«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Мылтықсыз майдан

0 51

Соңғы күндері Сирияның төңірегіндегі халықаралық жағдай күн сайын емес, сағат сәтінде өзгеретін шамаға жетті. Бұған АҚШ президенті Дональд Трамптың бұл елге қатысты байламы мен көзқарасының жиі ауысып тұрғаны негізгі себеп болуда. Ақ үйдің қожайыны осы мәселеге байланысты шешімін әр құбылтқан мезет Ресей әскери штабының әртүрлі деңгейдегі басшылары да қарап қалмай, жасалып жатқан қоқан-лоқыға өздерінің жауаптарын кідірмей жөнелтіп тұр.

Мұндай сөз шарпысу сәуірдің 11-і күні өзінің шарықтау шегіне жетті. Осы күні Дональд Трамп қысқа күнде қырық құбылудың нағыз классикалық үлгісін көрсетіп, бар-жоғы 3 сағаттың ішінде үш рет өз айтқандарынан айнып шықты. Ол алдымен твиттерге «Ресей Сирияға қарай жіберілген барлық ракетаны атып түсіретінін айтты. Дайындал, Ресей, себебі сол жаққа қарай жақсы, жаңа және «ақылды» зымырандар ұшып барады. Сендер өз адамдарын қырып тастап, содан рахаттанып отыратын хайуанмен дос болмауға тиіссіңдер» деп сүйкеп өтті. Бірақ арада небәрі 40 минут өткеннен кейін Трамп «Қазір біздің Ресеймен арадағы қарым-қатынасымыз, қырғи-қабақ соғыс жылдарын есепке алғанда да, барлық кездегіден нашар. Бұған негіз жоқ. Ресей экономикасы біздің көмегімізге зәру, барлық елдердің бірге жұмыс жасаулары үшін мұны оп-оңай жасай салуға болады. Жаппай қарулануды тоқтатсақ қайтеді?» деп басқа жағына қарай аунап түсті.
Сол күні Құрама Штаттар президенті аппарат мәжілісін өткізіп, өзіне жетіп жатқан ақпарлардың негізінен жалған мәліметтерден құралғаны үшін елдің бас прокурорының ит терісін басына қаптады. Ол әлеуметтік желіде Таяу Шығыстағы жағдайды бұрмалап көрсетіп отырғандардың дені арандатушылық жолына түсіп, эскалацияны қоздырып отырған фейк-аккаунт иелері екенін енді аңғарған сияқты. Сондықтан жиында айтқан сөзін жинақтап, тағы Твиттерге салып қойды. «Ресеймен арадағы көптеген қиындықтар Обамаға жұмыс жасаған адамдар ретінде Демократиялық партияның қошеметіне бөленгендердің жалған және сыбайлас сипаттағы тексерулерінен туындаған, – делінген онда. – Бәрінің ішіндегі ең жексұрыны (егер Розентайнды есепке алмасақ) – Мюллер… Олармен ешқандай да келісім болған жоқ, сондықтан бәрі жын ұрып жүр!».
Қазір әлем жұртшылығы Дональд Трамптың әлеуметтік желіге ерсілі-қарсылы жазып жатқан осындай жазбаларындағы түпкі ойының қандай екенін дәл айтып бере алмай дал болып отырған шақта, Жерорта теңізінің шығыс қапталындағы ахуал барған сайын ушығып келеді. Сирияның Ресей әскерлері тұрған Тартус портының қарсы бетіндегі бейтарап айдынға АҚШ-тың бортына «Томавгавк» ракеталарын тиеген «Дональд Кук» эсминеці келді. Теңіз жағалауындағы аспанның көгін Құрама Штаттардың барлау ұшақтары күні-түні шарлап ұшып жүр. Осы кезде күллі әлемді Пентагонның Сирияға соққы берер-бермесіне қатысты сұрақ мазалап отыр. Ал жазатайым соққы бере қалса, оған Ресейдің жауабы кешіктірілмейтіні сан мәрте айтылды.
Сирия тарапындағы дүрлігіс сәуірдің алғашқы аптасының соңында Шығыс Гутада үкімет әскерлері жергілікті тұрғындарға шабуыл жасап, хлор қосылған химиялық қару қолданды деген дақпырт тарағаннан кейін көтеріліп кетті. Іште буырқанып қайнаған ойы мен асып-төгілген запыранын тоқтатпастан төгіп тас­тауға бейімділігі білініп қалған Трамп сол бойда Башар Асадтың бұл үшін «қатты жаза алатынын» айтып салды. «Сириядағы ессіз химиялық шабуылда көптеген адамдар, соның ішінде әйелдер мен балалар қаза тапты. Айуандық жасалған ауданды Сирия әскерлері сырттан ешкім кіре алмайтындай етіп тарс жауып, қоршап тастады» деп жазды ол. Осыған орай улы газдан зардап шеккендерге медициналық жәрдем көрсету үшін «ауданның қоршауын шұғыл алып тастауды» талап етті. Мұнымен де тоқтаған жоқ, «жануар Асадқа» қолдау көрсетіп, қолтығына су бүркіп отырған Ресей мен Иранды садақтың оғындай сұғынып кіретін сын соққылардың астына алып өтті.
Америка лидері қыза-қыза келгенде, 2013 жылы осындай қауіпті қауесет қалқып шыққан кезде-ақ Сирияны біржола талқандап тастамаған өзінің алдындағы президент Барак Обамаға да жекіріп ұрсып, жекен суын ішкізді. Соның ыңғайында ол «Егер президент Барак Обама өзі белгілеп алған қызыл сызықтан аттап кеткенінде Сириядағы апат баяғыда аяқталған болар еді! Асад тарихтың қойнауында қалар еді» деп түйілді. Мұның алдында Ақ үйдің қауіпсіздік және терроризммен күрес жөніндегі кеңесшісі Томас Боссерт Думадағы химиялық шабуыл туралы ақпар тараған бойда Вашингтонның Сирияға соққы беру мәселесін қарайтынын мәлімдеген болатын. Мұның артынша Трамп мәселенің 48 сағаттың ішінде шешілетінін жариялап үлгерді. Ақырында бәрі оның соққы беруден бас тартуымен аяқталды.
АҚШ президенті алғаш айбат шегіп көтерілген кезде онымен ілесіп, Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй де, Франция президенті Эммануэль Макрон да әскери кемелерін Жерорта теңізі ауданына қарай аттандыратын болып қопаңдап еді, арада бір күн өткеннен кейін олардың екеуі де бұл ойларынан қайтып қалғандарын анық аңғарттты. Ал Германия канцлері Ангела Меркель әу бастан әскер жібермейтінін ашып айтты.
Мәскеу Шығыс Гутада химия­лық шабуыл жасалды деген хабарды бірден жоққа шығарды. Ресейдің Сириядағы жауласушы жақтарды ымыраға келтіру орталығының бастығы, генерал-майор Юрий Евтушенко бұл жерде арандатушылық орын алғалы тұрғаны жайлы мәліметті өздерінің бұдан бір ай бұрын жариялағандарын, енді соның шындыққа айналғанын айта келіп, Дума қаласынан «Джейш әл-Ислам» содырларын қуып шығару үшін онда Сирия армия­сы әскерлерінің жіберілгенін мәлімдеді. Қазіргі күндері мұнда Химиялық қару қолдануға тыйым салу ұйымының мамандары келіп, жағдайды тереңірек зерттеуге кірісіп кетті. Бұдан бұрын Думадағы аурухана қызметкерлері осы күндері химиялық шабуылдан қаза тапқан немесе ауруханаға жатқызылған бірде-бір адамның тіркелмегенін хабарлаған болатын. Осының бәрі АҚШ-тың Башар Асадтан құтылу үшін Сирияны қалайда талқандап шығуды алдына мақсат етіп қойып отырғанын байқатады. Осы орайда бұдан бірнеше жыл алдын АҚШ-тың Иракты тап осылайша ешбір жеткілікті себепсіз талқандап тастағаны еріксіз еске түседі.
Әзірге әлемнің екі лагерьге бөлінген жетекші елдері арасында мылтықсыз майдан жүріп жатыр. Оның бір жағын АҚШ пен НАТО бастаған Батыс елдері құраса, оған қарсы күш ретінде Ресей, Иран, Түркия және Сирия мемлекеттері тұр. Негізі, бұл текетірес өткен жылдың қазан айында басталды. Ол биылғы 1 наурызда Ресей президенті Владимир Путин Федералды жиналысқа үндеу арнағаннан кейін қарсы тараптың алғауымен қатты өршіп кетті. Осы ретте наурыздың 4-інде Ұлыбританияда әкелі-балалы Сергей және Юлия Скрипальдің белгісіз химиялық затпен уланып қалуы да, Сириядағы Дума қаласында бейбіт тұрғындардың үкімет әскерлері тарапынан химиялық шабуылға ұшырауы да қасақана ойдан шығарылып, белгілі бір себептерді көздеген тірліктер екені айқындалып қалған сияқты.
Ал оқ-дәрінің түтіні ұшпайтын үргедек жағдайда жүріп жатқан бұл майданның енді қанша уақытқа созылары белгісіз.

Серік ПІРНАЗАР

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды