын кітап» деп оң бағасын берген еңбегіңізден кейін бірнеше кітаптарыңыз жарыққа шығыпты.
– Жазушы емеспін. Ол қолымнан келмейді. Армандағанмын. Бірақ жете алмадым. Жете алмаған соң, шауып өтіп бара жатқан жүйрік аттың жалына жармасып, мінуге ұмтылмадым. Одан ештеңе шықпайтынын түсіндім. Жазушы деген – оқиғаны көркемдеп, әсерлеп жеткізуші, сөзді ойната білуші. Мысалы, Дүкенбай Досжанов сияқты. Жақсы жазушы еді. Бірақ жазғандарының 50 пайызын алып тастаса, одан да жақсы жазушы аталар еді. Арагідік сұхбаттас бола қалғанда, «осыны мен жазбағанда кім жазады?» дегенін естідім. Бірақ бәріне бірдей үлгерген жоқ шығар бәрібір.
Сонда кіммін? Жинақтаушы деп аталатын шығармын. Ізгілікті, парасатты, иманды ойларды жинақтаймын. 10-12 жасымда бастадым газеттерде, кітаптарда басылған үлгі боларлық ойларды дәптерлерге жазып алуды. Ол жылдары Құбығұл Жарықбаевтың әдеп, жантану мәселелеріне арналған афоризмдер жинағы ғана болды. Кейінірек Мұзафар Әлімбаевтың кітаптары шықты. Афоризмдер жинадым, олардың ұнағандарын қазақшаға аудардым. Тұтас еңбектерді де қазақшаладым. Оларды қазаққа қажетті нұсқада ғана жеткізуге тырыстым. Өйткені бұларды ешкімнің тапсырысымен емес, ақыға емес, өз жанымның қалауымен жасадым. Кейбіреу­лерін толық аудармадым. Мысалы, католик дінін көбірек мадақтайтын Пауло Коэльо деген бразилиялық жазушының орыс тіліндегі кітаптарының ішінен өнеге берерлік сөздерді ғана қазақшаладым.

Кайқаус 63 жасында: «Мeнің дүниедегi жиып-терген ең қымбат асыл заттарым – саған арнап жазған осы үгiт-насихат кiтабым» деген екен. Сіздің де «жиып-тергеніңізден» аларымыз көп екенін көріп отырмыз. Өзіңіз қай жазушыны өнеге тұттыңыз?
– Қызық сұрақ қойдыңыз. Әдетте әркімдерге: «Қандай кітап оқыдың?» деген сұрақ қойылып жатады. Олардың барлығы дерлік «Абай жолын», Мұқағалиды оқыған болып шығады. «Абай жолынан» бір оқиғаны мазмұндап айтып берші десең, ештеңе айта алмайды. Мектеп бағдарламасынан есіне қалғанды айтады. Мұқағалидың да әнге айналған өлең жолдарын есіне түсіруі мүмкін. Тереңдеп біліп алу аз. Ташкентте оқыдым ғой. Онда Науаи атындағы бір кварталды алып жатқан үлкен кітапхана бар. Сонда тұрақты оқырман болдым. Алдымен осыдан 1000 жылдай бұрын Қабус патшаның немересі, жаңа өзіңіз айтып отырған Кайқаустың ұлына арнап жазған «Қабуснамасын» оқыдым. Сол замандағы патшаларды білімсіз, ойына келгенін жасаған деу дұрыс емес. Олар ата-бабасынан осындай білімдар болмаса, бұл кітап туар ма еді? Омар Хайямның «Наурызнамасын» оқыдым. Әлішер Науаи, Әбілхасан Рудаки, Әбiлқасым Фердоуси, Насыр Хысрау, әл-Фараби, Әбу әли ибн Сина, Махмұд Қашқари, Қожа Ахмет Ясауи, Жүсіп Баласағұни, Абу Райхан әл-Бируни, Ахмед Йүгінеки туралы мәліметтер мен еңбектерін өзбек тілінде оқыдым. Кітапхананың жабық қорынан имам әл-Бухаридің «30 мың хадистер жинағын» оқыдым. «Бес бәйіт» деп аталған үнді даналығы «Панчатантраны» оқып, қазақ тіліне аударғанымда 18 жаста едім. Мұндай жауап күтпеп пе едіңіз? Институттағы бірінші стипендияма Алай базарынан Есениннің 3 томдығын сатып алдым, әлі бар. Высоцкийдің концертін, Андрей Вознесенскийдің, күні кеше марқұм болған Евгений Евтушенконың сұхбаттарын қуалап жүріп көрдім. Өзімнен он жас үлкен Асанбек атты ағам бар. Соның 1959 жылы шыққан «Абай» атты өлеңдер жинағы бар-тын. Ол кезде студент еді. Алдымен сол кітапты оқыдым. Менде әлі сақтаулы. Сосын ағама «Абай жолын» тауып беріңізші дедім. Жолымыз түсіп, Сарыағашқа Төлеген Айбергеновпен кездесуге бардық, сол жерден сатып алып берді. Бұл кітапты содан кейін 3 рет оқыдым. Ең соңғысы – осыдан екі жыл бұрын.
Үйімдегі кітаптарымның әлі керегі болар деген 600 дейінен басқа 4000 кітабыма, дос-тілектес азаматтар, марқұм Фариза апам бастап, Есенғали, Мереке, Әмірхан, Ғарифолла қосқан мыңнан астам кітапты қосып, туған ауылымдағы өзім 11 жыл оқыған мектебіме сыйға тарттым. 400 кітабымды Астанадағы «Отырар кітапханасына» сыйладым.

– О-о-о! Ренжімесеңіз, осының бәрі не үшін?
– Маған 2004 жылы Фариза апам: «Сен екі жаққа бөлінбе. Қорғадың, болды. Сені бәрібір ғалым деп мойындамайды. Одан да руханиятпен бол. Өз стилің бар, осымен айналыс» деді. Оны мақұл көрдім. Бірақ пендеміз ғой. «Докторлық жұмысты өзі жазды дейсің бе» дегендер болғанын ішім сезеді, оған қоса, ғылым деген – бір айналыссаң тереңіне тартып кететін иірім, ғалымдардың да әр түрі бар, біреулері ғылым жасаушы, біреулері ізденуші, құр қарап сырттан бақылап, сынағанша, еліміздің уығын тіктеуге қызмет еткеннің не айыбы бар, ізденсем, жазсам өзім үшін болса да, дұрыстау шығар деген пиғылда болдым.

– Ақиқатқа жеткен адам бар ма, сіздіңше?
– Жоқ шығар. Толстой жетпеген, Ақселеу жетпеген ақиқат қой бұл. Бірақ Сара Назарбаева із салған «Өзін-өзі тану» мектептерде пән болып оқытылып, ғылым болып қалыптасып келеді. Ақиқатты тану – өзіңді тану. Өзіңді тану – өзгелерді де қоса тану. Бұл – психология ғана емес, философия десек те толық болмас, осылар секілді ондаған ғылымды қосқан көп салалы ілім. Қожа Ахмет Ясауидың кесенесінің қақпасында жазылған: «Егер кім де кім өзін-өзі таныса, ол адам өзінің Құдайын да таниды» деген «Мұхаммед пайғамбар айтты» деген сөз бар. Ақиқат туралы Буддада да бар, үнді даналарында да, Шопенгауэр, Маркс, Ницшелерде де бар. Өзін-өзі танудан мектептер мен оқу орындарында мастер-класс өткізіп жүргеніме 15 жылдай болды. 5 томдық кітабымның 4-томы «Өзін-өзі тану» пәніне арналған 450 беттік хрестоматия «Ойтаным» аталады, оны «Бөбек» қоры мақұлдаған. Ақиқатқа ұмтылу – өзіңнің кім екеніңді тану, өзіңнен ұдайы сұрап тұру сияқты күнделікті жұмыс шығар…

– Өмір жолында қате кеткен, дұрыс шешім таппағандай болған кезіңіз болды ма? Жеке басыңызда қандай реніш, ауыртпалықтар болды?
– Осы жасыма дейін бір адам үстімнен арыз жазбапты. Депутат болған 11 жыл ішінде «мынаны қолда, мына заңды немесе шешімді мақтап сөйле» деген адам болған жоқ. Мұны мақтаныш етіп айтып отырғам жоқ. Ашық белсенділігім аз болған шығар, «бұл біз айтпай-ақ қолдайды» деген болар. Парламентте барынша мәселені жіті түсініп, саналы дауыс беруге тырыстым. Дегенмен кей жағдайда қате кеткен тұстарым бар екенін сеземін. «Ақиқатты іздеп алқындым…» деген өлең жолдары бар Фариза ақынның. Ақиқаттан ауытқымауға өзімше ұмтылдым деп малданғаныммен, кей сәттерде ештеңе жасауға жетерлік тырыспадым-ау деген уайым да бар. Мәселен, неге осы жылдар ішінде бүкіл халық ақша қуып кетті, соған тосқауыл боларлық шешімдер ұсынбадық; неге жұмысшы мамандық қадірсізге айналды; неге біз ипотека алуға көзсіз ұрындық, осыларға тосқауыл жасайтын орайы келген сәттерде неге үндемей қалдық деген мұңды ойлар бары рас. Ақиқатты іздеу деген алдыңа келгендерге, жиындарда әдемі сөйлеп, төрелік айтып қана отыра беру емес қой. Жазған шығармыз, жариялаған шығармыз, сөйлеген шығармыз, бірақ бүгін қиындыққа ұрындырып отырған жағдайларды кезінде көре алдық па, жоқ, көрмеген болып отырдық па деп ойланамын.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен: Гүлжан РАХМАН

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*