«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Музыка мектебінің мәселесі мазалайды

0 19

Жуырда «Астана ақшамы» газетінде «Оңтайландырғаннан не ұтамыз?» атты мақала жарияланды. Осыған байланысты қолыма қалам алуыма тура келді.

Өзім 52 жыл педагогика саласында жүріп солақай сая­саттың салдарынан бала­лар музыка мектебі түгі­лі, қаншама қазақ мектептерінің жабылғанын көрдім. 1973-1984 жылдары арнайы жолдамамен қаймағы бұзылма­ған таза қазақ ауылдары бар Қорғалжын ауданында домбырадан дәріс бердім. Сол кезеңдерде музыкаға өте қабілетті балалар сабақтың бәрі орыс тілінде өтетіндіктен, бір-екі жылдан кейін тастап кетуге мәжбүр болатын. Қызмет барысында Минск, Таллин, Киев қалаларына барғанымда, аталмыш елдердің бәрінде музыка мектептері өз ана тілдерінде оқытылатынын көрдім. 1990 жылдардың басында №4 Жамбыл атындағы мектепке директордың орынбасары қызметіне келдім. Сол кездегі Білім министрінің орынбасары Шәмша Беркімбаевамен кездесуімнің нәтижесінде Целиноград қаласында 1991 жылы ең алғашқы Қазақ ұлттық музыка мектебін ашып, директоры болып тағайындалдым. Өкінішке қарай, сол жалғыз ұлттық деген сөз үшін бір жылдан кейін қаладан кетуге мәжбүр болдым. Ақмоладағы алғашқы ұлттық қазақ музыка мектебінің іргесін қалаған азамат ретінде оны жүзеге асыру маған жеңіл тимеді. Осы жылдары көрмеген қиындығым жоқ. 1992 жылы ұлттық музыка мектебіне немесе өзіме зияны тимес үшін еркімнен тыс жұмыстан кетуге мәжбүрледі. Содан бері бұл мектеп ұжымының басынан мәселе арылған емес. Қаншама рет көшіп-қонып жүрді. Бұл мектептен алдымен «Ұлттық» деген, одан кейін «Қазақ» деген сөздерді алып тастады. Қазір жай ғана «№1 Балалар музыка мектебі» деп аталады. Осы екі қасиетті сөздің кімнің тақиясына тар келгенін әлі күнге дейін түсіне алмадым. Қазіргі уақытта 1200 оқушы таза ана тілінде оқитын мектеп кезінде біздің ата-­аналарымыздың арманы еді.
Осы оңтайландыруды естігеннен бері ата-аналардың, ұстаздардың, зиялы қауымның мазасы кетуде. Ақыры не болмақ? Қосымша білімді оңтайландыру мәселесіне халық қалаулылары да назар аудара бастағаны қуан­тады. Біз үшін оңды шешім қабылданғаны маңызды.

Оспан СҮЛЕЙМЕНҰЛЫ,
ұстаз,
ҚР Білім беру ісінің
үздік қызметкері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды