«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мың тағдырдың жазушысы

0 38

9 қыркүйек – қазақтың қабырғалы жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дүкенбай Досжанның туған күні. Осыған орай, Ұлттық академиялық кітапханада қаламгерді еске алу кеші өтті. Оған суреткермен өмірде жақын сыйласқан достары, әріптестері, оқырмандары жиналды.

Заңғар жазушы Әбіш Ке­кілбаев қаламдасы туралы жазған мақаласында «Жүрегіне сөз қасиеті қонған, табиғатына тарта туған, «болсын» деген ілгері тілеумен жүретін, баладай аңқау, анадай аңғал, ерекше дарын иесі сөзден сөйлем, сөйлемнен сурет көркемдеген жақсылықтың диқаншысы болып елестейді көзіме» деп айтыпты.
Дүкенбай Досжан – мың тағдырдың жазушысы. Оның шығармалары ұлттық бояу мен дәстүрге бай, адам жанының қатпарларына терең үңіле білуімен ерекшеленеді. Қаламгер көзі тірісінде 11 роман, 23 хикаят, 100 әңгіме жазып, оқырманы көп жазушы атанды.
Кеш барысында қалам­гердің жақын досы, курстасы Сұлтан Оразалин сөз зергерінің адами болмысы мен шығармашылығы туралы ой өрбітті.
– Дүкенбай – қазақ әде­биетінде өзінің орнын ойып тұрып алған саңлақтардың бірі. Оның өмірі де күрделі жағдайда өтті. Түрлі қиыншылықты да, қызықты да басынан кешті. Дүкеш өмірден өткелі де біраз жыл өтті. Бірақ оның кітаптарына деген қызығушылық толастаған емес. Мен оған арналған барлық жиындарына қатысып жүрмін. Оның өткен ғасырдың алпысыншы жылдары жазған әңгімелері мен повестері әдебиетте құбылыс ретінде қабылданды. Тарихи тақырыпқа да бірінші болып қалам тербеді. Жазушының жарыққа шыққан әр туындысына түрлі көзқарастар болды. Ол заңды да. Өзім оның алғаш жазған әңгімелерін өте жоғары бағалаймын, – деді ол.
Сонымен бірге Марат
Мәжитов, Орынбай Жанайдаров, Қуаныш Жиенбай, Жолтай Әлмашұлы секілді азаматтар да көрнекті қаламгер жайындағы өз естеліктерімен бөлісті.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды